Шалғай ауыл жағдайымен танысты

Уақыты: 07.02.2017
Оқылды: 1543
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы халыққа арнаған Жолдауы алыс ауылда әңгіме өзегіне айналды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов шалғайдағы Айдарлы ауылының тұрғындарына маңызды құжаттың басым бағыттарын түсіндірді. Халық қалаулысымен аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ертас және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұмабек Шажабаев бірге еріп жүрді.

Аудан орталығынан 140 шақырым жырақта жатқан елді мекенге келген Серік Әбікенұлы бірден осындағы Мәдениет үйіне ат басын тіреді. Күрті жазығындағы 1290 ғана тұрғыны бар шағын ауылдың ең көрікті орны да осы. Бес жыл бұрын пайдалануға берілген нысанның көрермен залы 132 орынға арналған. Іші кең де жарық мәдениет ошағымен депутатты ауыл әкімі Марат Айбасов таныс­тырды. «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымы, 8 мың 500 кітап қоры бар ауыл кітапханасы осында орналасқан. Халық қалаулысы Мәдениет үйінің директоры Әлия Терлікбаева, кітапханашылар Салтанат Ибраимова мен Шолпан Байболовадан жұмыс жайын сұрап білді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Саламат Ауданов тұрғындардың тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Мұндағы негізгі кәсіп – мал шаруашылығы. Бір ауылдың өзінде 50 мың қой бар. Серік Әбікенұлы ел дамуын жаңа деңгейге көтеруді көздеген Жолдаудың мән-маңызын, енді ауыл әкімінің өз бюджеті болатындығын айтты. Өзі бұдан бірнеше жыл бұрын осында келген бір сапарында бұл ғимараттың бүлініп, қаңырап бос тұрған күйін көріп қынжылғанын, мемлекет есебінен күрделі жөнделуіне ықпал еткенін еске алды. Халық игілігіне қызмет етіп тұрған қазіргі жағдайына ризашылығын білдірді. Кітапханамен танысып, ән және би үйірмелері жұмыс істейтін Мәдениет үйінде музыкалық аспаптардың жеткіліксіздігіне назар аударды.
Айдарлы орта мектебінде ұстаздармен кездескен депутат Жолдауда айтылған заман талабына сай білім беру, әлеуметтік саланы дамыту жайларына тоқталды. Білім орнының директоры Жібек Мақанова бастаған мұғалімдердің ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріне жеміс тіледі. Бұл мектепте 169 оқушы, 24 педагог бар, 25 балаға арналған шағын орталық жұмыс істейді. Серік Әбікенұлы, сондай-ақ, ауылдық дәрігерлік амбулатория ұжымымен жүздесті. Емдеу мекемесінің меңгерушісі Меруерт Шалабаевадан тұрғындар денсаулығын сақтау жұмыстарына қатысты мәселелерді сұрап білді.


Айдарлы ауылы, 
Жамбыл ауданы.