Жүйелі жұмыстармен танысты

Уақыты: 23.02.2017
Оқылды: 1255
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында министрлерге әр өңір әкімдерінің есебіне барған кезде сол аймақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көріңіздер, танысыңыздар деген болатын. Өңір басшысы Амандық Баталовтың ел алдындағы  есебіне қатысқан Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет  Қасымов аталған тапсырмаға орай облыс орталығындағы біраз нысанды аралап, бағдарлама барысын біліп қайтты.

Министр «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында былтырғы жылы салынған қаладағы  №4  қазандықтың жылыту жүйелерімен танысты. Ұзындығы 8,13 шақырымды қамтитын жылыту желілері бар қазандыққа өткен жылы  жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қазандық жаңа қалыпта бой көтерген.  Талдықорғанда  2009 жылы 9 қазандық салынып, 3 сусорғыш стансысы орнатылған. Бағдарлама аясында 811 млн. теңге қаржы жұмсалған қазандық жалпы саны 333 мекемені жылытады. Оның 63-і көпқабатты пәтерлер болса, 85-і жекеменшік үйлер. Бұл қатарға бюджеттік салалар мен дүкен, шаштараз сынды жекеменшік нысандар да енеді. Бұрын сағатына 25 Гкал.  бөлсе, бүгінде 30 Гкал/сағ. береді. 
Жаңа қазандықтың жай-жапсарымен танысқан Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы  облыстық ішкі істер департаментінің қолданысындағы спорттық-сауықтыру кешеніне табан тіреді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған ғимаратқа облыс әкімі қажетті қаражат бөліп, заманауи және сапалы нысанға айналдырған. «Динамо» кешенінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері түлеп ұшқан. Сондай-ақ, жыл сайын полиция қызметкерлерінің қызметке сәйкестігі анықталатын кешенді бақылау да осында өткізіледі.  Әрбір тәртіп сақшысының дене шынықтырудағы айрықша орнына мән берген министр ғимараттың ішін толық аралап, бөлмелерімен танысып шықты. Залда бокспен айналысып, жаттығу жасап, волейбол ойнап жатқан «Жастар» спорт кешенінің келешегінің кемелді екенін аңғартты. Олардың барлығы  ел аумағында ғана емес, шетелде де жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар. Кешенде бокс пен күрес, жүзу бассейні мен фитнес жаттығу залы, волейбол және баскетбол ойнауға арналған залдар бар. Тәртіп сақшыларының өз ісіне де беріктік танытып, жұмысында жақсы нәтиже көрсетуіне арналған кешенге көңілі толған Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы спортшылармен тілдесіп, керемет кешенде мүмкіндіктің мол екендігін жеткізді. 
Министр күн санап көріктеніп келе жатқан Талдықорғанның төрінде орналасқан қала келбетін ажарландырып тұрған «Қаратал жағалауына» да бас сұқты. Жаңа демалыс аллеясы заманауи жаңа сәулетте ерекше дизайнмен жасалған. Тұрғындардың тынығып, демалуына арналған жағалау серуен құрып, сананы серпілтуге таптырмас орын. 
Бірнеше нысанды аралаған министр қалада атқарылған жемісті  жұмысты байқап, жетісулықтарға сәттілік тіледі. 

Құралбек Сәбитов