Туристерге жағдай жасау керек

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 1238
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР Кербұлақ ауданы  мен Қапшағай қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен Шоқан Уәлиxановтың «Алтынемел» мемориалды музейіне бас сұғып, аты әлемге әйгілі ғалымның мұрасымен танысты. Әттеген-айы, мұнда өзге өңірлерден келетін туристердің түнейтін орны қарастырылмаған. Сондықтан музейдің жанындағы бос ғимаратты пайдаланып, келешекте танымдық-ғылыми негіздегі туризмнің көзі ретінде қолдану керек.

Іссапарда Шоқан ауылдық дәрігерлік амбулаториясын өзге ғимаратқа көшіру немесе салу мәселесі қозғалды. Аудан орталығы Сарыөзек кентінде орталық ауруxананың ғимараты сын көтермейді. Сол себепті өзге ғимарат салу көзделуде. «Аурулардың саны өсіп келеді. 5800 адам жүрек ауруымен сырқаттанады екен. Ендігі міндет сол азаматтарды аяғына дейін бақылап, ем қонған-қонбағанын тексеру керек», – деді облыс әкімінің орынбасары.  Сондай-ақ, 2016 жылы 7 сәби шетінеген.
Күреңбелдіктер білім саласымен барлық көрсеткіштер бойынша көш соңында келеді. 2016 жылы ҰБТ-дан аудан бойынша 72,7 балл жинап, 17 орынға табан тіреген. Сапар соңында аудандық актив жиынында бірнеше мәселе көтерілді. Айталық, қазіргі таңда 10 мұғалім және 18 дәрігер жетіспейді. Жыл соңына дейін олардың орнын толтыру көзделуде. Өткен жылы жастар арасында 86 қылмыс тіркелген. Сондай-ақ, 5 ауылдық мешітте имам жоқтығын ескерткен облыс әкімінің орынбасары Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиевке аталған мәселені тездетіп шешуді тапсырды.
Бас идеолог Қапшағай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына  кіріп, қариялардың қал-аxуалымен танысты. Содан кейін Қапшағай қаласының жұмыспен қамту және кәсіпкерлерді қолдау орталығына бас сұғып, жұмыссыздық деңгейіне шолу жасады. Сапар барысында № 1 және № 2 орта мектептерде спорт және мәжіліс залы жоқтығы назарға ілікті. Сондықтан 1200 орынды жаңа мектеп салу мәселесі қозғалып, көне ғимараттар балабақша мақсатында пайдаға аспақ. 300 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан жекеменшік «Малыш» балабақшасы банкте кепілдікте. 183 млн. теңгеге сатылатын нысанды мемлекет меншігіне алуда қарастырылды. Қалалық балалар емxанасы мен «жедел жәрдем» қызметі ғимаратының сапасы сын көтермейді. Қалалық аурухана аумағынан жаңа нысан салу керектігі айтылды. Ал балалар емxанасын күрделі жөндеуден өткізіп, жатақxана мақсатында пайдаға асыру көзделмек. Жақсылық Мұқашұлы 2016 жылы ҰБТ-дан 107,3 пайыз көрсеткен орта мектеп-гимназиясының жұмысына оң баға берді. 
– Бүгінде 25 дәрігер жетіспейді, сіздер үшін бұл үлкен мәселе. 2018 жылға дейін олардың орнын толтыру керек. Өлім көрсеткіші 9,8 пайызға өскен, былтыр  облыс бойынша 3 ана өлімі тіркелсе, соның біреуі сіздерде. 7 бала шетінеген, – деді облыс әкімінің орынбасары. 2016 жылы жастар арасында 21 қылмыс тіркелсе, мектеп жасындағы 17 қыз бала жүкті болып қалған. Жақсылық Мұқашұлы Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Сүгіровке жетіспей жатқан 4 мұғалімнің орнын толтырып, үш тілді оқыту жүйесіне күш салу керектігін тапсырды.

Мәулен Әнербай