НАУРЫЗ НҰХТАН БАСТАЛАДЫ

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 1521
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұл күні көшпенді тарихынан там-тұм ғана тін тартсаңыз, ар жағынан тұтас түркінің толағай тұлғасы сұлбасын сызып шыға келердей құдіретті. Неге? Әлде біздің тағдырымыз табанымыздағы топырақ – атамыз Алаш алып-алып басқан осынау абат аймақтан  бір елі ажырамай, кіндігіміздің дәл мұнда байланғанынан ба еді, кім біліпті?! Әйтеуір, басқа күнін қайдам, дәл осы таңда бұл ұйықтың бейтаныс, қиуа бір түкпірінен балбал көрсек те басымызды сүйеп еңкілдей кеп бір жылардай күй кешетініміз тағы несі? Бұл – ыстық жүректің алқымындағы алғаусыз жас. Бұл – тәбәрігі тауысқысыз тарихтың көмейіндегі күмбірлеген ұлы қуанышы. Себебі, бізде бұл мейрамды жақсы көрудің өзі өзге мерекеден басқаша болуы керек-ті. Тіпті, осы тақырыпты да біз мүлдем басқаша жазуымыз тиіс-ті.

Басқаша жазу демекші, хакім Абай «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтар дәуіріне тірей келіп, «хибаги», «хүзағи» деп аталған заманда бұл мерекенің болғандығын, «ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың Ұлы күні» дейді екен» деп тәпсірлеп көрген. 
Мұнан соң: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп», – деген мәтелді мысқыл мен кекесінге сүйеп айтып: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар. Ол – Наурыз», – деп түгел ойын төрт ауыз сөзге сыйғызған Міржақып Дулатовтың да пікіріне құлақ түрген абзал.
Ол ол ма, Алаш бәйтерегінің мәуелі бір бұтағы болған Ахмет Байтұрсынов та Наурыздың қазақша жыл басы, қазақтардың ұлттық мейрамы екенін атап өтеді. Әрі ары қарай: «Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі. Қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі», – деп орамы бөлек ой айтады. 
Осы үш таған пікірдің өзі көп күрмеудің түйіншегін шешіп, сан сауалдың сарабын «мінекейлеп» ұсынған болса керек. Өйткені, бұл алыптардың бүгінгі бүтін қазақ үшін аты мәлім де, атқарған ісі түгел өнегелі. Ал жоғарыда аталған «Наурыз мейрамы» мен «Ұлыстың Ұлы күні» немесе «Жаңа жыл» атауларының дәлме-дәл тарихи ақиқатына келер болсақ, оның жайы біз сөйлеткелі отырған арнайы дәйектердің еншісінде. 
Әуелі «Наурыз» сөзінің бастапқы жасалым қағидасына, түп- тегіне үңілсек, бұл атаудың парсыдан кіргендігі анықталады. Нақпа-нақ аудармасы – «жаңа күн». Осы парсылық «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшыраса да көп халықтың тілінде әуелгі мағынасы бойынша сақталып қалған. Айталық, немісше «нойе», латынша «нео», тіпті орысша «нов» сөздеріне негіз болған дейтін түрлі болжамның бары да рас. Тиісінше, бұған ұқсамайтын, ұқсаса да тұлғалық жақтан көптеп өзгеріске түскен атаулар тізбегі де молынан кездеседі. Мәселенки, осы күнді гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «гүлнаурыз», соғдылықтар «наусарыз» десе, хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», армияндар «навасарди», ал буряттар «саган сара»  деп әр ұлт өз түсінігіне орай түрліше атаған. Демек, мейрам сипаты тұрғысынан көп халыққа ортақ ерекшелікке ие болғанмен, оның нақты жалпыға ортақ бір атауы болмағанға ұқсайды. 
Сол себептен болар, «Наурыз» жайы сөз болғанда қариялар кейде әлденеге кейігендей болып: «Әй, ол қызылбастардың шығарып жүрген атауы ғой. Қазақ бұл мейрамды бұрыннан «Ұлыстың Ұлы күні», я болмаса, «Амал мейрамы» деп атаған. Сенбесеңдер, Нұх пайғамбар жайындағы аңызға құлақ түріңдер», – деп дауға нүкте қоятын да шектелетін. Ары қарай жарытып ештеңе де айтпайтын. Сөйтіп, бәрі де есте жоқ ескі заманнан қалған естеліктің жыртындысындай тым шолақ қайырылатын да, оның өзге құпиясы бізді қызықтыратын. Сосын қызылбастардың бүгінгі ирандықтар екенін ептеп сұрастырып білетінбіз де, ары қарай топан судан аман қалған «Нұх кемесі» жайлы аңызға жиі құлақ түретінбіз. 
Сөйтсек, атақты Мәшһүр Жүсіп те бұл тақырыпта қалам тербепті.  Әулиенің «Нұх, Наурыз тарихы» деген еңбегіне сүйенсек, онда топан суынан Қазығұрт тауына келгенде ғана құтылып, табандары жерге тиген кемедегі біреуінің әкесі, біреуінің баласы, ал енді біреулерінің бауыры қырылып, «салт бас, сабау қамшылы» болып судан шыққан бұлар қолда қалған азықтың барын жинап, қазан көтеріп, бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп тойлатқаны жайлы баяндалады. Мұндайда бұған сіз: «Қанша жерден Мәшһүр Жүсіп жазды дегенмен, арқауы аңыз ғой», – деп қарсы бір уәж айтарсыз, айтпассыз. Оған біз келесі бір дерек арқылы дәйегімізді үстеу арқылы жауап бермекпіз. 
