Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

Уақыты: 20.02.2017
Оқылды: 2626
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауған соғысы ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Жыл сайын 15 ақпанда олар бір-бірінің амандығын біліп, мәңгілік алауға бақилық болған достарының рухына арнап гүл шоқтарын қояды. Биыл да Жетісу жерінің барлық аймағында Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, кездесулер өткізілді. Облыс орталығындағы Тіл сарайында өңір басшысы Амандық Баталов Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, оларды толғандырған мәселелердің шешімін табуға көмектесетінін жеткізді.

«Дөңгелек үстел» отырысын ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі:
– Біздің елімізден Ауған соғысына 22 мыңнан астам азамат қатысыпты. Оның 924-і соғыс даласында көз жұмса, 1015 жауынгер  еліне мүгедек болып оралды. Одан бөлек, 21 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Олардың бәрі ерліктің, қаһармандықтың үлгісін көрсетті, – деп интернационалист жауынгерлерге көрсетілер құрметтің аз болмауы керектігін айтып өтті. – Олардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сіздер осы бағытта көптеген жұмыс жасап жатырсыздар. Бүгінгідей озық технологияны  меңгерген жастарды патриоттық тәрбиемен сусындату керек-ақ. Өйткені бүкіләлемдік интернет желісі арқылы көптеген зиянды, жағымсыз мәліметтер еш кедергісіз келіп жатыр. Ондай теріс ықпалдан  өскелең ұрпақты құтқару өздеріңіз секілді отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың қолында. Өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік салаларында жұмыс істеп жатсаңыздар да ұрпаққа әскери-патриоттық тәлім-тәрбие беріп келесіздер. Соның арқасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырсыздар. Осындай қызметтеріңіз үшін сіздерге шын жүректен рахмет айтқым келеді.
Бұдан соң сөз кезегін алған облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының үйлестіру кеңесінің төрағасы Ержан Данабеков Жетісу жеріндегі ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері жөнінде айтып өтті. Оның айтуынша, Ауған соғысы ардагерлерінің арасында мүгедек болып келгендерге берілетін арба, аяқ протезі сынды медициналық құрылғылар жетіспейді, қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік қажет. Сонымен қатар, кейбір ардагерлер әлі күнге пәтерден пәтерге көшіп, баспанасыздықтың зардабын тартып келеді. Одан бөлек, дәрігердің қабылдауына кезексіз кіруге мүмкіндік берілуін сұраған Ержан Сүлейменұлы Ауған соғысының ардагерлерін шипажаймен қамтамасыз ету керектігін де ескертіп, соғыстан оралған соң жасына жетпей қайтыс болған ауғандықтардың артында қалған жесірлері мен балаларына көмек берілсе деген өтініш жасады. Сондай-ақ, мектептер мен кәсіптік оқу орындарында жастармен өтетін кездесулердің мерзімін алдын ала келісуін сұраған ардагер спорттық ойындар жиі өткізілсе деген тілек айтты. Аудандарда тұратын Ауған соғысы ардагерлерінің үй салуына мүмкіндік қарастыру мәселесі де көтерілді.
Ардагерлерді мұқият тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов көтерілген мәселелерге жауапты сала мамандарын жеке-жеке тұрғызып, нақты тапсырмалар берді. Соған орай Ауған соғысы ардагерлеріне қажетті көмек берілетін болды.

Мәди АЛЖАНБАЙ