ШҰҒЫЛА

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 2045
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көк пен Жерді бәрінен де асқақ әспеттеп, көк шыққанда жыл өтті деп, ай толғанда ай өтті деп қуана тіршілік құрған байырғы бабаларымыз бұл кезеңде дүр сілкініп, жамандық атаулыны ұмытып, жарқын күндерге иек артқан. Күнге тағзым етіп, жаңа туған айда көңілге түйген көп істерін бастаған. Күннің өзін жанып тұрған от деп қабылдаған далалықтардың отпен аластау жоралғылары күні бүгінге дейін алтын тамыр жалғасып келе жатыр ел ішінде. 

Дей тұрсақ та, бір қынжылтары, әдепкідегідей емес, соңғы жылдары Наурыз мейрамының да «ыстық-суығы» басылып қалғандай сыңай байқалады. Жыл сайын сол бір сарынды шаралардың барлық мемекемелерде біркелкі балапандардай өріп жүргенін көреміз. Киіз үй тігіліп, ас та төк дастарқан мәзірі қамданады. Ары кетсе, тұсаукесер, келін түсіру, балаға ат қою секілді дәстүр-низамдары ұйымдастырылады, бері қайтарса ән шырқалып, би биленеді. Сонымен хош-аман бол айтысып жатқаны. Бұдан не ұттық?! Өскелең ұрпаққа не қалдырғандаймыз? Барымызды тамашалауға ынтыға көз қадап тұрған өзге этнос өкілдерінің жүрегін қайтіп селт еткізерміз.
Ұлт өзегіне ден қойып, ынта-ықылас таныта білсек, тіпті, жаһанға жарқыратар жақсы қырларымыз  жетерлік емес пе? Ана жылы осы Талдықорған шаһарындағы қазақ-түрік лицейінің төл жаңа жылымызға тән қамдаған қуанышына қатысқанымыз бар. Әдеттегідей құттықтау лебізінен соң түркиялық қандас ұстаздардың өздері бас бола дайындаған сахналық көріністі тамашаладық. Ортаға дәу қара тас қойылған.  Бір мезет айнала білектерін сыбанып тұрған шәкірттер қолдарындағы зілтабан балғаларымен әлгі тасты тұс-тұстан соққылап кеп берсін. «Бұларыңыз не, қара таста не кеткендеріңіз бар-ау?» – дейміз ғой таңданысымызды жасыра алмай: «Заманында арғы даңқты бабаларымыз Ергенеқон мекенінен тауды жарып шыққан. Елдігіміздің сол бір негізгі ақ бастауын ұрпақтар жадында ұялату үшін жылма-жыл тарихты осылай жаңғыртуды әдетке айналдырғанбыз» – дейді әлгі ұстаздар жүздері жайнап!
«О-оу, – дейміз біз. Ол – біздің де Ергенеқон ғой! Біздің де түп тарихымыз емес пе! Біздің де ата-бабаларымыз сол таудан шықты деп шежіремізде қатталып қалған». Ендеше, дәл осы арада Шәкәрімнің «Хан шежіресі» атты еңбегінен бір үзікке ден қоялық: «Мағол ханның баласы – Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан дегендер. Мағолдың орнына Қарахан болды. Ұлытау, Кішітауды жайлап, Қарақұрым, Сырдарияны қыстап жүрді. Мұның хан болғанын мұсылманша шежіре кітапта да «біздің пайғамбарлардан 3400 жыл бұрын» дейді. Бұл Оғузхан мықты хан болды, жер жүзінің талай жерін алған хан еді. Оғузхан деген атақты хан болғанын барша шежіренің бәрі айтады. Бұрынғы заманда Тоғыз Оғуз, Тоғыз Ұйғыр деп аталған халық соның нәсілі дейді. Мұның алты баласы – Айхан, Күнхан, Жұлдызхан, Таухан, Көкхан, Деңізхан. Оғузхан өлген соң Күнхан болды, онан соң Айхан болды, онан соң Жұлдызхан болды, оның орнына баласы Меңліхан болды, онан соң Деңізхан болды, онан соң баласы Елхан болды. Осының уақытында  татар ханы Сүйінішпенен соғысып, Сүйініш хан жеңіп, мағолды қырып, қалғанын құлданып, мағол атын біржола жоғалтты. Сол соғыста қолға түскен Елханның баласы Қиян мен інісі Нүгіз тұтқыннан қашып, қалған мағол менен малдарын жиып алып, бір қиын таудың ішіндегі айналасы жартас, кең дараға барып тығылды. Ол дараның атын Ергенеқон қойды. Мағынасы – «тіп-тік жартас» дегені. Себебі өздері келген жолдан басқа ешбір жолы жоқ, айналасы жартас еді. Келген жол да бек қиын, жаяулап азар келіп еді, тайып кеткен мал быт-шыт болушы еді. Төрт жүз елу жылдай сол дарада өсіп-өніп, онан соң сыймайтұғын болған соң, ақылдасып, бір енсізірек жартасты отпен өртеп қиратып шықты. Өздері келген жолдың топырақты жерлерін су бұзып, көп жыл өткендіктен жол болмай қалып еді. Сол дарадан шыққан күнді Мағол жұрты қатты құрметтеп, «байлаудан босанған күн» деп айт қылды. Бұл күнде Ергенеқон ішінде тұрған кездегі хан аталарын ешкім білмейді. Бірақ шыққандағы хандары Қиян нәсілінен Бөртешне деген кісі еді. Бұлар келіп татарды шауып, ата жұртын қайта алды».