Белгiлi әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтiң пiкiрiнше, Наурыз мерекесiн көшпелi түркi жұрты зороастризм сенiмiнен бұрын тойлаған. Оған дәлел ретiнде көне «Афрасиаб» жырын мысалға келтiредi. «Афрасиаб» жырында көшпелiлер көктем шыға Ұлыстың Ұлы күнiн тойлағаны айтылады. Бұған қоса, ғалым жоғарыда біз тілге тиек еткен «наурыз» атауы туралы тоқталып, оның Иран мәдениетiнен Тұран мәдениетiне сiңiскен термин екенін растайды. Яғни, көшпелi түркi жұртының Ұлыстың Ұлы күнiн тойлауы – «наурыз» терминiмен бекiтiлгенмен, мазмұн тұрғысынан алып қарағанда бұл мейрам ежелден түркi жұртында бар дәстүр деп бiледi. 
Дәстүрді айтпақшы, дәстүрлі қазақ қоғамында бұл мейрамның өзгеше түс алғаны белгілі. Соның ішінде ерте кезеңдерде адамдар бір күнін тепе-теңдік, кішіпейілдікке арнап, патша тағынан түсіп қара болып, қара шекпенін тастап бір күнге патша болғаны айтылады. Ал мұндағы кешірімнің, адамдар  өзара бауырласу «науқанының» қаншалық деңгейде аталып өткенін айтып отырудың өзі артық болса керек. 
Тағы да тарихқа жүгінсек, этнограф, ғалым Жағда Бабалық зерттеулері бойынша, қытай жылнамаларында арғы ата-бабаларымыз саналатын ғұндардың Наурыз мерекесiн тойлағаны жазылған. Бұл туралы ол «Наурыз – мұқым ғаламның жыл басы мерекесі» деген мақаласында егжей-тегжейлі атап өткен. Сол мақаланың бір жүлгесінде Ғұн қағандары күн мен түн теңелген 22 наурыз күнi атқарған істері жазылады. Онда олар таңалакеуiмде таудың басына шығып, көкке қолын жайып, Тәңiрден тiлек тiлеп «Әумин» дескеннен кейiн, абыздар қобызбен аңыратып тұрып 9 қоңыр күй тартып, iле-шала 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй шертетіні, яғни әр күнге бiр күйден арнайтыны айтылған. Осылайша Наурыз мейрамы басталып, түрлi дәнді дақылдан наурызкөже жасалып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар өткiзiлiп, ат шаптырып, көкпар тартылып, мерекенi мәре-сәре болып тойлаған. 
Бұған қарап-ақ бұл мейрамның тарихының тым ерек екенін бағамдауға болатындай. Сөз реті келгенде айта кетейік. Түркiнiң бiр бұтағы шуваштар да Наурызды тойлайды. Оны айтатынымыз – осы шуваштарға қоңсылас отырған Самара өңiрiнiң қазақтары Наурыз мерекесiн «Қамал айт» деп атайды. Наурыз мерекесiн бұлай атауының себебi, осы күнi қамал (көктемнiң алғашқы айының парсыша атауы) айы туады. Сондықтан да олар бұл мерекені басқаша атап дағдыланған. 
Бұл ретте тағы әдебиеттанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметовтiң «Наурыз мерекесi зороастаризм сенiмiнен бұрын бар болатын» деген пiкiрiн ескере кеткеніміз жөн. Сонда сіз: «Жарайды, бұрын-ақ болды делік. Онда неге біздің жұрт Жаңа жыл деп қаңтардың алғашқы күнін айтқан?» деген тағы бір сауалдың маңдайын жарқыратарыңыз мүмкін. Ендеше, төмендегі мына бір деректің осы арадан ойып тұрып орын алуы да заңды сияқты. 
Рим империясын мысалға алайық. Бұл елде де ерте ғасырларда наурыз айы жыл басы болыпты. Тек біздің заманымыздың 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, жаңа жылға діни мағына береді. Сөйтіп, ол жыл басын 1 қаңтарға көшіріп, осы үлгісі кейін біртіндеп әлемдік әмбебап күнтізбе ретінде қолданылып кеткен-ді. Тіпті, осы бір айтулы көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі.
Тағы да сөздің сәті келгенде «Жаңа жыл» жайында бір ауыз сөз айта кеткеніміз артық болмас. Бүгінде қыстың қырауында, ақ қар, көк мұзда тойланатын осы мерекенің негізгі ерекшеліктері – «Аязатаның аралауы» мен «Шыршаны айналу» түсініктеріне  терең үңілген жанның аздығы соншалық, оның түпкі себебінің бар-жоғына мән бермейді. Енді, осы жерден бұл әңгімені сәл тоқтата тұрып, біздегі халықтық мифологияға ден қойсақ, мәселенің мәні өздігінен сайрай жөнелсе керек-тін. Сан ғасырлар қойнауынан сыр тартқан дәстүрлі қазақ ұғымында 21 наурыз түні жалпақ даланы Қыдыр ата аралайтыны турасында тамаша түсінік бар. Былайша, «биік сенім» деп айтсаңыз да еш оғаштығы жоқ-ты. Бақсаңыз, екеуінде де беймәлім бір атаның ел аралайтыны айтылады. Ал айырмашылығы дейсіз бе, жер мен көктей. Біреуі – балаларға кәмпит-сәмпит тасып, қала кезіп есік қақса, келесісі – дала кезіп, ниеті түзу, көңілі адал жандардың шаңырағына бақ қондырып, шарапатымен шар дүниенің шаттығын сол жандарға уыстатқандай күй кештіреді.
Әлемдік күнтізбе есебіндегі аталған мереке тәртібіне орай «шыршаны айналу» бұлжымайтын заң сияқты. Ал жоғарыдағы ғалымдар айтқан, әулиелер тәпсірлеген тарихнама әспетіндегі түрлі ойларға сүйенсек, «Ұлыстың Ұлы күні» мейрамында ерте түркілік – тәңірлік қағидаттардың да ықпалы болғанын, оның қатарында күнге, жерге, отқа құрмет істелгенін ұмытпағанымыз абзал. Енді осындағы отқа құрметтің мерекелік символы  қоршай келіп отты айналу екенін тағы еске салғымыз келеді. Қарап тұрсаңыз, біреуінде ел шыршаны айнала жүгірсе, енді біреусінде отты шеңбер жасай айналады. Осы екі мысалға бір қарап, жоғарыда келтірілген құнды деректерге екі қарап-ақ көкірегі ояу, көзі ашық оқырман біздің әдепкі ойды топшылар, көздеген мақсаттың діттеген тұсын таныр деп білеміз.

