Ұлағат

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 1474
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мыңдаған жылдар мұғдарында арғы ата-бабаларымыз Еуразия кеңістігінің иесіне де, киесіне де айналып келді деп бүгінде мақтан тұтып жатсақ, сол баянымыздың басты айдыны ардан жаратылған алтын құрсақ аналардың, қылығымен құлпырған қырмызы қыз-келіншектердің бекзат бейнесімен толайым толығады. «Түріктерге  Тәңірдің өзі ат қойған», – деп М. Қашғари ғұлама айтпақшы,  тұрандықтар – түріктер  аналар бейнесін барынша қастерлеп, мейлінше мерейлендіріп, өскелең ұрпақ санасына елдік тұрғысынан еге білген.

Қазіргі таңда тарихи бастау хаттар арқылы бәрімізге етене таныс тұрандық патша Алып Ер Тоңаның (Афрасиаб) қызы Темір (Тұмар) патшайым дәуірінен бергі көшпенділер тіршілігінің шырайына  айналған Алаш аруларының шоғыры таңғы жұлдыздардай самсап тұр! Небір қайшылықты кезеңдерде де айрықша ардақталып, қоғамдық өмірден ойып тұрып орын алған. Ал енді қаһарлы қағандардың, хандар мен әмірлердің әйелдері туралы бағалы лебіз тіптен бөлек. Еуропалық саяхатшылар мен елшілік қызметкерлері далалықтардың өз әйелдерін әлемдегі барлық жұрттан артық әспеттейтіндігін сан мәрте тамсана жазды да. Өйткені арулардың жан және тән сұлулығын, асқан ақылмандығын былай қойғанда, ерлеріне деген адалдығы мен үй шаруасына келгендегі бесаспаптығы көрер көзді құлай сүйсіндірген. Оны айтасыз, алағай да бұлағай шешуші шақтарда әйелдер де қолына қару ұстап, дұшпанның құтын қашырған. Әйтпесе, венгерлік доминик монағы Юлиан: «Бұл жақта әйелдері де еркектері сияқты жауынгер, ат үстінде жүреді, садақ тартады. Олар ұрыс-майдан үстінде еркектерден әрмен қаһарман. Кейбір ретте ерлер тайқыған мезеттің өзінде қашпай, қатерге қарамай, табандатып шайқасады екен», – деп таңдай қаға тұжырымдамас еді ғой! Сондай-ақ, Алтын Орда тарихын тебіндете зерттеген неміс саяхатшысы Иоганн Шильтбергер: «Қолбасшылық деңгейдегі бір әйелді көрдім, оның төрт мыңдық қарулы жасағы бар, бәрі дерлік әйелдерден құралған. Қорқу-үрку дегенді мүлдем білмейді, шетінен садақшы!» – деп кестелей суреттеген. Бұл ауанда Ұлы Дала төсінде сайрап жатқан өзге де мың-сан мысал келтіруге болады. Сол ерліктің алтын арнасы кешегі Желтоқсан оқиғасындағы талдырмаш қыздарымыздың тайсалмай көрсеткен жанкештілігіне ұласқаны жадымыздан қалай өшсін?!
 Көп әйел алушылық сол заманаларда еріккеннің ермегі емес, елдіктің ертеңіне деген қажеттіліктен туындаған дүние еді ғой. Халықтың санын өсірмей қал-қадірің қалай артсын, алдағы ұлы мұраттарыңды кіммен жүзеге асырарсың! Көк ит жеңе ме, көп ит жеңеменің заманы емес пе еді. Демографияға келгенде әлі де оңып тұрғанымыз шамалы. Елбасымыздың тез арада кемінде жиырма миллионға жетуге тиіспіз деп берген тапсырмасының астарында  терең мән жатқанын түйсініп жатсақ, қанеки! Әңгіме желісіне қайта оралсақ, сол заманалар сүрлеуінде отағасы қанша әйел алмасын олардың арасында артық-ауыс сөз, ұрыс-керіске (Плано Карпини) жол берілмеген. Бір атаның балаларындай бірлік пен тірліктің, әулеттік дәстүрдің намысын жыртқан. Керісінше, көпшілік талқысына тек ел тұтастығына тән шетін шаруалар ғана шығарылып, ар тазалығы айрықша әспеттелген. Тура сондықтан да шығар, Бенедикт Полон: «Күйеуге шыққандары ар тазалығы, ерлеріне адалдығы бойынша әлемдегі бар халықтардан биік тұрады!» – деп атап өткен. Міне, шынайы шежіреміздің анық көрінісі, айдай аруларымыздың асыл бейнесі!
