Сындарлы сын айтылды

Уақыты: 06.04.2017
Оқылды: 1208
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов облыстық әкімдікте жиын өткізді. Жиынға «Жетісу» футбол клубы мен «Жетісу» әйелдер волейбол клубының жаттықтырушылары мен спорт саласының басшылары қатысты. Күн тәртібінде бір ғана мәселе – өңірдегі спорт саласының жай-күйі қаралды. Бірінші кезекте «Жетісу» әйелдер волейбол командасы мен «Жетісу» футбол командасының ойыны сараланды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған өңір басшысы облыста спорт саласы көрсеткіштерінің төмендеп кеткендігін айта келіп, спорт басшылары мен жаттықтырушыларды сынға алды. 

Айта кетейік, волейболдан әйелдер арасында сынға түскен «Жетісу» командасы биыл ел чемпионатын үшінші орын көрсеткішімен аяқтаған болатын. Ал футбол командасы өткен жылы Премьер-лига сапынан бірінші лигаға түсіп қалды. Әр саланың өркендеп өсуіне дәйім қолдау білдіріп отыратын өңір басшысы спорт саласын да қаржыдан тарықтырған емес.
Мәселен, 2017 жылға облыстық бюджеттен жалпы спорт саласына     6 млрд. теңге бөлінген. Өткен жылы да қаражаттан тарықтырмағанын алға тартқан Амандық Ғаббасұлы сапасыз жұмыс көрсеткішінің себебі жайлы сұрады. 
«Жетісу» кәсіпқой футбол клубына биылғы жылға облыстық бюджеттен 1,6 млрд. теңге қарастырылған.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары С. Тұрдалиев «Жетісу» футбол командасындағы бейберекетсіздіктер туралы баяндап берді.
– Сіздің тапсырмаңыз бойынша клубқа тексеру жұмыстары жүргізілді. Онда бірқатар заңсыздықтар анықталып, кінәлі  адамдар жауапқа тартылды. 2010 жылдан бері жымқырылған қаржы көлемі 1,2 млрд.теңгені құраған. Оның сыртында тек айыппұл төлеу мен сот шығындарына 980 млн. теңге жұмсалды. 2015-2016 жылы бөлінген қаражат қарыздарды төлеуге жіберілді. Клубтың қатысуымен жиі өткен сот отырыстары команданың жаттығуы мен ойын өткізуіне кері әсерін тигізді. Бүгінгі күнде барлық олқылықтар орнына келтіріліп, жемқорлықты тоқтаттық, – деді ол. 
Облыс басшысы бұл турасында клубқа басшы болып сайланған Серік Мұқановқа жаңа міндеттер табыстады. Ең бірінші, клубтағы қаржыға қатысты заңдылықтарды қатаң сақтап, биылғы маусымда бірінші лигадан Премьер-лига сапына қайта оралу міндетін жүктеді және 2018 жылы Премьер-лигада бестіктен төмен түспеуді тапсырды. Сонымен қатар Амандық Ғаббасұлы клубқа басшы болып Серік Мейірханұлының келуі себептері жайлы айтып өтті. Қазіргі кезде клубқа жақсы менеджер қажет. Бұл ретте С. Мейірханұлының мол тәжірибесі бар. Білігі мен біліктілігі сәйкес келгендіктен де оған осы жұмысты тапсырып отырғандығын тілге тиек етті. Ал футболшылармен жұмысты нағыз кәсіби футбол маманы Д. Огайдың атқаратынын жеткізді. Ал волейбол командасының тізгінін В. Шапранға ұстатты. 
7 мәрте ел чемпионы, 8 дүркін Қазақстан кубогын иеленген, әлемнің үздік 20 командасының қатарына енген команданың қатарынан екі жыл чемпиондыққа қол жеткізе алмауын қаржылық жағдаймен байланыстырмады. Бұл клуб басшысының жіберген олқылығы. Мұның бәрі жаңа құрам жинаудағы кемшіліктер мен жаттығу процесін дұрыс жолға қоймаудан және қатаң талап етпегендігінің салдарынан екендігін клуб директоры  А. Шалқыбековқа қарата айтты. Мәселен, биылғы жылға әйелдер кәсіби клубына 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Қомақты қаражаты бола тұра сапалы ойыншылардың қамтылмауы команданың  ойын нәтижесінің құлдырауына әкеп соққан. 
Вячеслав Шапран бұған дейін де «Жетісу» волейбол командасын жаттықтырған. 2013-2015 жылдар аралығында жерлестеріміз ел чемпионы атағы мен кубокты қанжығасына байлаған еді. Тіпті 2013 жылы Азия чемпионатында екінші орынды да иеленген. Кәсіби маманның командаға қайта оралуы волейбол командасы ойынының деңгейін көтереді деген сенім артылды. Осы орайда облыс басшысы В. Шапранға жаңа міндеттер жүктеді. Ұлттық құраманың негізгі базасының Алматы облысында болуы керектігін және ұлттық құрамының сапына кіретін ойыншылардың басым көпшілігін «Жетісу» волейбол командасы ойыншыларынан жасақтауды жоспарлап, ол үшін үздік ойыншыларды команда құрамына тартуды тапсырды. Бұл ұсыныстың Волейбол федерациясының басшылығымен келісілгендігін және оған бар жағдайды жасайтындығын жеткізді. 
Бұған байланысты В. Шапран бүгінде жаттығу кестесін әзірлеп, жаңа ойыншылармен келіссөз жүргізіп жатқандығын баяндады.  
Жиын соңында облыста басқа да спорт түрлерінен көрсеткіштердің төмендеп кеткендігі жайлы әңгіме қозғалды. Ауыр атлеттеріміздің допинг дауына іліккендігі, қазақ күресінен чемпиондардың шықпауы, Универсиада ойындарына қатысқан спортшылардың жүлделі орынға қол жеткізе алмағандығы қатты алаңдататындығы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы      Т. Шарапиевке қарата айтылды. Амандық Ғаббасұлы: «Спорт саласына қолайлы жағдай туғызып, жас жеткіншектердің оқу-жаттығуына жағдай жасап отырмыз. Жаңа есімдер шығуы үшін резервтер дайындауымыз керек. Олардың спортпен үздіксіз шұғылдануы сіздің негізгі жұмысыңыз болып табылады», – дей келе осыдан нәтижелі қорытынды шығару қажеттігін атап өтіп, басқарма басшысын сынға алды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