Міне, жаңажылдық мейрамымыздың айналымға ену дәстүрін түркі халықтары осы Ергенеқоннан шыққан 22-наурыз күнімен байланыстырады. Жазба деректер де мұны бекіте түседі. Олай болса, неге біз бабаларымыздан жалғасқан төл мейрамымызды өзгелердің қанжығасына байлап беруге тиіспіз. Дәл осы ауанда барынша негіздей отырып, бүкіл түсіндіру һәм насихат жұмыстарын жандандыра жүргізуіміз қажет-ақ!
Бір ауық өткенімізден ой тербеп, толғана білсек, киелі жеріміз бен елімізге тән осы тектес әдет-ғұрып, дәстүр-салт, наным-сенім, тоқтау-тиым, тұрмыстық, отбасылық, атакәсіп, аңшылық секілді ұлықтығымызды паш етер ататек баяндарымыз артылып жығылады ғой. Балпаң-балпаң бастырып, құралайды көзге аттырып, батырлар жырының басты кейіпкерлері Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғындарды көпшілік алдына халықтың балы тамған жыр тілімен неге шығармасқа? Тіпті, өзімізді өзіміз мадақтамай-ақ қоялық,  баянды бабаларымызбен  қоян-қолтық араласқан Ибн Арабшахтың тамсана қалдырған мына бір лебізіне назар аударайықшы: «Дәшті – түрік тайпалары жайлаған, малы қисапсыз, жері құнарлы әрі байтақ, ауасы кең, суы таза, аңы мен құсы мол, төрт тарабы берік, өзгеше өлке. Бұл түріктердің тілі – бай, шешен, өмірі – мейлінше ізгі, тұлғалары – келісті, сындарлы, түрлері – шырайлы, айрықша сұлу. Әйелдері – күн кейіпті, ерлері – ай кейіпті, патшалары – басты, бектері – кеуделі. Әскері – қайтпас жаужүрек, ғаламат садақшы. Бұл жұрттың арасында өтірік жоқ, арамдық, қулық-сұмдық және жоқ. Еркін көшіп-қонуды ата салтына айналдырған, өзіне сенімді, ештеңеден жасқанып, қорықпайтын бір халық». Осы айшықтап айтылғандардың  бәрі дерлік Ұлыстың Ұлы Күні ерекше алға тартатын, басқаларға баса көрсететін  асыл құндылық, ерен артықшылықтарымыз емес пе! Сондай-ақ, халқымыздың келісті тұрмысына ертеден сіңісті болған еңселі арба-үйлері қазақ хандығы тұсында да сән-салтанатымен мерейімізді тасытты! Бұлар эпостық жырларымызда әдетте салқар көштердің  көркіне айналар көк күймелер күйінде көрініс тапқан. Мұны неге жаңғыртпасқа?! Жалпы, жаңа жылымыз турасында сөз қозғалғанда ұлттық құндылықтарымызды толайым көз алдымызға елестетуге ұмтылуымыз керек-ақ. Неге десеңіз, Наурыз – мыңдаған жылдарғы түзілген әдет-ғұрпымыздың, жиған-терген інжу-маржанымыздың алтын көмбесі, сәулелі сәті. Айталық, көне түркі күнтізбесі де осы жаңа жылымыздан бастау алады. Өзара тонның ішкі бауындай астасып жатыр ма, астасқанда қандай. Демек, екеуінің шығу тарихы телағыс! Сонымен қатар біздің эрамызға дейінгі мыңжылдықтар межесінде тұрандық патшалар, кейінгі Түрік Қағанаты, Еке Моғол Ұлысы қағандары да жыл басы шағында ілкіде аузымызға алынған көк күймелерге отырып алып  ел аралаған, халықтың хал-ақуалымен танысқан. Жұртқа жылы лебіздерін білдіріп, тентектерін тыйған, қайсібірлерінің жеңіл-желпі қылмыстарын кешірген.
Сонымен әлемге өркениет ұрығын таратқан ұлыдалалықтардың арқасында Наурыз тойы қарт құрлыққа, Таяу Шығыс, көршілес елдердің бірқатарына кеңінен жерсінген. Сол Еуропаңыздың аспанында билік бишігін ұзақ мерзім үйірген Рим империясында да жыл басы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырының ортасына дейін наурызда аталып өткен. Кейін Юлий Цезарь бұл ретте діни мағынаға ден қойып, жыл басын Христостың туған күні құрметіне 1-қаңтарға ауыстырған. Мұқым христиандық әлем мұны құптаса керек. Солай шыққанның өзінде де Наурыз он сегізінші ғасырға дейін Грекияда, Римде, Ұлыбританияда, Русьте ішінара мерекеленіп отырған. 
Әдетте әркімнің жүрек түбі, санасында берік бекіген баталы дәстүр ғана өміршең! Жанымызға жағып тұрғаны, сол қазақы қалып, салт-ұстанымымыздың шұғыласы енді жаһан кеңістігіне де жайыла бастады шырай тартып. Және бұл бізге таңсық та емес-ау. Тәуелсіз Қазақ еліне дейін Ұлы Даламызда жиырмаға жуық беделді мемлекет құрып, қырықтан аса қағандар мен хан-сұлтандардың билігін көрген тұрандық-түріктердің төрткүл дүниеге сөз саптап, өркениет ұрығын сепкендігі дәл бүгін әлемдегі есті жұрт атаулыға әбден мәшһүр. Ендеше, мынау бусанған ақ дүниемен бірге өзіміз де биіктеп, рухтана түссек дейміз. Асыл мұраттарымызбен үндесер Қыдыр түнін қарсы алып, кие мен құтқа толы, ұлттық әлпетіміздің бәденді белгісі әз Наурызымызды барынша қастерлей білейік. Иә, ағайын, Табиғат-анамыздан тіршілік тамырын ен тартып, алғаусыз мейірімді паш еткен Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Әміре  ӘРІН