Жаңғыру жаңа міндеттер жүктейді

Уақыты: 17.04.2017
Оқылды: 1932
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелердің өзектілігі, көтерілген тақырыптардың салмақтылығы облыстық әкімдікте өткен актив жиынында айрықша аталып өтілді. Алқалы басқосуды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ ең алдымен Президент бастамасының маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы биыл үш бірдей жаңа бастама көтеріп, даму жолымызды жан-жақты айқындап, бағдарлап берді. Бірінші  елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көтеретін ауқымды жаңғыру болса, екіншісі – конституциялық реформа арқылы саяси жаңғыру. Елбасы ендігі кезекте рухани жаңғыруға жол ашу керектігін көрсетіп отыр, – деген өңір басшысы көпшіліктің көңілінен шыққан мақала жайында жан-жақты айтып өтті. – Біз тәуелсіздік алған тарихи тұрғыдағы аз уақыт ішінде Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде зор табыстарға қол жеткіздік. Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, Қазақстан  әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатын алға қойды. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы жетістіктерімізді дамытудың рухани бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымыз­ға рухани азық болатын айтулы дүние. Бұл мақалада өткен тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, еліміздің рухани даму бағыты айқындалған.
Бұдан соң баяндама жасау үшін мінбеге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР көтеріліп, мақалада көтерілген мәселелер бойынша бірінші кезекте атқарылуы тиіс жұмыстар жайлы жан-жақты айтып өтті.
– Елбасы ұсынған жаңғыртулар қазақстандықтарды сан ғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана-сезім мен білім саласындағы рухани реформаға бастайды. Өзіміздегі ескі қағидаттардан арылып, бүгінгі күннің арнасымен алға қарай ұмтылуымыз қажет. Осы орайда, бабалардан мирас болып қалған рухани құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай жүріп, ұлттық рухты да жаңғырту керектігі күмән келтірмейді, – деген Жақсылық Мұқашұлы Елбасы мақаласында айтылған мәселелерге тоқталды. – Осы ретте, Президент қоғамның және әрбір азаматтың алдында тұрған алты бірдей мақсат-міндеттерді атап берді. Бірінші – бәсекелік қабілет; екінші – прагматизм; үшінші – ұлттық бірегейлікті сақтау; төртінші – білімнің салтанат құруы; бесінші – Қазақстанның революция­лық емес, эволюциялық дамуы; алтыншы – сананың ашықтығы.
Баяндамашының айтуынша, осы мақсат-міндеттер межесінде көптеген істер мен жұмыстар атқару керек. Өйткені қазіргідей жаһандық бәсекелестік бізден тынымсыз еңбекті, табысты бастамаларды талап етеді. Бұл жолда білімнің тұнығымен сусындап, соңғы үлгідегі технологиялардың тілін меңгерген жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып бойынша тәрбиелеу қазақстандық брендті алға шығарады. Оның үстіне қиналғанға қол ұшын созған жанашырлық, жетімнің маңдайынан сипаған мейірімділік, аш адамға қолындағысын бөліп берген қайырымдылық сынды қазақы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру бейбітшілікке, тыныштыққа құштар ұлтымыздың бет-бейнесінің сақталуына септігін тигізеді. Имандылық, қанағатшылдық, ар-ұят секілді адами ізгіліктерді мамандар арасына жаю қоғамның жегіқұрты – сыбайластықтың, жемқорлықтың көзін жоюға көмектеседі. Ол үшін ілім, білім, ғылымды кеңінен тарататын оқу ордалары сапалы маман шығарудағы жауапкершілікті арттыруы тиіс. Қазіргідей дүрбелеңге толы дәуірде өзге елдерде орын алып жатқан шетін оқиғаларға қарап, революциялық басып алуды емес, эволюциялық дамуды таңдау керектігін айтқан Елбасы мақаласының тіні, өзегі еліміз ұстанған бағыттың айқындығын көрсетеді. Осының бәрі сананың ашық, зерденің жүйрік, ақылдың сергек болуын талап ететін шарттардан құралған. Сондықтан да Мемлекет басшысы жалпыұлттық рухани жаңғыру үшін тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын дүр сілкіндіру керектігін алға тартады.
Тағы бір айта кететін мәселе – мемлекеттік тіл. Өткен ғасырдың басында Алаш қайраткерлері айтқан қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру мәселесі, құдайға шүкір, орындалды. Дегенмен, латын әліпбиіне көшу күн тәртібінде тұрған, заман талабынан туындаған өзекті мәселе екендігін тап басқан Нұрсұлтан Әбішұлы игі бастаманың күні туғанын, мерзімі келгенін айтып өткенін еске салған баяндамашы әліпби ауыстырудың негізі, өзегі, көмегі зор екендігіне тоқталды. Өткен ғасырдың ішінде латын жазуын пайдаланған халқымыз үшін латын әрпі қиындық тудырмайды. Тіпті, әлемге таралған қазақ халқының бір-бірімен емін-еркін тілдесуіне, дүниежүзінің ғылымына, біліміне ешбір кедергісіз жол ашылатынын айтқан Жақсылық Омар Елбасы мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы мен «Туған жер» бағдарламасын енгізу арқылы қазақстандық патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетуді міндеттегенін жеткізді. Сол арқылы Жетісу жерінен түлеп ұшқан әрбір азамат облыстың өркендеуіне лайықты үлес қосуы керек. Ол үшін «Туған жерге туыңды тік» тақырыбымен әр мектеп өз түлектерін түгендеп, олардың жетістігі мен мүмкіндігін жалпақ жұртқа жеткізуі тиіс. Бұдан кейінгі ұрпақтың үлгі алары анық. Сол интернет желісіне tulek.kz электронды базасын жасауды ұсынған облыс әкімінің орынбасары ұрпақтар арасындағы сабақтастықты осылай ғана жалғастыруға болатынын ескертті. Сондай-ақ, Алматы облысының әр аймағының рухани, мәдени, тарихи тұрғыдан дамуы үшін зиялы қауымнан, ғалымдардан, жастардан, этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған жұмыс тобын құрып, Елбасы мақаласын күллі халыққа жеткізу керектігін ұсыныс ретінде ортаға тастаған баяндамашы осы бағытта жұмыла жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
Бұдан соң күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау үшін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Мәңгілік Ел» ғылыми білім беру орталығының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Аманжол Қасабек, «Алматы облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Белик, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Әміре Әрін, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Респуб­ликасы Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Атсалим Идигов, облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің журналист-модераторы Галина Митковских кезекпен мінбеге көтеріліп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелердің өзектілігі, маңыздылығы жайлы жан-жақты айтып өтті.
– Жетісу өңірінде бірлік пен татулықты, рухани келісімді, экономикалық даму үрдістерін сақтау үшін нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Облыстық ақсақалдар, ардагер аналар ұйымы жүргізіп отырған жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет. Жас ұрпаққа тәрбие беру, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында кешенді жұмыстар жоспары жасалып, іске асырылуы керек. «Жаныңда жүр жақсы адам», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларды аудан, қалаларда іске асыруды, өз жетістіктеріңізді дәріптеуді тапсырамын. Бұл жөнінде мамыр айының 1-не дейін нақты ұсыныстар беріліп, жұмыстар басталуы тиіс. Әр аудан мен қалада тарихи, мәдени ескерткіштердің тізімі жаңартылып, жастарға тәрбиелік мәні бар шаралар өткізілуі тиісті, – деген облыс әкімі Амандық Баталов актив жиналысын қорытындылады.

Мәди АЛЖАНБАЙ