Бауырластық белгісі

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 1487
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ыстық ықылас пен мейірім-шапағатқа толы Алғыс айту күні Текелі қаласында ерекше рухпен аталып өтті. «Металлург» шағын ауданындағы Мәдениет үйінде қанатын жайған «Ризамын, саған, туған елім – Қазақстаным!» этнофестивалі бойға қуат, көңілге шуақ сыйлады.

Тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына алғысын білдіру мерекесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні бір-бірімен біте-қайнасып жатыр. Мән-маңызы терең мерекеге орай қаладағы этномәдени орталықтар қолөнер бұйымдарын, ұлттық тағам мәзірінің көрмесін көпшілікке ұсынды. Қазақ ауылы ұлттық ою-өрнегімен көз тартса, славян, кәріс, татар этномәдени орталықтары бай дастарқанын дәріптеді, өзбек, украин, шешен ауылдары сән-салтанатымен баурады.
Көпшілікті мерекемен құттықтаған қала әкімі Бақтияр Өнербаев Алғыс күнінің кемел тағылымы мен терең мазмұнын ашып: «Ел басына күн туған, қиын-қыстау заман орнаған тұста қонақжай, кеңпейіл қазақ жұрты түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, ауыртпалығын бөлісе білді. Бұл – бауырластық пен адамгершіліктің, туыстық пен сыйластықтың биік өлшемі. Бүгінде Ұлы Дала төсін мекендеген 130-дан астам түрлі этнос өкілі ырысты ынтымағымыз бен табысты тұтастығымызды әлемге паш етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосуда. Мұның бәрі де, әрине, Ұлт Көшбасшысының бейбітшілік пен келісім саясатының нәтижесінде жүзеге асырылуда», – деді.
Текелі қаласында 18-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті, бірлікте еліміздің өркендеуіне үлес қосып отыр. Қала әкімі        1 наурыз – еліміздегі көшбасшы саяси ұйым «Нұр Отан» партиясының құрылған күні екенін атап өтіп, партия қатарына қабылданған азаматтарға салтанатты түрде билеттерін табыс етті.
Қалалық мәслихат депутаты Николай Калиновский мерекелік лебізін білдіріп, жеті атасын білудің мәніне тоқталды. Депутат қазақ жеріне қоныс аударған арғы атасынан бастағанда осы елде қазір алтыншы ұрпақ өсіп-өніп отырғанын мақтанышпен айтты. Ал өзінің болашақ шөбересі жетінші ұрпақты жалғайтынын толқыныспен, Қазақстанға деген ерекше махаббатпен жеткізді.
Сахнаға шығып өр рухты өлеңдерін тебірене оқыған жергілікті ақындар Владимир Поляков пен Ақан Ырымжанұлы жүректерге нұр құйды. Қазақ әнін әуелетіп, орыс, қытай, молдаван, ағылшын, беларусь, поляк тілдерінде ән шырқап, мың бұрала билеген өнерпаздардың концерті мереке шырайын арттыра түсті. 

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА. 
Текелі қаласы.