Қапшағай көркейіп келеді

Уақыты: 26.01.2017
Оқылды: 1609
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Қапшағай қаласына келді. Іссапар барысында шаһардағы бірнеше өндіріс орны мен құрылыс алаңдарын аралап, ондағы тыныс-тіршілікпен танысты.

Амандық Ғаббасұлын Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков қарсы алды. Алдымен қала әкімі облыс басшысын Кербұлақ ауданының аумағы аяқталған тұстағы жол жиегіне тігілген ақ шатырда өздерінің жоба-жоспарларымен таныстырды. Онда республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автокөлік жолы бойынан орын тебетін тойхана, дүкен, сауда жасайтын орындар сияқты халыққа қызмет көрсететін сервистік нысандардың жоба-жоспарлары мен кескін-келбеті назарға ұсынылды. Бұдан соң Қапшағай қаласының «Арна» өндірістік аумағынан орын тепкен «Маревен Фуд Тянь-Шань» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің азық-түлік өнімдерін өндіретін зауыт құрылысының жобасын көруге келді. 
Атшаптырым аумақты алып жатқан алаңда құрылыс жұмыстары жаңадан қарқын алыпты. Мәселен, қазір бұл орында жерді тегістеу шаруасы аяқталып, геодезиялық жұмыстары, электр, су және кәріз жүйелерінің құрылыс-монтаждау істері жүріп жатыр. Онда мәлім болғандай, бүгінде зауыт құрылысының жобасы мемлекеттік сараптаманың қарастыруында. Жобаның жалпы сметалық құны 6,4 млрд. теңге. Зауыттың жобалық қуаты тәулігіне 90 тонна тамақ өнімдерін шығаруға жетеді. Пайдалануға берілгенде 450 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Облыс әкімі жол бойынан орын тепкен «Грин Лэнд Алатау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешеніне де көңіл аударды. Ол жердегі жұмыс барысымен аталмыш кешеннің басшысы Алмас Дауытов таныстырды. Жылыжайдың жалпы өндірістік аумағы 9,3 гектарды құрайды. Жалпы жобалық-сметалық құны 4,7 млрд. теңге. Жылыжайдың бірінші кезеңі 2012 жылдың қараша айында, екіншісі өткен жылдың қазанында іске қосылыпты. 
Содан бері тынымсыз жұмыс істеп келе жатқан жылыжайдың бүгінгі тірлігі жаман емес. Голландық технологиямен жұмыс істейтін кешеннің өндірістік қуаты алты мың тонна қызанақ және қияр өндіруге қауқарлы. Былтыр барлығы 1693 тонна қызанақ, 1595 тонна қияр жиналыпты. Мұнда қазір екі жүзден аса адам еңбекпен қамтамасыз етілген. Олардың орташа жалақысы сексен мың теңге. Көгере құлпырып тұрған кешенге кірген мезетте-ақ ондағы жүріп жатқан қызу тірлікке тап боласың. Әсіресе, тазалыққа ерекше мән берілген. Бір сөзбен айтқанда, бәрі өз орнында. Балғын көкөністердің иісі мұрын жарады. Арнайы жіппен жоғарыға қарай өрмелете өсірілген қызанақтар анадайдан менмұндалап, көздің жауын алып тұр. Ал олардың дәмі тіл үйіреді. 
Біз барған сәтте жылыжайдағы еңбеккерлердің бірі жаңа піскен көкөністерді теріп, жинап, арнайы қораптарға салып жатса, енді бірі оларды күтіп-баптап, әркім өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда екен. Жалпы, бұл жердегі жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылыпты. Тек, арнайы тетікті дұрыс басқарса болғаны. Алдағы уақытта газ келсе, кешен аумағы тағы бес гектарға ұлғайтылмақ. Елге берер пайдасы мол игілікті істерді көрген облыс әкімі бұл жердегі тірлікке өз ризашылығын білдірді. Айта кетейік, бұл жобаны «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының несие комитеті қаржыландырыпты. Келесі кезекте қаланың бірінші шағын ауданындағы нөмірі он жеті, он сегіз және он тоғызыншы көпқабатты тұрғын үйлердің алаңына келіп табан тіреді. 
Бұл үйлердің ауласын күтіп ұстау «Әсем» пәтер иелері кооперативінің еншісінде екен. Наурыз айынан бастап осы үйлердің маңындағы балалар ойнайтын он алаң 100 млн. теңгеге абаттандырылып, көркейтілмек. Асфальт төселіп, жарықтандырылып, орындықтар қойылатын болады. Бүгінде бұлардың жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Облыс басшысы бұл жұмыстарға айрықша көңіл бөлу қажеттігін тапсырды. Орталық саябақтағы құрылысы аяқталмаған төрт жүз орынды Мәдениет үйінің ғимаратына да ден қойылды. Амандық Ғаббасұлы сол жерде жауапты тұлғаларға тапсырма жүктеп, аталған нысанды заман талабына сай әрлеу керектігін және оған қажет құрылыс бұйымдарының бүгінде жеткілікті екендігін қадап айтты. Жобалау жұмыстарының жалпы сметалық құны 50 млн. теңге. Жобаны іске асыру биылдан бастап келесі жылға дейін жалғасады. 
Сонымен бірге Қапшағай су қоймасындағы жағажайларға да мән берілді. Жағажайды көруге келген Амандық Ғаббасұлы мұнда  адамдардың алаңсыз демалуы үшін ыңғайлы жағдайдың бәрі қарастырылуы керектігін және сол жерге салынатын нысандардың барлық талап үдесінен шығуы тиіс екендігін қаперге салды. Жалпы аумағы 8,2 гектарды құрайтын бесінші және алтыншы жағажайларды ретке келтіруге биыл 265,0 млн. теңге қаражат қарастырылған. Облыс басшысы бұл жұмыстардың алдағы уақытта да бақылауда болатынын ескертті.

Айгүл Байбосынова
Қапшағай қаласы.