Тың жобалар талқыланды

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 1776
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ әлеуметтік саланың 2017 жылға арналған жаңа басымдықтарымен танысты. Талдықорған қаласының жастарға қызмет көрсету орталығында басқосқан басқарма басшылары тың жобаларын ұсынып, игі бастамалары жайлы жан-жақты әңгімеледі.

Аталмыш жиын әдеттегіден ерекше қалыпта өтті. Арнайы слайд арқылы өткен жылы атқарылған жұмыс пен биылғы жұмыс барысы баяндалды. Алғашқы болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев идеология саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында ақпарат берді. Айталық, «Жетісу» телеарнасы бүгінгі күннің талабына сай заманауи техникамен жабдықталған. Ал «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің сайты онлайнға көшіп, басып шығару аппараты да жаңаратын болады. «Өздеріңіз білетіндей, қазір адамдардың көпшілігі әлеуметтік желіде отырады. Сондықтан салмақты соған салу керек», – деді Рустам Әлиұлы. Сондай-ақ, ол рейтингісі жоғары деген республикалық сайттармен қоян-қолтық жұмыс жасайтындарын жеткізді. Республикалық және өңірлік деңгейде жұмыс істейтін белсенділігі жоғары блогерлердің ықпалымен облысымыздың жетістіктерін айшықтауға жол ашылғанын айтты. Әлемдік БАҚ өкілдері де назардан тыс қалмады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауына сай үш тілді оқыту қолға алынғандығын жеткізді. Үшауысымды мектептерді болдырмау жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Оқушыларға қосымша білім беру жүйесін нығайтып, бос уақыттарын оңтайлы өткізу шарасы назардан тыс қалмады. Ал өңірдегі 72 колледжде облыс экономикасына қажетті мамандықтарға оқыту бөлімдері ашылып, дуалды оқыту жүйесі дами түспек. Оқуын тамамдаған жастардың жұмыссыз қалмауын қадағалау үшін арнайы топ құрылып, жұмыс атқарып жатқандығы да тілге тиек етілді. 
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев болса, ана мен бала өлімін азайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салынатынына назар аударды. Осы жылы іске асатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды халыққа терең түсіндіру үшін қарқынды жұмыс жасалатынын жеткізді. Әр ауданда мұғалімдер мен дәрігерлерге арналып пәтер салынатындықтан тапшы мамандардың орнын толтыру көзделуде. Алматы маңынан жаңа перзентхана салу мәселесі де шешімін тапқан. 
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қаныбек Айтжанов шағын және орта кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан қолдау жасалып, үстемесіз жеңілдетілген несие мөлшерінің 16 млн. теңгеге артқандығын баяндады. Соның ықпалымен жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі төмендейтін болады. Мемлекеттік бағдарламаға жүгінген кәсіпкерлерге шағын базар ашып, өнімдерін еркін саудалауға мүмкіндік берілмек. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов те тың жобаларды назарға ұсынды. Жат ағымға бас сұғатындардың басым көпшілігі жағдайы төмен немесе несиесін төлей алмай жүрген азаматтар екен. «Сондықтан оларға мемлекет тарапынан жағдай жасап, жұмыспен қамтитын болсақ, мәселе өз-өзінен шешімін табады», – деді Амандық Ғаббасұлы. Сондай-ақ, өңір басшысы әйелдердің жат ағымға еріп кетпеулерін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев болса, биылға жоспарланған 7 жобаның тізімін ұсынды. Әсіресе, республика көлемінде ғана емес, шетелдің өнер ордаларымен де тығыз қарым-қатынас орнатылып, әлемдік додалар ұйымдастырылатын болады. Және де Талдықорған мен Жетісу кереметтеріне арналған үздік композиторлар жарысы өтпек. Ақан Жылқышыбайұлы аудандық және ауылдық Мәдениет үйлерінің жұмысын жандандырып, маманмен және аппаратурамен қамтамасыз ету керектігін де айтты. Биылғы «Экспо – 2017» көрмесінде өнер көрсететін әнші, бишілердің киімін тездетіп тіктіру қажет екендігін жеткізді. Сонымен қатар аудандық мәдениет күндерінің форматы өзгеріп, ауылдық мәдениет күндері де өтпек. 
Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында атқарылар жұмыс шаш-етектен. «Әсіресе, соңғы уақытта қолға алынған медиация негіздерін қалыптастыру мақсатында үздіксіз семинар-тренингтер өткізілуде. Соның ықпалымен көптеген кикілжіңдер сотқа жетпей өз шешімін тауып жатыр», – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай. 
Басқосу барысында «Анаға тағзым» атты ескерткіш қойылып, аллея ашылса екен» деген тілек те қылаң берді. Сонда отбасы тыныштығы сақталып, ажырасу деңгейі азаймақ. Ал жастар саябағындағы этномәдени нысан «Мәңгілік Ел» деп аталатын болды. 
Облыстық жастар саясаты  мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетовтың айтуынша жастар арасындағы жұмыссыздық пен қылмыстың алдын алуға барлық күш-жігерлерін жұмсауда. Сол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, облысымыздағы нақты жұмыссыз жүрген жастар тізімі жасалады. Жоғары және орта білімді, мектептен соң оқуды жалғастырмаған жастарды анықтап, жұмыспен қамтып, білім алуларына жол ашпақ. Ол үшін «Жастар жолы» жобасы бойынша жұмыс жәрмеңкесі өтпек.
– Маған жобалар өте ұнады. Бүгінгі жиынның мақсаты атқарылған жұмысты көрсету емес, тың идеяларды ұсыну. Енді бұл жерден халыққа пайдасы бар 5 жоба жанданып жатса, нұр үстіне нұр болмақ, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Шара соңында облыс әкімінің орынбасыры Жақсылық Омар жауапты әлеуметтік салада тың өзгерістердің орын алып, халық игілігіне арналған жобалардың іске асатынына сенім артылды.

Мәулен Әнербай