Партия ардагерлері марапатталды

Уақыты: 02.03.2017
Оқылды: 1650
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1 наурыз – «Нұр Отан» партиясының да  құрылған күні. 1999 жылы дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Нұр Отан» партиясы бүгінгі күні халықтың мұң-мұқтажын шешіп, азаматтардың қажеттілігін, тұрғындар сұранысын қамтамасыз ететін іргелі саяси ұйымға айналды. Партия күніне орай «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалында облыс әкімі Амандық Баталов партия
ардагерлерін Алғыс хатпен марапаттады.

– Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының 18 жылдығымен құттықтаймын! Осы жылдар ішінде партия өзінің қалыптасу және даму жолынан өтті, – деген өңір жетекшісі өткен жылдар жетістігіне тоқталды. – Құрылғаннан бері «Нұр Отан» билік пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналып, игі істердің ұйытқысы бола білді. Партия – халықтың қызметшісі, Елбасының  көмекшісі. Соның нәтижесінде ел сеніміне ие болды. Партияның қол жеткізген жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатымен, жаңашыл идеяларымен тікелей байланысты.
Елбасының жетекшілігімен Қазақстан халқы ауызбірлігі берік қоғамды және даму динамикасы жоғары, экономикасы әлеуетті мемлекетті құрды. Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен ел дамуының жаңа кезеңі басталып, елді өркендетуге, әр тұрғынның әл-ауқатын жақсартуға негізделген «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы іске асуда. Сонымен қатар, бүгін  Алғыс айту күнін мерекелеудеміз, бұл біздің елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан 100-ден аса этностың, ұрпақтардың ата-бабаларына, үлкендерге деген құрмет білдіру күні десек артық емес.
Облыс басшысы көпшілікке Жетісу жерінде атқарылған жұмыстарды да таныстырып өтті. Оның айтуынша, жыл өткен сайын партия қатары жас мамандармен толығып келеді. Мысалы, алғаш құрылғанда 22 мың 441 мүшесі болған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының құрамында бүгінгі күні 338 бастауыш партия ұйымы жұмыс істеп, 114 мың 96 адамды өз қатарына қабылдаған. Жетісулықтар екі жыл қатарынан республикалық «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» байқауынан үздік шықты. Атап айтқанда, 2015 жылы Текелі қаласындағы партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі жүлделі 1-орынды иеленсе, былтыр Еңбекшіқазақ аумақтық партия филиалы жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ, партияның аумақтық филиалдары «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Ұлы Дала қазынасы», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Сәтті қадам», «Жастар – Отанға» сияқты ауқымды жобалары арқылы жастардың жұмысқа орналасуына, білім алуына, отансүйгіштік рухта тәрбиеленуіне, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға өз септігін тигізуде.
Осындай жетістіктерге жету жолында жастарға ағалық ақылын айтып, білгенін үйретуден талмаған партия ардагерлерін Алғыс хатпен марапаттаған Амандық Баталов партия қатарына жаңадан қабылданғандарға мүшелік билет табыстады. Салтанатты шара кезінде көпшіліктің атынан Айтбай Сейітов пен Әмзе Исаев сөз алып, Жетісу жерінде атқарылып отырған жұмыстардың жемісті болуына тілек білдірсе, партия қатарына қабылданғандардың атынан сөз алған Іле ауданындағы «Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы» МКК-ның лор мейірбикесі Әсел Алпысбай өз ризашылығын асқан тебіреніспен жеткізді.
Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

Мәди АЛЖАНБАЙ