Татулық пен теңдік тойы

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 1700
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ханкелді Әбжанов,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және  этнология институтының директоры,  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.

– Наурыз мейрамы қазақ даласына қалай келді және қалай тойланған?
– Қазақ даласының парсы елімен байланысы Тұмар ханым мен Зарина заманынан белгілі. Демек, Наурыз қазақ топырағына ерте ғасырларда келсе керек. Қазақ хандығы тұсында да Ұлы Дала елінің айтулы мерекесі мәртебесіне ие болғаны сөзсіз. Сол күні айтылатын ықылас-тілектер, берілетін баталар, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Дәулетті бас берсін», «Ұлыстың Ұлы күнінде ұлың оңға қонсын, қызың қырға қонсын» деген сөздер дәстүрлі қоғамның қаймағы бұзылмай тұрған жай-күйін бейнелейді. М.Ж. Көпеевтің дерегіне сүйенсек, қазақ қоғамы наурызды сегіз күн тойлапты. Осының бәрі адамдардың өзара сыйластығын, түсіністіктерін бекіте түсу үшін қажет. Адамдар арасындағы достық пен сенім қоғамның тұрақты да орнықты дамуына ауадай қажет екендігін дәлелдеудің өзі басы артық әурешілік. Демек, Наурыз мейрамы мемлекеттілікті сақтаудың басты шартын ғана көрсетіп қоймайды, мемлекеттілігін қалыптастырған халықтардың болашаққа ұмтылысын да бейнелейді. Наурыз мейрамын «Ұлыстың Ұлы күні» ретінде ұлықтаудан осыны көргеніміз ләзім. «Ұлыс» сөзінің дәлме-дәл баламасы – «держава». Бұл ұғым-түсінік төрт құбыласы тең мемлекетке қаратыла айтылады. Адамды адамның қанауы шектен шықпаған, дәстүрлі демократиясы бай мен кедейді бір-біріне ата жауға айналдырмаған, бодандық пен отарлықтың ауылы алыс  қазақ елінде Наурыздың арқалап тұрған жүгі тіпті ерекше еді.
Патшалық отарлаудың зорлығы асқынған ХХ ғасыр басында наурызды тойлау дағдарысқа ұшыраған тәрізді. Жер-жерде Ұлыстың ұлы күнін атап өту бәсең тартыпты. Абайдың: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», – деп өткен шақта жазуы кездейсоқ емес. 
Бұл ойымызды «Қазақ» газетінің 1913 жылғы дерегі де мақұлдай түседі. Авторы көрсетілмеген «Наурыз» атты мақалада: «Наурыз қазақша жыл басы, бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді», – дей келе, Наурыздың қай айда, қай күні келетіні жазылған. Әйтсе де оның табиғатпен, адамдар тіршілігімен байланысы дәлме-дәл сипатталған: «Біздің жаңа жылымыз наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қарайып, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып гүлденіп, жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып, жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – Наурыз туып, ата-ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді». Мақала: «Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз», – деген сөздермен аяқталады. 
– Кеңес дәуірінде бұл мерекеге неге тыйым салынды?
– Таптық идеологияны бәрінен жоғары қойған большевиктер Наурыз мейрамын қабылдамады. Тоталитарлық билік үстемдік құрған Қазақстанда ол 1926 жылдан ашық тойлауға тыйым салынды. Сылтауы – діни мейрам. Әз Наурыздың діни мазмұн мен сипаттан адалығы ешкімді жасына, жынысына, ұлтына, әлеуметтік мәртебесіне қарай алаламайтынынан көрініп тұр. Мейрам күні еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, құрық ұстаған жылқышыдан тақтағы патшаға дейін өзінің де, елінің де тілеуін тілейді. Омар Һаям: «Кімде-кім Наурыз мерекесінде қуанып жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген», – деп жазуы әсте бекер емес. 
Тамыры тереңге тартқан құндылық халық жадынан өшпеді. Ақыры үлкен үмітпен жарияланған қайта құру кеңестік жүйенің құруына әкеле бастаған 1988 жылы коммунистік басшылық қалың көпшілік көңілінен шығу ниетімен жыл басы Наурызды тойлауға рұқсат берді. Алғашқыда бұл той сәуір-мамыр айларында да аталып жатты. Жүйелі жолға түскеніміз кейініректе ғой. 
Кеңестік жылдардың өзінде еліміздің  батысында ол 14-наурыз күні «көрісу» деген ерекше  атаумен ашылатын. Қараша мен желтоқсанда күшіне кірген қыстың құрсауынан шыға алмай қалған ел-жұрт, ағайын-туыстар арада 4-5 ай уақыт өткен соң ғана қатынас жолдары ашылып, әрі-бері жүруге мүмкіншілік туғанда қайта қауышуға, көрісуге қолдары жеткендіктен осылай атаса керек. Менің ойымша, көрісудің маңызы мен қадірін енді барынша арттырған жөн.  Сонда ұлық мейрамды ұлықтау 2-3 күн ішінде тына қалмайды. Қытайлар тәрізді жаңа жылды бір ай бойы дүркіретпесек те, неге     9-10 күн қатарынан қызықтамасқа?! 
Тәуелсіз мемлекетіміз үшін Наурыз мейрамының мәні мен мазмұны неде?
