Қауіпсіздік қамтамасыз етіледі

Уақыты: 30.03.2017
Оқылды: 1229
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің сәтті өтуіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ақпараттық-байланыс шаралары да айтарлықтай ықпал етеді. Осыған орай көрме алаңында  ІІМ ішкі істер  бөлімінің ресми ашылу рәсімі өтті.

Жиын барысында Астана қаласы бойынша ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жаңадан ашылған ішкі істер бөлімінің құрылымын таныстырды. Онда заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған кабинеттер, тир және спортзал, тағы да басқа  бөлмелер бар. Осы орайда журналистер «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы мен құқық қорғау органдары бірігіп әрекет етуге бағытталған ортақ жоспардың таныстырылымының куәсі болды. 
– ЭКСПО аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 9 мыңға жуық құқық қорғау органдарының өкілдері, Ұлттық гвардия мен Қорғаныс министрлігінің әскерилері, сондай-ақ, жеке күзет құрылымы мен еріктілер жұмылдырылады. Шетел азаматтарының өтініштеріне дер кезінде назар аудару үшін полиция қызметкерлеріне ағылшын тілін меңгеру курстары жүргізілуде, –  деді Астана қаласы ІІД басшысы Амантай Әубәкіров.
– Жұмыс қорытындысы бойынша «ЭКСПО – 2017 кешенді қауіпсіздік жүйесі» жобасы құрылып, жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тексеру құралдарымен жабдықтау, көрме аумағында қонақтарға жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету талап етіледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жүкті әйелдерге, балаларға арналған бөлек жол қарастырылған, – деп түсіндірді Ұлттық компания қауіпсіздік департаментінің директоры Рустам Чакенов. 
Тағы бір айта кетерлігі, ЭКСПО аумағында жедел әрекет ету үшін Астана қаласы ІІД оперативті басқару орталығына қосылған 2 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған және  адам тану міндеттерін атқаратын 140 бейнекамерасы сақадай сай. 
 Қауіпсіздік қызметімен қатар ақпараттық хабар тарату және байланыс қызметтері де жолға қойылған. Бұл туралы  ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев және «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК басқарма төрағасы бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен өткізген жиналыс барысында айтылды. Жиналыста баспасөз құралдарының өкілдері басылымдар мен редакциялық саясаттың бірегейлігін қамтамасыз ету мәселесін қозғады. 
– Еліміз бұл шараның қалай өткендігін ақпараттық тұрғыдан насихаттау арқылы биік беделге ие болатынын білемін. Сондықтан бар күшімізді саламыз. Ол туралы кешенді бағдарламалар дайындалып жатыр. Өз кезінде көрермендер үшін тиімді жұмыс атқарылатын болады, – деп атап өтті Ақпарат және байланыс министрі. 
Осы кездесу барысында немістің белгілі ішекті квартеті мен танымал виоленчелисінің 25 маусымда Астанада өнер көрсететіні белгілі болды. «Нью-Йорктегі Карнеги-Холл, Амстердамдағы Консертгебоу, Лондонның Вигмор холында, Берлин филармониясында және көптеген қалаларда өнер көрсеткен берлиндік «Кусс квартет» өзінің бірегей классикалық туындыларымен және қызықты музыкалық бағдарламасымен көрме қонақтарын тәнті етпек. 

Қажет АНДАС