Осы желіске тән бір ғибратты мысал қосалық. Жарты әлемді жұдырығында ұстаған Шыңғыс қағанның  аяулы анасы қоңырат руының қызы Өгілен мен осы тектен шыққан зайыбы Бөртеге деген құрмет-сүйіспеншілігі мен махаббаты турасында жүрекке ұялар шындық әңгіме шежіремізде де, жазба мұрағаттарда да жетерлік. Қағанның елу жастан асқанша сүйіктісі ретінде Бөртеден өзге ешкімге көз салмауының өзі сол дәуірде адамгершіліктің шыңы емес пе, түйсінген жанға?! Бәйбішесі өмірге сәби әкелуден қалғанда ғана барып, өзі жаулап алған татар жұртының апалы-сіңлілі екі қызын бауырына басады. Және мұнысын аяқасты Бөртеге қалай жеткізерін білмей қатты қиналады да. «Бөртені әкемнің өзі таңдап әперген еді. Ұзақ жылдарғы жансерігім, өзіне деген сүйіспеншілігім де терең. Бетіне не бетіммен қарарымды білмей жүрмін?!» – дейді сардарларына. Әлдекімдер айтқандай қан жұтқан қатыгез, жүзі жылымас мейірімсіз пенде болса, дәл осындай жан күйзелісіне түсер ме еді? Бұл тығырықтан ешкім жол таба алмай тұрған сәтте ең сенімді үзеңгілес серігі Мұқали: «Бәйбішеңізге мен жеткізейін бұл хабарды» – деп достық пейілін білдіреді. Содан күйеуін тағатсыздана тосып отырған Бөртеге түнделете жедел жетіп: «Бір жағымды, бір жағымсыз хабарым бар, қайсысынан бастайын», – дейді ғой. 
– Адам жағымдыға қуанады, жағымсызға қамығады. Алдымен жағымсызын айтқаның жөн болар, соңынан жағымдысын естігенде қуанып, көңілім демделер. 
– Біздің ханымыз тізе бүккен татар руынан әпкелі-сіңлілі Есулун мен Есуқатты тоқалдыққа алды.
Бір сәт үнсіз қалған Бөрте:
– Ал енді жағымдыңа көш, – дейді.
– Жағымды мен жағымсыз хабарым іштей ұштасып жатыр. Ханымыздың сізді құлай сүйгені бәрімізге аян. Енді ол тағы да екі әйелді жақсы көрмек. Бұл сіз үшін жағымсыз жайт, әрине. Ал жағымдысына көшер болсам, бұған дейін ханның тілеуін Тәңірден күндіз-түні өзіңіз ғана тілеуші едіңіз. Енді хан үшін, демек бүкіл ел-жұрт үшін тағы да екі бірдей әйел дәл сіздей ақ тілеумен таң атырып, кеш батырады. Бұл бәрімізге де ең жағымды дүние!
– Темірші елдің ханы ғой. Өзінің ата-бабаларындай көп әйел алуының еш сөкеттігі жоқ. Әйелі – күйеуіне, бұқара – ханына бойсұнуы міндет. Сол себепті де, маған алдын ала адам жіберуінің де қажеті жоқ еді. Ханның жас тоқалдарына жеке отау қамдап жатыр деп хабар жеткізгейсің!
Мыңдаған жылдар қойнауында түзілген дәрумен дәстүріміз дәл осындай тәлімге толы.  Және сыр тартсақ, қыздарымыз да, аналарымыз да ешқашан беттерін бүркемелеп, қоғамдық ортада өздерін төменшік ұстамаған. Тұрмыстық тіршілікте ер азаматтармен тең жағдайда күн кешкен. Еркек әулетке иелік етсе, әйел ошақтың түтінін түзу шығарып отырған арғы салт, ата дәстүрмен.
  Гильом де Рубруктің өз жол жазбаларында құдалық жолмен уағдаласқаннан кейін қыз әкесінің көптің басын қосып той жасайтын дәстүрін қызыға суреттеп беретіні бар. Әлгіндей ұзату тойы үстінде қалыңдықтың ата-анасы мен туған-туыстары  айналаны ән мен жырға бөлеп, би билеп,  ақ жолға қамдаудың елдік рәсімдерін кеңінен жасаған. Баласының бұл өмірде теңін тауып, бақытты ғұмыр кешуінен артық ата-ана үшін расында да қандай қуаныш болсын! Сол үрдістің тұғырлы халқымызда күні бүгінге дейін өрісті жалғасын тауып келе жатқандығы неткен ғанибет.
Күйеуі бұл жалғаннан ерте қайтқан жағдайда әйелінің төркін жұртына кетуіне жол берілмей, әмеңгерлік жолмен жолдасының ағасы, інісі, я болмаса жақын туыстарының біріне қосылған. Бұл да аттың үстінде, түйенің қомында ғұмыр кешкен бабаларымыздың  жесірін жүдетпей, жетімін жылатпай, мал-мүлкін талан-таражға түсірмей, ел бірлігін сақтап, жаугершіліктің алдын алу мақсатында ғасырлар тереңінен түйген өмірлік бұлжымас қағидаттары. Осынау ұлттық дәстүріміздің кешегі большевиктер заманына дейін өрісті ұласқанын көбіміз жақсы білеміз және енді тәуелсіздік толқынында оны жарасымды жалғастырып жатырмыз да!
Жыл құсындай көкті де, көлді де, жерді де, елді де шаттыққа бөлей келетін Аналар мерекесі аясында осы тектес бірер байырғы әңгімені жаңғырту арқылы жадымыздан өшпеген жақсы қырларымызды тағы бір жария етіп жатуымыз да толғана толқуымыздың белгісі. Аналар мерекесі – адамзат мерекесі! Аналар жүрегінен Жер-жаһан нәр алып, тіршілік тамыр тартады, ұлттық       имани ізгі мұраттар желіндеп, жасампаздық атаулы бүршік жарады. Адалдық пен адамдықтың, әдеп пен әдеміліктің, махаббат пен мейірімнің мөп-мөлдір тамшысы бейнесінде дүр дүниені ақ көгершін алғаусыз әдіптеген  Сіздер барда – біз де бармыз!  
Арулар-ай!
Алаштың арулар-ай!
Айналаңа төгесің жалын-арай.
Тасымасын бақыттан қаным алай,
Әрі бикеш, әрі әйел, ханымдар-ай! – деп желі тартар ертеректегі өлең жолдарыммен қайыра бір  ізет білдірсем деймін!

Әміре ӘРІН