Кореялықтар наурызды тамашалады

Уақыты: 30.03.2017
Оқылды: 1426
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев Оңтүстік Кореядан келген бір топ делегация өкілдерін қабылдады.  Таң самалы елінен келген қадірлі меймандар Наурыз тойын тамашалап, үлкен әсер алды. 

Емен-жарқын жүздесуде делегация өкілі, Чонсон уезі мэрінің орынбасары Шин Джу Хо мырза бұл жолғы іссапардың мақсаты – Қазақстан корейлерінің депортацияға ұшырауына 80 жыл толуына арналған іс-шара жоспарын талқылау әрі Наурыз мерекесіне арнайы келіп, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен етене танысу екенін мәлімдеді. 
Корей ұлты өкілдерінің қасиетті Қаратал топырағына табан тіреуі бекер емес. Сонау ХХ ғасырдың 30 жылдары репрессия кезінде Қаратал жеріне корейлер отбасымен бірге қоныс аударылған болатын. Қазақ халқы осынау қиын-қыстау кезеңде жат жерліктерді бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісіп, екі бөлмесінің бірін босатып беріп паналатқан еді. Бұл жанарға жас іркілтер жақсылықты ұмытпаған кәріс ұлтының өкілдері Үштөбеге жиі келіп, осындағы қандас бауырларымен қарым-қатынас жасап тұрады. Ал тумысынан қонақжай әрі мейірбан қазақ жұртының құрметіне «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш те орнатты. 
Чонсон уезі мэрінің орынбасары  Шин Джу Хо мырза жылы жүздесу үшін алғысын білдіріп, Наурыз мерекесіне шақырғанның өзі үлкен мәртебе екенін айтты. «Қазақстанда кәріс диаспорасы емін-еркін, бақуатты өмір сүріп жатқанын жақсы білеміз, өзім Қазақстанға алғаш рет келсем де, өз Отаныма келгендей сезінемін. Қос мемлекеттің арасы қанша алыс болса да, осындай жылы қабылдаулар халық арасын жақындатады», – деді. Корейден келген қонақтар: «Қазақстан корейлерінің депортацияға ұшырауына 80 жыл толуына орай концерттік бағдарламамен келуге бола ма?» – деген сауалына аудан әкімі Қайрат Әшірәліұлы: «Әрине, келуге рұқсат», – деп көңілдерін бір марқайтып тастады.  
Чонсон мэрінің ынтымақтастық жөніндегі бөлім  қызметкерлері Ким Су Бок, Со Гон Хви, Чхве Сын Чжа және До Сан Хви, «Ариранг» музейінің директоры Чин Ен Сон екі ел арасындағы мәдени, тарихи байланыстардың тамыры тереңде жатқанына баса назар аударды. Делегация өкілдері аудан басшыларына 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындары тақырыбында жасалған сый-кәделерді табыстады. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ниетпен қараталдықтар да қонақтарға ұлттық кәдесыйлардан  тарту-таралғы жасады. Осыдан кейін қадірлі қонақтар алаңда өткен Наурыз мерекесін тамашалады.
Ұлыс тойын көруге алыстан ат терлетіп, арнайы келген Оңтүстік Корея қонақтары қазақтың қонақжайлылығын сезініп, ақ дастарқанынан дәм татты. Ұлттық сарындағы ән-күйімізге елітіп, болмыс-бітімімізді айшықтайтын төл туындыларымызға тәнті болысты.     
Той шымылдығы «Нұрлы Наурыз» атты ұлттық дәстүрімізге негізделген, театрландырылған көрініспен түрілді. Сахна төрінде аудан әкімі Қайрат Бисембаев барша қараталдықтар мен қадірлі меймандарды Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен құттықтап, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстады. 
Торқалы тойда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тұрсын Оспанов Наурыз тойы құтты болсын деп ақ тілегін жеткізді. Бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай болып кеткен, ауданымызда мекендейтін ұлт пен ұлыс өкілдері де елімізге тыныштық, жерімізге бейбітшілік тіледі. Нақтырақ айтсақ, күрді этномәдени бірлестігінің мүшесі Айша Кусеиновна, корей этномәдени орталығының мүшесі Евгений Ким, славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Анжела Беляева, ұйғыр этномәдени  орталығының мүшесі Сеитжан Ниязов елімізде әмсе бірлік пен береке салтанат құрсын деп ақ тілегін арнады.  


Асхат Өмірбаев.
Қаратал ауданы.