Күнде осылай болса ғой...

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 1274
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Біздің ауылға көктем кеш келетін. Күн жылып, қар ери бастаған сәтте қайтадан жапалақтап қар жауып, соққан боран көктемді алыстатып жіберетін. Тіпті, алты айлап жатып алатын қырсық қыстың салдарынан жол жабылып, ауыл-қалаға қатынай алмай қалған күндер көп болды. Үлкендердің: «Анау ауылдағы шалдың баласы жолда қалып қойыпты», – дейтін сөздерін түсіне бермейтінбіз. Бізге қызығы – қар атысып ойнау мен аққалаға арнап үйден сәбіз ұрлау.

Наурыз айы туған бойда табиғат ерекше мейірімділік танытып, күн шуағы қалың қармен ашық айқасқа түседі. Көрші балалармен жарыса жасасқан аққаламыздың сұрқы қашып, қорқынышты күйге енеді. Уақыт өткен сайын ол да көзден ғайып болып, келесі қысқа дейін қош айтысып кете барады. Біздің ендігі қызығымыз бәйшешек пен жауқазынды алғаш көрген адам ретінде атақ-абыройға ұмтылу. Сол үшін аяғыңды малмандай су қылып, ауыл басындағы қырға күнде барасың. Сөйтіп жүріп бәйшешекті жұлып аласың да, барлығына мақтана жар саласың. Көктемнің тағы бір ерекшелігі – сандық түбінде жатқан тәттілерге деген арманыңның әсте орындалуы. Сондықтан да 22-наурыз таңының атқанын тағатсыздана күтесің. Ол күні әжем – Разима таңмен таласа тұрады. Өзі ғана емес, отбасының барлық мүшесін түстерінен ада қылады. Әнербай атамнан бастап, үйдің кішісі маған дейін шаруаға кірісеміз. Сәл қырсығып, еркелеген соң ағаларым Дәурен мен Нұрболдың жұдырығын көре сала, жұмысқа қалай кірісіп кеткенімді ұқпай да қалатынмын. Су тасу, отын жару, самаурынның түтініне тұншығу, үлкендердің қолына су құю сынды жұмыстардан мезі болып, қонақтардың жолын торуылдаймын.
Мұндайда 7 түрлі тағамнан жасалған наурызкөженің иісі мұрыныңды жарады. Әжеміздің бар ынтасымен дайындаған асын жеуді біз ғана емес, бүкіл ауыл, қала берді туған-туыстардың барлығы армандайтын. Дәмі таңдайдан кетпейтін ұлттық асқа жету үшін көптеген шақырымды артқа тастап, жан-жақтан ағайындар ағылады. Сағынған көңілдерін басып, қыстан аман шыққандарына шүкірлік айтысады. Осындай той-думанда барлық балалардың басы қосылып, табалдырықтағы аяқкиімдерді санап, тығылмаш пен қуаласпақтың қызығына әбден батамыз. Біраздан соң міндетті түрде жанжал туындап, ащы ұрысты да естіп аласың. Үйдің қожайыны өзің екеніңді ұғындырып, біразға дейін жылауық баланы мазақ қылып жүремін. 
Қазаннан ас түскен соң үлкен, кіші демей барлығы дастарқан басына жиналады. Жасы үлкен қарияның батасынан соң, қарынның қамына кірісесің. Тіл үйірер наурызкөжені тойғаныңша ішіп, бүйірің шығады. Құмарлық қойсын ба? Ашкөзденіп, аузыңа мейіз бен кәмпиттің түр-түрін тықпалайсың келіп. 
 – Бұл біздің ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Наурыз  жыл басы деп бекер айтылмаған. Алыс-жақын туыстардың, көрші-қолаңдардың басы қосылып, бауырмалдық пен татулықтың артар сәті. Өткен жылға өкпе артпай, келер жылдың жемісті болуы тіленетін күн. Араздықтың ауылы алшақтап, реніштің ұмытылатын сәті, – деп әжем Наурыздың ерекшеліктеріне тоқталады. Содан соң қонақкәде бойынша домбыра күмбірлеп, жезтаңдай әншілер ән әуелетеді. Дастарқаннан дәм татқан игі жақсылар балаша шаттанып, ұлттық ойынға елітеді. Көкпар тартысып, бәйге жарыстырады. Оза шапқан жүйрікті ауызың талғанша мақтайсың келіп. «Шіркін, сондай тұлпар бізде де болса ғой», – деп қиялға еріп, ойша жүйрікті тізгіндейсің.
Қасқақұнан атты біздің де бір жүйрік болған. Әр бәйгеден ылғи ондық, бестіктен келіп, жүлдеге ілінбей жүрді жарықтық. Бірде Наурызға арнап өткізілген додада бағы мен бабы басым түсіп, барлығын артқа тастап, үшінші келе жатты. Даусымыз қарлыққанша айғайға басып, тақым қыстық. Біраздан соң оза шауып екінші келе жатты. Соңғы айналым кезінде бірінші келе жатқан жүйрікке де жетіп қалды. Барлығы: «Не болар екен?, Қасқақұнан, бағың жанды-ау», – десіп таңдай қағысты. Қырсық шаламын десе аяқастынан екен, бірінші келе жатқан жүйрік шалынып, жығылмасы бар ма, оның үстінен қарғимын деп біздің Қасқақұнанның шабы жыртылып кетті. Сөйтті де үшінші келе жатқан жылқы жүлдегер атанды. Ал мен көзімнің жасын құрғатпай біраз жүрдім, кейін осы оқиғаны аңызға айналдырып, Қасқақұнанның ерлігін мақтан тұттым. 
Барлық адамдардың жүзінен мейірімділік шуағы төгілген мезгілде әже қолынан ұстап, ауыл-ауыл, үй-үйді аралап, аман-саулықтарын білісеміз. «Жаман бала, таудай бол», – дейтін сөзді сан рет естіп, көбіне әкемнің баласымын деп жауап қайтаруды әдетке айналдырамын. Әбден шаршаған мен тыныштығымды әже арқасынан табамын. Көзімді ашсам үй іші шуылдасып жатыр. Әркім өзінше күні бойғы оқиғаларды тізбектеп айтып, қыран-топан күлгіге басады. Ал мен болсам: «Ертең тағы да Наурыз болса ғой», – деп тәтті ұйқының құшағына еніп кетемін.

Мәулен Әнербай