Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Уақыты: 17.04.2017
Оқылды: 1252
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жұртшылық қызу талқылауға кіріскен бұл мақала Н. Назарбаевтың осыған дейінгі ойы ордалы еңбектерінің табиғи түрдегі жалғасы. Бастан кешіп жатқан өмір салты, тұрмыстық жайттарға тән түйткілді қағидаттарды қайталай еске салғаны қандай орынды. «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» – деп атап көрсетілген. Қарап отырсаңыз, дәл осы кезеңде ауылда да, қалада да халықтың тұрмыстық хал-ахуалы салыстырмалы түрде алғанда бұрнағыдан көп артқан. Шаруаның ыңғайын тауып, маңдай терін төге білген жанның отбасы да, өзі де мерейлі. Десек те, бар екен деп шаша беруді, астатөк ас, тойларды өткеруді адами артықшылық деп қабылдау ұғымының жоғарыдан төмен бел алып отыруы қынжылтады-ақ. Нарықтық қатынастар қаншалықты ысырапшылдықтың жолын кескенімен бұл ғадеттен арылғымыз жоқ. Бәрінен де мұның кейінгі толқынға жұғысты болып бара жатқандығы жанға батады.

Нұрсұлтан Назарбаев таяу жылдарғы міндеттердің бас­тысы ретінде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді ә дегендегі жоспарға тән алға тартты. «Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер. VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон- Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды» – деген Елбасы сөздері қай-қайсымызды да қанаттандырып жіберді. Қоғам тайқазанында осыған дейін әбден қайнап тортаға айналған бұл мәселеге басым көпшіліктің түсінісушілікпен қарайтындығы белгілі. Әрине, мұның өзіндік қиыншылықтарының да алдан шығып, бірден адым аштырмасы хақ. Әйткенмен, бүгінгідей жаһандану тұсында ұлттық мүддені сақтап, келер ұрпақтың  қамын арыдан ойлар болсақ, тәуекел деп тік тұруға тура келеді. Түркия мемлекетінің бұл реттегі жүріп өткен жолы жарқын үлгі.
Расында да, біздің эрамыздың төртінші ғасырының соңында-ақ кәрі құрлықты тұлпар тұяғының шаңына бөлеген ғұн-түріктердің тілдік экспанциясының басым түскені бар. Кейінгі Бумын бабамыз құрған Түркі қағанаты қанатын жайған тұста бұл үрдіс тіптен етек алды. Сол себепті де, латын, ағылшын, герман, парсы, славян тілдерінде түркі тілінен енген сөздер жетерлік. Бір мың жылдан астам уақыт бойына Еуразия құрлығында халықаралық тіл, яғни бүгінгі ағылшын тілінің ролін атқарған түркі-қазақ тілінің айбыны өз сәтінде қалайша асқақтамасын. Қазақстан халқын біртұтастыққа алып келетін латын әліпбиіне өтуіміз өрісімізді кеңейтіп, әлемдік қауымдас­тықтағы бет-әлпетіміздің одан әрі ажарлана түсуіне серпін берері сөзсіз. Оның үстіне жұмыр жердегі елдердің сексен пайызы еркін пайдаланып отырған әліпбиден бүгін қалыс қалсақ, ертең бізді өскелең ұрпақ түсінбей қалары хақ. 
 Қоғамды жаңғырту ең алдымен тарихи сананы жаңғырту арқылы жүзеге аспақ. Өйткені тарихи сана – ұлттық сананың негізі. Ал ұлттық санасыз ұлт жоқ! Бабаларымыз аманаттап кеткен өршіл рух, байтақ болмыс, қазақы қалпымызды қаншалықты сақтай білсек – соншалықты ілгерілегендігіміз дер едік. Міне, сол себепті де, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» – деген тұжырымы баршамыз­дың көңіл төрімізге бірден қонақтады.  Заманалар толқынында  даңқы ғасырларға ұласқан байрақты бабаларымыз тарихын тасқа жазып, намысын жартасқа жани білді. Жалындап жүріп жарты жаһанды дәргейінде ұстады. Келер күнге жарқын ғұмыр сыйлап кетті. Осы самғаудың ұшар басынан көз жүгіртсек, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ» деген салмақты пікірі алдымыздағы сара жолымызды тіптен айқындай түседі. Біздің тарихымыз – елдік пен ерліктің, кеңдік пен теңдіктің, жасампаздық пен жариялылықтың тарихы! Солай болып келді және солай жалғаса да бермек!
 Иә, бірдің үлгісі мыңға кетіп, миллиондар тік тұрып Мәңгілік Елдің шырағданын қасиет тұта, тұтаса жақты қазір! Міне, осынау айқын самалаға айрықша аңсарлы жұртты көрген сәтте көңіліңіз көктем атады. Бақыт деген осы бағалай білерге. Бақыт деген мына дүниеде барлығымыз, бар ғана емес нарлығымыз. Ел аман, еніміздің бүтіндігі. Енді Мәңгілік тілі, ділі, діні, қазақы қалпы бар Мәңгілік Елміз! Елдігімізді асқақтатып, еңсемізді көтерер басты бағдаршамымыз жұлдыздай жарқырайды! Сол себепті де, бізге бүгінгідей жаңғырған дәуірде Елі мен Жерін ерен қастерлейтін жүрегі нұрлы, жаны да, ары да таза ұрпақ қажет! «Жүректе айна жоқ болса, сөз болмайды өзгесі» деп Абай айтпақшы, бұдан былай көкірек көзі ояу, азаматтық көзқарасы қазықтай берік, ұлттық бейнесі ұлықтауға лайық  қандастарымыз­ды мақтаныш тұтар күйге енеміз. Сол биіктіктен баршамыз көрініп, іштей түлеп, қанаттана түселік. Ендеше, бәсекеге бәс тігіп, жұмыла бел буалық!

Әміре ӘРІН