Алтын сусып кетті

Уақыты: 07.02.2017
Оқылды: 1452
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сенбі күні «Алатау» шаңғы биатлон кешенінде биатлонның спринттік жарысы өтті. Бұл сында ел құрамасы Галина Вишневскаяға сенім артты. Естеріңізде болса, доданың бірінші күні күмісті қанағат тұтқан Галина келесі сында алтын аламын деп уәде берген болатын.

Айтқанындай 7,5 шақырым қашықтықты еркін бағындырған Галина алтынды уысына түсірді. Ертесіне он шақырымдық қашықтықта алтынға қол жеткізе алмады. Алдыңғы алтынға тоқмейілсіп қалды ма, жарыс кезінде қателік жіберді. Бірінші айналымнан кейін нысана көздеуде өрескел қателікке бой алдырды. Жатып ату кезеңін шатастырып, тұрып атқан Галина жарыстан шеттетілді. Сонымен қолда тұрған Универсиаданың алтынын сусытып алды. Ал жексенбі күні алтын болады деген үміт басым еді. Спорттың басқа түрлерінен алтынмен толығып жатты. Жанкүйерлер де күнде алтын алғанға дәмеленіп қалды ма, күміс пен қола тиген күні көңілдері пәс болып, шаттықтың қарқыны бәсең тартады. 
Сонымен жексенбі күні эстафеталық ойын өтті. Бірінші кезекте қыздар шықты. Басшылық Галина Вишневская мен Дариа Иссановаға сенім артты. Жарыс жолына шыққан қыздар тамаша өнерімен айшықталды. Бірінші болып Галина жүрді. Ол өзіне берген уақытты сәтті орындап, нысана ату кезінде де мүлт кетпеді. Эстафетаны екінші болып алған Дариа да қателікке бой алдырмады. Шаңғымен жүру кезінде қарқынды үдеткен Дариа жалпы уақытта бір жарым минутты артық әкеп ұлдарға табыстады. Өкінішке орай сенім артқан Антон Пантов пен Василий Подкорытов бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Қыздардың еңбегін еш кетірген ұлдар, ату кезінде де нысанаға дөп тимей, уақыттан қалып қойды. Нәтижесінде орыстарды алға шығарып алып, мәреге жиырма төрт секунд кешігіп жетті. Осылайша күміс жүлдені қанағат тұтты. 
Сол күні «Балуан шолақ» спорт кешенінде шорт-тректен жарыс өтті. Мұз үстінде зулаған конькишілер көрермендердің делебесін қоздырды. Қазақ елінің намысы Нұрберген Жұмағазиевта болды. Алғашқы айналымнан бастап төртінші орында келе жатқан Нұрбергеннің бағы жанды. Алдында келе жатқан жапон спортшысы соңғы сәтте құлап, біздің спортшыға жол ашылды. Осындай мүмкіндікті жақсы пайдаланған Нұрберген Оңтүстік корей спортшыларынан кейін үшінші болып, қола жүлдені місе тұтты.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