МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

Уақыты: 28.02.2017
Оқылды: 1220
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміз Алғыс айту күнін былтыр тұңғыш рет атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті     Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған болатын.

«Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытуға орай қазақстандық құндылыққа негізделген Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Күрделі заманда иық тіресе еңбек етіп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтары бір-біріне құрмет білдіретін сәт бұл. Алғыс айту күні туралы Президент: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірліктің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын күні есептеледі. Себебі Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің біртұтас ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен еді.
Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бұл күнді мерекелеудегі мақсат – азаматтық қағидаға негізделген қазақстандық бірегейлікті дамыту арқылы халықтың бірлігін нығайту.
Дана халқымыз қиын-қыстау заманның ауыртпалығын жұмыла еңсеріп, бүгінгі таңда ортақ Отанымыз Қазақстанда тату-тәтті өмір сүруде. Сондықтан, Алғыс айту күні – ең алдымен, еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін, біздің ортақ тарихымызды қастерлейтін  өзара көмек және қолдау көрсету күні.
Ертең Алғыс айту күні екінші рет аталып өтіледі. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық басқармалар, департамент басшылары этномәдени бірлестіктер өкілдерін, жастар ұйымдарын және азаматтық қоғам институттарын қайырымдылық, әлеуметтік ынтымақпен өзара көмек дәстүрлерін жалғастыруға бағытталған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады.


Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,
Алматы облыстық
Қазақстан халқы
Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі.