Қазақ халқына ризашылық

Уақыты: 02.03.2017
Оқылды: 1343
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көктемнің алғашқы күніндегі шуаққа малынып, адамдардың көңіліне қуаныш сыйлаған   1 наурыз – Алғыс айту күні Достық үйінде «Қазақстан – қайырымды ел» атты форум аясында мерекеленді. Осымен екінші рет аталып отырған айтулы күнді мерекелеуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында ұсынған болатын. 

Қазақ даласына қуғындалып келген көптеген халық бүтін нанын бөліп, жарты нанын жарып берген жергілікті халықтың қонақжайлылығын, жайдарлылығын, адамгершілігін ұмытпақ емес. Соған орай еліміздегі көптеген ұлт пен ұлыстың өкілдері қазақ халқына және өзара бір-біріне Алғыс айту күні ретінде бекітілген еді. Сондағы сөзінде Мемлекет басшысы елімізге жер аударылып келген халықтарға көрсетілген құрметтің, ықылас-пейілдің шынайылығын атап өтіп, өздерінің екі бөлмелі қоржын тамдарына үш балалы отбасының келгенін тебірене еске алған болатын.
Осыған орай өткізілген облыстық форумға қатысушылар Қазақстанның жеткен жетістігіне үлкен үлес қосушылар қатарында болғандарына шүкірлік айтып, еліміздегі бейбітшіліктің, тыныштықтың, тұрақтылықтың баянды болуын тіледі. Өзара жақсы тілек айтылып, бір-біріне алғыс айтқан көпшілікті Достық үйінің атынан құттықтаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай Алғыс айту күнінің маңыздылығын түсіндіріп өтті.
– Алғыс айту күні – халқымыздың дәстүріне айналған мейірімділік және жанашырлық секілді асыл қасиеттерін күллі әлемге паш ететін күн. Бұл күні саяси қуғын-сүргін жылдарында жер аударылып, сағым қуған сайын далаға жеткен көптеген халықтардың көрген азабын жеңілдетуге, тартқан қорлығын сейілтуге үлес қосқан қазақ халқына алғыс айтылып, бүгінде тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің кең-байтақ еліміздегі бейбітшілік пен тыныштыққа шүкір етуі жақсы сөзбен дәріптеледі. Осынау жарқын да қуанышты мерекеге қатысып отырғандарыңыз үшін сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді, – деген Ғабит Тұрсынбай көктемнің алғашқы күнін ана мен бала арасындағы сөзбен жеткізе алмайтын асыл сезімдерге теңеді. 
Осыдан соң облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан білім, денсаулық сақтау және мәдениет саласының құрметті ардагерлерін Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Көпшіліктің атынан сөз алған «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің мүшесі Светлана Гаитова салтанатты шараға қатысушыларды құттықтап, түрлі жобалар мен өркенді істер жүзеге асырылған тәуелсіз Қазақстанда бірлесе, ұйымдаса өмір сүріп жатқан халықтардың ауызбіршілігінің баянды болуын тіледі. Сондай-ақ, ана тілдерін сақтап отырған ұлттар мен ұлыстар үшін басты байлық бейбітшілік пен келісім екендігін еске салды.
Жиын соңы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты этно-мәдени бірлестіктер ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Мәди АЛЖАНБАЙ