Енді, сіз осы жайлардың барлығын ақылмен аңдап, санамен салмақтап көрсеңіз, бір ғана Ұлыстың Ұлы күнінің – тауанды тарихтың топырақ асты көмілген үлкен бір айнасы екенін бағамдаған боларсыз. Сол айнадан жоталы-жонды шежірелердің бір ұшын  тапсақ, оның өзі қазақ үшін үлкен олжа.

Тақырыпқа тұздық

Әдетте көптің көңілінде «Басқасы басқа, Наурызда неліктен садақ жарысы ұйымдастырылған?» деген ұры сауалдың жататыны рас. Онда біле жүріңіз. Бұл бағзы күннен жеткен ұлттық танымның бір қайнары деуге болады. Мәселен, ерте  дәуірлерде садақ – кеңістіктің, ана тектің, судың таңбасы болса,  оқ – уақыттың баламасы ретінде бүкіл ғаламның, ата- тектің, ағаштың таңбасы ретінде қарастырылған. Ежелгі қазақтардың тілінде суды да «жай» (оқ), садақты да «жай» деп атағаны мәлім. Осы таңбаларға байланысты «Оғыз қаған» эпосында былай деп айтылады: «Осы Ұлуқ Түрүк күндерде бір күн ұйқыда бір алтын жай көрді, тағы да үш күміс оқ көрді. Бұл алтын жай күн шығар жерден күн батар жерге дейін тиіп тұр еді. Ал үш күміс оқ солтүстікке қарай өтіп бара жатыр еді», – делінген. Осы ретте «Оғыз қаған» эпосының, көне тілдер түсінігінің тарихын зерттеушілердің пайымдауынша, бұл эпостағы күн шығар жерден күн батар жерге дейін созылған алтын жай – о баста жер бетін қаптаған судың, ал солтүстікке қарай атылып бара жатқан үш күміс оқ – о баста судан жаратылған жер, тау және бәйтеректің яғни, тұтас ғалам өзегінің таңбасы болған болуы мүмкін. Олай болса, мейрамда садақ атып жарысу – ғаламды, жарасымды өмірді бейнелеу деген сөз.

Біле жүріңіз!

Наурызек – Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. 
Наурызшешек – Наурыз айында өсетін жапырақты, қауашақты әсем өсімдік, шөп.
Наурызша – Наурыз айында түсетін жұп-жұқа, қиықша қырбық қар.

 

 

Қозыбай ҚҰРМАН