Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Уақыты: 16.02.2017
Оқылды: 1482
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 28 жыл толып отыр. Осыған байланысты өңіріміздегі Ауған соғысының ардагерлері Талдықорғандағы ескерткіш- монументке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары  Жақсылық Омар және өңірдің барлық ауданынан келген ардагерлер, сарбаздар, оқушылар қатысты. Жиналған жұртшылық алдымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, содан соң Ауған соғысының ардагерлеріне қойылған монументке тағзым жасады. 
Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Осы жайлы айтқан қалалық Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Мұхтар Ахымжанов басшылыққа алғысын білдірді. Ол:
– Әр жылдың 15 ақпанында гүл шоқтарын қойып, еске алу күні атап өтіледі. 25 желтоқсанда Ауғанстанға кірген күніміз, бүгін Кеңес әскерлерінің шыққан күні деп тағзым жасап, түрлі шаралар ұйымдастырып жатқаны осы басшылықтың арқасы. Облыс әкімі жыл сайын бір рет берілетін жиырма бес мың теңге көлеміндегі сыйақыны биыл 50 мың теңгеге жеткізді. Сонымен қатар ай сайынғы қаржылай көмегін алып отырамыз, – деді. 
Ауған соғысының аяқталғанына орай қаламызда түрлі шара өткізіледі. Батырларға арналған әрбір игілікті іс ол – өткенге құрмет. Сонымен қатар ардагерлердің жастарға патриоттық тәрбие беріп, отаншылдыққа баулитыны анық. Өйткені Отан үшін оқтан қаймықпағандар кешегі ісі батырлық, бүгінгі әр сөзі тарих. 
Иә, сол кездері Отан алдында адал қызмет атқарып, елі мен жері үшін сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан ардагерлерге құрмет көрсету болашақ ұрпақтың борышы.

Айдар ҚАЛИЕВ