Өмір шырағы

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 1321
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халықаралық әйелдер күніне орай Тіл сарайында Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев өңірдің гүлденуіне үлес қосып келе жатқан аяулы жандарды қабылдап, мерекелерімен құттықтады. 

Салтанатты шараға жиналған жұртшылықтың жүзі жарқын, жүрегі алтын. Алтын дегенімізге себеп те жоқ емес. Ана жүрегі қашан да жылылық пен шаттыққа толы. Он екі баланы өмірге әкеліп, немере-шөберенің қылығын қызықтап отырған апаларымыздан бастап, аяулы да ардақты аналар қауымы, қызғалдақтай құлпырған қыздар ғимарат ішін көріктендіре түсті. Нәзік жандыларға деген ақ тілегін арнаған қала әкімі кешті өзі жүргізді. Ол өз сөзін:
– Жылу мен жақсылық сыйлайтын жарқын мерекенің қарсаңында өздеріңізбен жүздескеніме өте қуаныштымын. Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алады.  Адамзат өмірінің іргетасы сіздердің қолдарыңызбен қаланады. Себебі, алақандарыңызда тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Ұлттың асыл қасиеті уызына жарыған ұрпақтың бойына ана сүтімен дарып, болашаққа жалғасады, – деген ақжарма ниетімен бастады. 
Талдықорғанда өткен жылы 11 ана «Алтын алқа», 49 ана «Күміс алқа» алған. Сондай-ақ, төрт беделді, еңбегі елге танымал азаматша «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын иеленген болатын. Бұл қаладағы іскер әйелдердің көптігін аңғартса керек. Тағылымды тарихымызға жүгінсек, Талдықорғанда қайраткерлік қасиет қонған арулар аз болмаған. Қала әкімі кеш соңында барлық шараға қатысушы нәзік жандыларды «Заңғар» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарқанға шақырды. Әуелеген ән, шертілген күй, мың бұралған би аналар көңілін көкжиекке көтеріп, мерейлерін бір тасытып тастады. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қалық: «Қаланың жетістігі мен әсемдігі осындай әдемі де нәзік жандардың арқасында», – деп ыстық лебізін білдірді. 
Өмірді өмірге жалғар мейірім мен нәзіктіктің, әсемдік пен әдеміліктің мерекесінде құрметке ие болып, сыйлық алғандардың ішінде әріптестеріміз «Жетісу» газетінің аға корректоры Злиха Құмғанбаева мен «Огни Алатау» газеті жауапты хатшысының орынбасары Людмила Владимировна да бар. Шаңырақтың сенімді жаны, сергек қамқоршысы болған жандардың жүректері жырға, көңілдері нұрға толды. 

Құралбек СӘБИТОВ