Наурызды аңсаған ақын

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 1704
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қызыл империяның қанды шеңгелі Ұлыстың ұлы күнін ұзын-ырғасы 64 жыл бойы тұншықтырды. Өз зерттеулерінде Мәшһүр Жүсіп пен Абай арнайы атап өтіп, Әлихан, Ахмет, Міржақыптар жанын сала насихаттаған Наурыз мейрамы саф дінімізбен сабақтас болғаны үшін айғақсыз айыптауларға ілікті. Ақыры Алтай мен Атыраудың арасында алтыбақан теуіп, ақшаңқан үйлердің шаңырағын көтерген ақкөңіл ағайынның ауызбірлігі ажырады. Ойдағы мен қырдағы қазақты кеуде қағыстырып көрістіретін көрікті мерекенің жолын кеудемсоқ коммунистер кесті.

Наурызды тойлауға әлі күнге тәуелсіздікті терең түсінбейтін кейбір кәрі-құртаңның аңсары – кешегі кеңес билігі тыйым салып келіпті. Бұл думанды мерекеге емес, дүйім ұлтқа түскен темір тұсау еді. Алаш көсемдері жұмыр жер жаңаратын ұлы күннің қуанышына кішкентайларынан куә болып өсті. Ал Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали МАҚАТАЕВ Наурыз мейрамын өмірінің соңғы жылдарында қатты сағынған. Тіпті, күн мен түннің теңелгенін тойлайтын туған елін бір кезде ұмыт қалған тарихи мұрасымен қайта қауыштыру үшін «Наурыз айы туғанда» өлеңін жазады. Өлең идеясын бір оқығаннан байыптау қиын. Ақиық ақынның сегіз бунақты шұбыртпалы ұйқасынан ұлттық мақсат-мұраттың лебі еседі. Наурызды, балалық шағында жасырын тойланып жүрген Ұлыстың ұлы күнін аңсау өлең мәтінінде менмұндалап тұр.
Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда, – дейді ақын қызыл идеологияның қағидаларына қарсы шығып. Расында, кеңес билігіне бұл өлең мүлде түсініксіз, тіпті, оғаш естілді. Олар жыр идеясына қанша үңілсе де тәуелсіздікті аңсау бар екенін сезінген жоқ. Ал наурыз қай айдың атауы екенін ажырата алмайтын коммунист жастарға Мұқағалидың жаңа өлеңі мүлде бейтаныс болды. Ақынның миллиондаған оқырманы өлең мазмұнынан көктемнің көрінісін, соған халықтың шаттанғанын ғана байқайтын. Мұқағалидың аталған өлеңінде бейнелі сөз көп. Бірақ әр сөздің қойнауында қазақ, ұлт, дәстүр, Наурыз тойы, еркіндік секілді терең ұғымдар жатты.
Ақын тойдың атауын нақты көрсетпейді. Мекенін де «маң» деген жалпы есіммен бүркей салады. Алайда көпшілікке белгісіз бір тойдың, қуанышты шараның өтіп жатқанын дәл көрсетеді. «Бұл маңда» деп отырғаны – Қазақстан, атамекен, туған жер. Той болатын жалғыз Алатаудың тірсегі, Хантәңірінің етегі емес, қайталап айтамыз, қалың елдің атақонысы – Қазақстан. Ел көлемінде тойланатын жыл басы – Самарқанның көк тасы жібитін ұлы күн неге көмескі тартып кетті? Шынымен де, иісі қазақтың құшағын құтқа толтырған Наурыз мерекесі кеңестік биліктің тыйымымен ұмытылғаны ма? «Сақталушы еді сыбаға, Сапарға кеткен ұлдарға», – дейді Мұқағали. Мүмкіндігінше, там-тұмдап, барынша жіңішкелеп, кеңестік идеяның ара-арасымен Наурыз тойында орындалатын жөн-жоралғыларды жырға қосып қояды.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.
Шып-шымыр, жұп-жұмыр тармақтар біртекті аллитерация әдісімен көзге түседі. Ақын астарлы ойын, Ұлыстың ұлы күніне деген сағынышын осы әдіспен өзінше жұмбақтап жібергендей. Ақын дәстүрлі қазақ әндерінің шырқалуын, бабалар күйінің сарынын «шанақтан шашылған ырыс» деген тармаққа сыйдырып жібереді. Қар көбесі сөгіліп, қыстан аман шыққан ағайынның арқа-жарқа болып көрісуін, бір сөзбен айтқанда, Наурыз думанын «бір үй бір үйді шақыратын барша елдің игі шаттығымен» астарлап жеткізеді.
Рас, ақиық ақын Наурыз тойының ел көлемінде тойланғанын көрген жоқ. Бірақ ауыл арасындағы жасырын наурызкөженің пісірілгенін, бір-біріне кіріп, құтты болсын айтысқан ағайынның қуанышын бала жүрегімен талай байқаған. Есейе келе мұның бәрі қызыл саясаттың қастандығы екенін түсінген. 1973 жылы жазылған өлеңде Наурызды аңсау әр тармағынан, әр сөзінен көрінеді. Басқаша айтсақ, өлеңнің сарынынан Наурызды жоқтап отырған ақынның ащы зарын естуге болады.
Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде,
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де арманда,
Арманда  оны көрген де.
Байқадыңыз ба, ақын өлеңнің соңғы шумағында Наурыз тойын айқындап атап өтеді. Кеңестің тұншықтырып отырған саясатына қарсы тұяқ серпиді. Мұқағали бұл өлеңінде тілінен айырылып бара жатқан қазақ жұртына төл мерекесін – Наурызды қайтаруға күш салатын сияқты. Үнемі «еді» деген етістік арқылы өзінің аңсар сезімін жар салады. Лирикалық жырларына қанық оқырмандарына қазақтың ғажайып мерекесі ұмытылып бара жатқанын айтады. Наурыз мерекесі тұрмақ, атауын да естімеген кейінгі жас ұрпаққа Ұлыс күнінің кереметін бір шумақ өлеңімен жеткізіп береді. «Көрмегендер де арманда, Арманда оны көрген де», – дейді ақын. Наурызға жастарды, қалың оқырманын ынтықтыра түседі. Келесі тармағында Мұқағалидың туған күніне қатысты жаңа деректің беті қылтияды.
Келіп ем өмір-орманға,
Наурыз айы келгенде.
Ақын өмір атты орманға дәл Ұлыстың ұлы күні тойланатын Наурызда келген секілді. Әдетте, біз ақпанда деп жүрміз. Әрине, бұл туралы талай авторлардың мақалаларында айтылды да, жан-жақты зерттелді де. Ақынның бүгінде қос туған күні бар. Біріншісі – құжаттағы, екіншісі – өлеңдегі.
Бауыры жылып науат-қар,
Бабымен ғана жібиді.
Наурыздың кереметін бұдан артық суреттеу мүмкін емес. Керемет қой. Дәл қазіргі сәт. Дәл қазіргі мезгілдің бейнесі. Мұқағалидың арманы орындалды. Аңсаған, сағынған Наурызын тәуелсіз ел ай бойы тойлайды.

