Мемлекет қолдауы тиімді

Уақыты: 07.02.2017
Оқылды: 1310
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өзен жағалағанның өзегі талмайтыны ақиқат. Бүгінде Қаратал өзенінің бойында орналасқан Қаратал ауданы мал шаруашылығына ден қойған аймақ. Нәтижесінде өңірде 936 шаруа қожалығы тіркеліп, шаруалар тіршілігінің жаңа бір серпілісі байқалуда. Ал өз кезегінде бұл мүмкіндік аудан орталығында орын тепкен «Үштөбе – Айдын» ЖШС-нің сүт және сүт тағамдарын өндіру жұмысының жандануына өз септігін тигізуде. 

Қазірде кәсіпорын тәулігіне 15 тонна дайын өнім шығарады. Әзірге мұнда сүт тағамдарының ірімшік, қаймақ, айран, май сынды оннан аса түрі  дайындалады. Зауыт елде алғашқылардың бірі болып «Ақылды тағамдар» өндірісін, яғни йодталған белок пен құнарланған сүт өнімінің өндірісін жолға қойды. Бүгінде аталған өнімдерді қарапайым тұрғындардан бөлек, білім беру және медицина саласының нысандары тұтынуда. 
Бұрындары мұнда сүтті Қаратал, Ақсу, Көксу аудандары тұрғындарынан сатып алып өңдейтіндіктен сақтау мәселесінде қиындықтар туындаған. Осы себепті де аталған өңірлерден жиналған шикізатты бірқалыпты температурада сақтау үшін 2015 жылы «Даму Өндіріс II» мемлекеттік бағдарламасы аясында 21,0 млн. теңгеге несие алып, қабылдау орындарына сүтті салқындатуға арналған 1 және 2 тонналық 25 қондырғы сатып алынған. Осылайша зауыт өндірісті кеңейтіп қана қоймай, жабдықты да жаңғыртып үлгерген.
Серіктестік директоры Сейілхан Базархановтың айтуынша, Елбасы Н. Назарбаевтың жаңа Жолдауының мәні зор. Бүгінгідей бәсекеге қабілеттілік сынға түсетін заманда кәсіпорын ең алдымен өз өнімдерінің сапасына және бағасының қолжетімділігіне баса назар аударуы керек. Ол үшін саяси құжаттағы бірінші, екінші басымдықтардың, яғни, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы мен бизнес ортаны түбегейлі жақсару және кеңейту мақсатындағы қадамдардың мүмкіндігі мол болмақ. 
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында: «біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету» деген болатын. Осы орайда бұл мақсаттың өңірлік жерлерде жүзеге асуына біз де өз үлесімізді қосқымыз, әрі Жолдауды бірауыздан қолдайтынымызды жеткізгіміз келеді, – дейді Сейілхан Базарханұлы. 
Өз үлесі демекші, мемлекеттік қолдаулар арқасында керегесін кеңейте түскен компания келешекте Ақсу ауданының Қапал ауылында шағын сүт зауытын ашуды да жоспарлаған. 

Қозыбай ҚҰРМАН
Қаратал ауданы.