Ұлттар дәстүрі айшықталады

Уақыты: 21.02.2017
Оқылды: 1271
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«ЭКСПО – 2017» көрмесін ойдағыдай өткізуде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне артылатын жүк салмақты. Өйткені, көрме аясында қатысушы елдердің ғылым мен техникасындағы жетістігі ғана емес, өнері мен мәдениеті де сынға түседі. Осыған орай, еліміздің  мәдениет пен өнер майталмандары көрме кезінде көрсетілетін іс-шаралардың кешенді бағдарламасын жасауға белсене кірісті. Бұл туралы жуырда Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Көшпенділер
өркениеті
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразханның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі, «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп, көрменің мәдени ойын-сауық іс-шараларының кешенді бағдарламасын әзірлепті. Бағдарлама бойынша, көрме кезінде  3,5 мыңға жуық мәдени және спорттық шара өтеді.
Кешенді бағдарлама бойынша түрлі жанрда қазақстандық және шетел шығармашылық топтары мен орындаушыларының, сонымен қатар, еліміздің жас дарындарының қатысуымен  3,5 мың мәдени және спорттық шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, еліміздегі барлық ұлттың мәдениеті мен өнерінің жетістіктерін кеңінен, жан-жақты таныстыруды көздеп отыр. «Қазанат» ипподромының аймағында 2500 шаршы метр аумаққа орналасатын «Этноауыл» этномәдени кешені қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін көрсетудің орталығына айналады. 
Этноауыл келушілерді қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, өнері және дәстүрлерімен таныстырып, әлемнің әр түпкірінен келген қонақтың әрқайсына көшпенділер өркениетінің этномәдени ортасын, өтіп кеткен ғасырлар тарихын сезінуге мүмкіндік береді.

Арнайы сайт
ашылды
Мәдениет және спорт министрлігінің Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясындағы мәдени ойын-сауық шаралардың ақпараттарын қамтамасыз ететін ресми  expo2017culture.kz интернет-сайтының жұмыс істейтінін ресми мәлімдеді. 
– Аталған веб-портал қазақ, орыс және ағылшын тілінде қызмет етеді. Шаралар өтетін күні мен уақыты арқылы іздестіріледі. Сондай-ақ, мәдени ойын-сауық шаралардың интерактивті картасы әзірленген. Бұл картада жаппай мәдени шаралар белгіленген. Осы белгіні  басу арқылы қажетті ақпараттарды алуға болады. Сондай-ақ, портал арқылы қажетті шаралардың билетін де сатып алуға мүмкіндік жасалған. Кері байланыс арқылы кез келген пайдаланушы орналастырылған арнайы қызметке кіріп, толғандырған сауалына тиісті жауап іздей алады, – дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры  Андрей Хазбулатов.
Бұдан өзге қонақтарға Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы жетістіктері, еліміздің бас қаласы Астананың көркеюі мен даму кезеңдері туралы ақпарат  көрсетіледі. Оны көпшілік Астана қаласының сахналық алаңдарында тамашалай алады.
«Turkvision»
ән додасы 
Түркі халықтарының тамыры бір екендігін насихаттайтын «Turkvision» заманауи эстрадалық ән байқауы көрме аясында Астана қаласында бірінші рет өтеді. 
– Байқауға осыған дейін топ жарған таланттар шақырылады.  Қазіргі уақытта Түркия және Орталық Азия елдерінде байқауға қатысу үшін іріктеу жүргізілуде», – дейді  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан.
 Turkvision – түркітілдес мемлекеттер арасындағы эстрадалық әндер байқауы. Байқауға  түркітілдес мемлекеттер мен автономдық аудандар және түркітілдес халық көп тұратын мемлекеттер ғана қатыса алады. Қатысушы елдер мен аудандар байқауды жартылай финалдан бастайды.  «Turkvizyon» ән додасын «TURKSOY» түрік мәдениетінің халықаралық ұйымының қолдауымен ТMB TV түрік телеарнасы ұйымдастырып отыр.

Кәдесыйлар дайын
Өткен жылы тамыз айынан басталған көрме лицензиаттарын таңдау шарасы бүгінде өз жалғасын табуда. Жақында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ коммерциялизациялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев көрме қонақтарына берілетін  алғашқы кәдесый өнімдерін көрсетті.  
Департамент директорының айтуынша, бүгінгі таңда ағаштан, теріден жасалған өнімдер, шағын кәдесый өнімдері, мобильдік аксессуарика, полиграфия, ойыншықтар, ересектер мен балалар киімдері, зергерлік бұйымдар, іскерлік керек-жарақтар, кондитерлік өнімдер, музыкалық құралдар, тағы да басқа көптеген тауарларға ұсыныстар қабылдануда. Бұл тауарлар көрме аумағындағы фирмалық дүкендерде, сондай-ақ, әуежай, теміржол бекеті, ірі сауда ойын-сауық орталықтарында сатылады. Барлық тауар саудасы өндіруші компания есебінен жасалады. 
Осыған дейін комиссияның алдын ала қарауы нәтижесінде көпшілік пайдаланатын 110 түрлі  өнім шығаратын 13 компания анықталған. Қазірде 70 өнім бойынша тауарлар үлгісі әзірленіп, бекітілуде. Лицензиаттарды таңдау рәсімі ай сайын жүргізіліп, өтінімдер наурыз айына дейін қабылданады. Толығырақ  ақпаратты www.expo2017astana.com сайтынан көруге болады. 

Қажет АНДАС