Бізден бір пікір

ӘН ҚАЛАЙ ТУДЫ?

Роза РЫМБАЕВА,
Қазақстанның Халық әртісі.

– Әлі есімде, Наурызды тойлауға рұқсат берілген 1988 жылы иісі қазақ түгел қуанды. Наурыздың қандай ұлы мейрам екенін паш ететін ән орындау керек болды. Осы міндет маған жүктелген еді. Ақындардың өлеңдерін қалт жібермей оқыдым. Тарихи жырларға, дастандарға, халық ауыз әдебиетіне жүгіндім. Алайда Наурыз туралы мардымды ешнәрсе таба алмадым. Өзіңіз ойлаңыз, 60 жылдан астам уақыт қазақ қоғамы Ұлыс күнінен қол үзген. Мұқағалидың өлеңдерінен табамын деп ойламаппын. Ақиық ақынның кітабынан «Наурыз айы туғанда» деген өлең жарқ етіп шыға келді.  Өлеңнің мазмұнында көктемнің көрінісі, тұмса табиғат, Наурыздың қалай тойланатыны бәрі-бәрі жазылыпты.
Ендігі міндет – өлеңге ән жазу. Дереу марқұм Тасқын Оқапов, сазгер Талғат Сарыбаев үшеуміз кірісіп кеттік. Әнді Талғат жазып шықты. Ал Тасқын әннің арасына «Шернияз» деген халық күйін қосуды ұсынды. Бұл идея біздің туындымызды одан әрі жандандырып жіберді. Ән алғаш 1988 жылдың көктемінде, бүкіл қазақ Ұлыс күнімен қайта қауышқанда Алматыдағы филармонияда шырқалды. Әнді танымал күйші Әбдулхамит Райымбергеновтің ансамблі сүйемелдеді. 

 

ЖАСЫРЫН ТОЙЛАНДЫ

Батық МӘЖИТҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Мұқағалитанушы.

– Мұқағалидың заманында Наурыз мейрамы 1960 жылдарға дейін жасырын тойланып жүрді. Қоғам коммунизмді орнатуға атсалысып жатса, Мұқағали қайтыс боларынан үш жыл бұрын Наурызды жырлайды. Бұл өлеңде ақынның азаттықты аңсауы жатыр. Тағы бір ерекшелігі, Мұқағали көпшілікпен бірге жыл он екі айды орысша атай бермейді. Наурыз бен ақпанды қазақша атаған.
Мәселен, «1941 жыл, ақпандатқан» деген өлеңінде ол кәдімгі біз қолданып жүрген жылдың екінші айын, ақпанды айтып тұрған жоқ. Қазақ бұрқасындатқан, қар құйындатқан кез келген суық айды ақпан деген. Ақын бала кезінен бері жасырын тойланған Наурыз мерекесін көрді, білді. Күн мен түннің теңелетінін түсінді. Қайталап айтамын, ақын Наурызды жырлай отырып, азаттықты, қазіргі тәуелсіздікті аңсаған. Осы күнді көргісі келген.

Қуаныш ТҰНҒАТАР