– Наурыз мейрамы, ашығын айтқанда, табиғатқа емес, адамдарға, мемлекетімізге қажет. Наурыз жыл басы деп танылғанымен оның барша болмысы, философиясы жыл алмасумен шектелмейді. Алдағы күннен жақсылық күткендіктен үлкен-кішінің араласуымен тартымды, мазмұнды рәсімдер атқарылады. Өзіміз жылда көріп жүргендей, наурызкөже дайындалады, көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын-ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. 
Наурыз мемлекеттілікпен, заңмен, ресми билікпен тығыз астасып кеткенін кезінде тап осы күні бай мен жарлының теңескенінен, тіпті жүріп жатқан соғыс қимылдарының тоқтайтынынан көруге болады. Күн мен түннің теңелгені, алдағы уақытта күннің ұзақтығы артатыны қоғамдық санада адамның, мемлекеттің өмірінің ұзарғаны, жасампаз қабілетінің артқаны ретінде қабылданып, амандықтың жамандықты жеңгеніне дәлел орнына жүрді. Мемлекет үшін бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін. Елбасымыз Н. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Наурыз – ерлік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз әз Наурызбен біте қайнасқан».
Еуразия кеңістігінде орналасқан Қазақстан Батыс пен Шығыс өркениеттерін ежелден жатсынбай қабылдауда, бойына сіңіруде. Екі өркениет арасындағы бәсеке мен өзгешеліктерді де сезінуде. Солардың бір парасы Батыс Жаңа жылы мен Шығыс Наурызы арасында жүріп жатқандықтан әзірге ол 1 қаңтардың пайдасына шешілуде. Себебі, 1 қаңтарға даярлықты бір ай бұрын бастаймыз, құлаш-құлаш жарнамалар ілінеді, көтеріңкі көңіл-күйге толы мақалалар жарияланады. Наурыз тойы қарсаңында осылардың оннан бірі де атқарылмайды. 
Наурызды қарсы алу, тойлау жаңаша ізденісті талап етеді. «Шын мағынасында Жаңа жыл енді келді, табиғатпен бірге адам да жаңарды» деген идеяны ұлықтай отырып, алдын ала жарнама жасалып, хабар таратылып, жарыс, ойын-сауықтар өткізілгені жөн. Әдетте желтоқсанның аяғында біз жылдың қорытындысын шығарамыз. Осындай салтанат Наурызға жетпей жатыр. Елде өткен түрлі жарыс, байқаудың нәтижесі Наурызда да шығарылып, мемлекеттік марапат, Үкімет сыйлығы Наурызда берілуі керек. Наурызда мемлекеттік марапат беріліп, басқа да түрлі игі шара іске асып жатса, онда халық, әрине, оны асыға күтеді. Наурызды саясаттың өте пәрменді тетігіне айналдыратын уақыт келді. Оның мәні киіз үй тігу емес. Осыны сылтауратып, солтүстік өңірдегі кейбір басшылар Ұлыстың Ұлы күнін сәуір айында атап өтуге ұсыныс айтып жүр. Уәжі – Наурызда қыстың салқыны басылмайды, киіз үйдегілер тоңады-мыс. Сонда желтоқсанның 31 жұлдызы май тоңғысыз жылы болғаны ғой. Дұрысы – Наурыз тойын мемлекеттік саясат, идеология, тәрбие жұмыстарының басты буыны мәртебесіне көтерген. Қазақстандық патриотизмді І Петр патша бекемдеген            1-қаңтармен қалыптастыра алмаспыз, ал ғасырлар бойы бабаларымыз қастерлеген әз Наурызбен қомақты нәтижеге қол жеткізетініміз ақиқат.
Әрине, тойдың көп болғанынан зиян жоқ. Дегенмен, үш тойды – Тәуелсіздік күнін, Наурыз мейрамын, Құрбан айт күндерін бәрінен биік қойсақ мемлекет құраушы ұлттың ішкі тұтастығын арттыра түсер едік. Бұған құқықтық негіз де бар. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-сессиясында 21 наурыз халықаралық Наурыз күні ретінде танылды. БҰҰ Наурызбен байланысты дәстүрлер мен мәдениеттерді сақтап қалу және ары қарай дамыту шараларын қолдайтынын білдірді. Қажет болған жағдайда Наурыз мерекесінің танымалдылығын арттыру үшін мүше мемлекеттерді ынталандыратынын мойнына алды. Әлемдік қауымдастықты Наурыз жөнінде хабардар ету үшін осы мереке аталып өтетін мүше-мемлекеттерді Наурыздың шығу тарихын зерттеуге шақырды. Сол жылғы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның пікірі де қабылданған шешімді қуаттай түседі. «БҰҰ Бас Ассамблеясының Наурызды (Новруз, Навруз-байрам, Яран Сувар) «Халықаралық күн» деп тануы туралы шешімі, – дейді ол, – мереке маңызының белгілі бір аймақтарда ғана емес, бүкіл әлем бойынша артып келе жатқанының айғағы. Мыңжылдықтар бойы астрономиялық көктем келетін уақытта, яғни, күн экваторды кесіп өтіп, солтүстік жарты шарды артқа тастаған мезгілде Балқан, Қара теңіз Орталық Азия, Таяу Шығыс және басқа да аймақтар халқы осы мерекеге айналған әдет-ғұрыптарын жасайды».
– Жетісу жұртшылығына айтар тілегіңіз?
– Наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күнінде жер жаннаты Жетісу масатыдай құлпырып, берекемізді кіргізсін. Баршамыздың рухымызды көтеретін ұлық мереке Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін, интеллектуалдық әлеуетін  арттыратынына кәміл сенемін. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуат Қайранбаев.