Баршаға ортақ міндет

Уақыты: 26.01.2017
Оқылды: 2200
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісулық экологтар өңіріміздегі қоршаған ортаның жағдайы тұрақты деп тұжырымдап отыр. Ауа мен судың мөлшерден тыс ластанғаны тіркелмеген. Атмосфераға зиянды қалдықтардың шығарылуы да жыл санап азайып келеді. Осы маңызды жұмыста облыстық экология департаменті де белсенділік танытуда. Арнайы жүргізілген тексерістер барысында ұсақ заңбұзушылықтардың бар екендігі анықталған. Бүгінде департаментте сенім телефоны жұмыс істейді. Оған қоңырау шалатындар да жоқ емес.

Расында, еліміздің экологиялық қауіпсіздігі әр аймақтың табиғат жағдайына байланысты. Десе де,  Жетісу өңірі жер жаннаты деген атпен танымал. Оның үстіне Елбасының туған жері, өскен өлкесі. Оның экологиялық жағдайының заң талаптарына сай бақылауда болуы, басқа өңірлерге үлгі ететін жетістіктермен толығып отырғаны жөн.  Осыған орай, жыл сайын өңірімізде облыстық әкімдіктің ұсынысы, облыстық мәслихаттың шешімімен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысына және қайта жөндеу жұмыстарына, жаңадан салынатын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге, табиғат қорғау шараларының жоспарын бекітуге қыруар қаржы игеріліп келеді. 
Облыстық экология департаментінің ақпараты бойынша, жыл сайын  облыс аумағынан 800 мың тоннаға жақын тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Соның ішіндегі 450 тоннасы Алматы қаласының, қалған 350 тоннасы елді мекендердің еншісінде. Бүгінде облысымыздағы жинақталған қалдық көлемі         9,0 млн. тоннадан асады. Ал осы қалдықтың қаншасын өңдеп, керекке жаратып жатқанымыз туралы нақты ақпарат жоқ. Қайта полигондар мен қоқыс орындарының нормативтік талаптарға, санитарлық, экологиялық және құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес жабдықталмауы, көп сандағы жабайы қоқыс орындарының әлі де сақталуы экологиялық жағдайды қиындата түсуде. Бұл тұрғындар мен кәсіпорындар жұмысшыларының денсаулығына елеулі қауіп тудырады. 
Қатты қалдықтармен айналысу жүйесінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – оны жою дәрежесі. Тұрмыстық қатты қалдықтарды алғашқы сұрыптау немесе механикалық жолмен кәсіпорындарда өңдеу арқылы одан қара және түсті металл, пластмасса, шыны, қағаз сияқты бағалы бөлігін алуға және қатты қалдықтардың негізгі массасын органикалық тыңайтқышқа, жылу энергиясына, құрылыс материалдарына айналдыруға болады. Бірақ, бүгінгі таңда зауыт құрылысын қаржыландыру көзінің жүйелі жұмыс істемеуінің салдарынан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, өңдеу проблемасы облыста ашық күйінде қалуда.
Осы және басқа да келеңсіздіктердің алдын алу үшін облыстық экология департаменті облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен, жер қатынастары басқармасымен бірге жабайы заңсыз үйінділер орналасқан жер учаскелерін және жер иелерін анықтауға түгендеу жүргізген. Нәтижесінде, облыстағы 370 жер учаскесінен көлемі 1000 гектардан асатын тұрмыстық қатты қалдық жабайы қоқыс үйіндісі орналастырылған аумақ  анықталыпты. Осыған орай, 2015 жылы 56 заңбұзушылық анықталып, 55 айыппұл салу туралы шешім қабылданып,    1 714,4 мың теңгенің айыппұлы салынған. Сондай-ақ, ҚР Экологиялық кодексінің 321 бабына сәйкес тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды заңсыз орналастырғаны үшін 8 аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне және 31 ауылдық округ әкіміне талап-өтініштер айтылған. Сол қатарда мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың (МАЭС) шешімімен жалпы құны 4 248,1 мың теңгені құрайтын 20 талап-арыз қанағаттандырылып, оның 4 142,5 мың теңгесі мемлекетке қайтарылды. Ал өткен жылы жергілікті атқарушы органдарға 101 тексеру жүргізіліп, 104 заңбұзушылық анықталып, нәтижесінде құны 3 022,4 мың теңгені құрайтын 104 айыппұл салынды. Осыған орай,  экологиялық мәселелердің тізім-реестрі жасалып, бекітілген. Оған тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жою, атмосфералық ауа қабатын бақылау, мамандандырылған экологиялық бекет жұмысын ұйымдастыру,  Балқаш көлі мен Іле өзені төңірегінде туындаған мәселелер еніп отыр. 
Өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен айналысу саласындағы заңбұзушылықтың себебі – стандарттарды, нормаларды және экологиялық талаптарды сақтамау, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды орналастыру ережесін бұзу, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жою және залалсыздандыру, есебін жүргізу ережесін орындамауға байланысты орын алады. Мысалы, «Искер-Т» ЖШС-нің тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына  жүргізілген тексерісте олардың жерді қайта өңдеу іс-шараларына тарату қорын құрмағаны, қоймалау, залалсыздандыру және көму технологиясының бұзылғаны, шаруашылық жұмыстарын жүргізу нәтижесінде топырақтың мұнай өнімдерімен ластануына жол бергені анықталып, заңды тұлғаға 169680 теңге айыппұл салынып,  өндірілген. Көксу және Қаратал аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекция бөлімі полигондардағы табиғат пайдалану шарттарын орындамағаны, қалдықтарды қабылдау рәсімінің іске асырылмағаны себепті лауазымды тұлғаларға 190890 теңге айыппұл салынған. Талдықорған қаласындағы «Көркем – Талдықорған» ШЖҚ ҚКК-ға жоспардан тыс тексеріс өткізіліп, 2015 жылға қауіпті қалдықтар есебін өткізбегені, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес бақылау ұңғымасының жоқтығы, тұрмыстық қатты қалдық толған қазаншұңқырдың топырақпен жабылмағаны, коқыс тасу автокөліктеріне дезинфекция, залалсыздандыру  жүргізілмегені себепті 296940 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Жоғарыдағы кемшіліктерді жою үшін, ең алдымен, аса қауіпті өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алып, өңдеу және залалсыздандыратын халықаралық экологиялық талаптарға сай полигондар құрылысын қолға алған дұрыс болар. Ол үшін қалдық иелерінен алдағы кезеңде өздері шығаратын қалдық мөлшерін азайту шарасын енгізуін талап ету және екінші қайтара игерудің ұтымды жолдарын қарастыру керек. Мұндай тәжірибе әлемнің біраз  елінде мықты дамыған. Мүмкіндігінше сол тәжірибені елімізге енгізгеніміз жөн. Мұның өзі Елбасы айтқан дамыған отыздыққа енудің басты талабының бірі. Сондай-ақ, екінші дәрежелі қалдықтарды түр-түрімен сұрыптап, жинақтау жүйесін енгізіп, қалдықтарды залалсыздандыру мақсатындағы инфражүйе мен өндірістік қуатты дамыту да кейбір келеңсіздікті түзетудің жақсы тәсілі болмақ. Бұл үшін кіші және орта бизнестің, жалпы тұрғындардың ынтасын оятудың экономикалық және құқықтық механизмін жасаған жөн.

Қажет АНДАС