Көрме ақпаратына қанықты

Уақыты: 23.02.2017
Оқылды: 1541
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талаптылық тұрғындар «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне өз үлестерін қосуға дайын. Ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ЭКСПО – 2017 көрмесін тұрғындарға насихаттау мақсатында өткен «дөңгелек үстелде» ауыл тұрғындары халықаралық көрменің  маңызын салмақтады. Кездесудің тізгінін Мәдениет үйінің қызметкері Қуаныш Өнербеков ұстады.

– Аталған халықаралық көрмені Астана қаласында өткізу арқылы дамудың бірегей мүмкіндігіне ие болмақпыз. Өйткені мұнда әлем елдерінің соңғы жылдардағы экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктері таныстырылып, озығы елдің игілігі үшін қолданылмақ. Бұл тұрғыдан келгенде «Болашақ энергиясы» деген тақырыптың өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ол балаларымыздың болашақ өміріне үлкен серпіліс беретіндігі анық, – деді сөз арасында ауылдық Мәдениет үйінің директоры Рустам Асқарбаев. 
Бүгінгі күні екі жүзден аса отбасы түтін түтетіп отырған Талапты ауылы талантты ұлдарын да көп өсірген елді мекен. Соңғы жылдары мұнда бірқатар іргелі өзгерістер орын алыпты. Айталық, екіқабатты жаңа оқу орны бой көтеріп, Мәдениет үйі  күрделі жөндеуден өткен, көшелеріне асфальт төселіп, бағдаршамдар орнатылған. Су кұбырлары жаңадан тартылып, Талды өзеніне жаңа көпір салынып, ел еңсесін бір көтеріп тастапты. Жаңа амбулатория шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсете бастағалы да біраз болды. Биыл ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Бұл жаңалық оларды жігерлендіре түсіпті. Осы жайлы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айгүл Ешмұхамбетова:
– Ауылымыз шағын болса да, ел болашағы үшін жасалатын шараға қашанда дайынбыз. Биыл жоспарымызға ЭКСПО – 2017 көрмесін насихаттауға бағытталған бірқатар жобаны енгізіп отырамыз. Сол арқылы Астанадан шалғайда жатқан ауылдың Елордамен тыныстас екендігін көрсетпекпіз, – деді. 
Халықаралық көрме ауылдағы балғындардың да талабын ұштай түсіпті. Содан кейін де ауылдық «Балбөбек» балабақшасының ұжымы балаларға ЭКСПО – 2017 көрмесі жайлы ертеңгіліктер ұйымдастырып, қызықты ойындар өткізіп, көрме жайлы көп ақпарат беруге тырысады.
– Елбасының халықаралық көрмені Астана қаласында өткізуі келешек ұрпақтың басқалармен терезесі тең, еліміздің керегесі кең болсын деген ойынан туындап отыр. Қазір балабақшадағы балалардың бәрі ЭКСПО жайлы кішкентай болса да ақпараттардан хабардар. Сол арманын ары қарай ұштау үшін біз де барынша тырысып келеміз, – дейді балабақша меңгерушісі Мақсат Төрегелдинова.
«Азаматына қарап ауылын таны» дегендей, еліміздің жер-жерінде лауазымды қызмет атқарып, егемендігіміздің ертеңіне елеулі үлес қосып жүрген азаматтары көп ауылдың бүгінгі тұрғындары да өнерге бейім болып шықты. Арасында Қуаныш Өнербеков көрмеге арнап жазған тамаша өлең шумақтарын оқып, бәрімізді желпіндіріп отырды. Елордадағы шара жайлы жан-жақты ақпаратты шалғай ауылға жеткізген мәдениет саласының өкілдеріне көпшілік алғыстарын айтып тарады.


Талапты ауылы,
Көксу ауданы.