Қорасы жайлы, жемшөбі сайлы

Уақыты: 24.01.2017
Оқылды: 2215
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жамбыл ауданы – аграрлы өңір. Мұнда ауылшаруашылығы, оның ішінде мал өсіру экономиканың басты саласының бірі саналады. Суықтөбе тауының етегіндегі Шиен ауылының мал иелері қылышын сүйретіп келген қыс қаһарына күнбұрын қамданып, қолдағы төрт түлікке қажетті азық қорын ерте бастан молынан дайындады.

Берекелі жаз берген ырысты ыждағатпен теріп, жемшөбін дер кезінде жинап алудың арқасында қыстан қысылмай шығатындарына шиендіктер қазір нық сенімде. Сондай ұсынықты шаруашылықтың бірі «Болашақ» шаруа қожалығы. Оның иесі Мұратбек Мырзақұлұлы еңбекқор жан. Қожалық негізінен мал өсірумен айналысады. Отарлап қой өргізіп, табынды сиыр ұстап, үйірлі жылқы қайырған кәсіпкердің жұмысы жемісті. Қыстаудағы малдарына қажетті азық қоры жеткілікті. Мың  данадан астам шөп орамы, 3 мың тонна сабан, тайланған 5 мың түк шөп пен тонналаған арпа жемі түлікті тарылтпай шығаруға берік кепіл.
Елді мекеннен шалғай орналасқан Бассу жайылымындағы қыстауы сондағы мал-жанға керектімен түгелдей қамтамасыз етіліпті. Малшы тұратын үй жылы, жылқышылар отын-судан, азық-түліктен  тапшылық көрмейді. Ашық және жабық қоралары дауыл мен жауын-шашынға берік пана. Таудағы қыстауы да қолайлы. Онда ашық күндері күнгей бетке қой жайылады. Табынды сиыры ауыл маңындағы қыстауда бағылады. Бір сөзбен қайырғанда, бірнеше ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің қора-жайы сайлы, малшыларының мұрты майлы.
Жамбыл ауданы.