Еуразияның алтын бесігі

Уақыты: 17.04.2017
Оқылды: 2330
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Батыс әлемі ұлттық құндылықтарынан қол үзіп, мұсылман халықтары діни алауыздықты бастан кешіріп жатқан беймаза заманда Еуропа мен Азия түйіскен Тұран даласының кіндігіне Тәуелсіз Қазақстанның Туы тігілді. Бумын қаған бастаған байырғы түркілердің байрағы Ұлы дала көгінде қайта желбіреп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңғыртуымен «Мәңгілік Ел» идея­сы түпкілікті салтанат құрды. Алайда кеңестік кеңшардың шеңберінде арзан атақ алып, ғылыми дәрежесін дәріптеуді даңқ көретін кейбір ғалымдар өз ұлтының өткеніне өгейсіп қараудан әлі танған жоқ. Олардың ортасында тұп-тұнық тарихын тануға талпынудың орнына тартынып, қазақ хандарының түп атасы – Шыңғыс қаған деген шындықтан шеткері жүретін жасық зерттеушілер бар. Ол аз десеңіз, ұлт рухын тірілтетін таза тарихқа тасадан тас ататындар тағы кездеседі. Бұл туралы Оқушылар сарайында өткен «Елбасы және ел тарихы» атты кездесуде Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін кеңінен әңгімелеп берді.

Кездесу барысында жастар Әміре Әрінге өз өмірінің тарихынан тосын сұрақтар қойды. Университет бітірген, ғылыми атақ алған, алғашқы кітабы шыққан ең елеулі жылдары сұралды. Ал тырнақалды туындыларын оқыған «Жас қаламгер» үйірмесінің оқушыларына қайраткер «Томирис» атты кітабын және «Шыңғысхан» журналының жаңа сандарын тарту етті. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастыр­ған кездесуге өңірдің қалам ұстаған ақсақалдары, ізденімпаз студенттер, ел тарихына бейжай қарай алмайтын зерек ойлы зерттеу­шілер мен журналистер қауымы келді. «Smart Zhetysu» деп аталатын жаңа жоба аясында өткізілген өзгеше сарынды кездесуде Әміре Әрін тарих төңірегінде аға ұрпақты алаңдатар ең өзекті мәселелерді өрбітті.
– Қазақ тарихын Елбасынан артық білетін, Елбасынан артық қадірлейтін адам кемде-кем, – деп бастады алғашқы сөзін ол. – Мемлекет басшысы билікке келе салысымен қатпар-қатпар тарихтың шаңын сілкуге кірісті. Тарихты зерттеуге арнайы жыл жариялады. «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алды. «Тарих толқынында» атты ғажайып кітап жазды.
Оқушылар сарайындағы ойтолғау­дың «Елбасы және ел тарихы» деп аталуы текке емес. Ширек ғасыр толған тәуелсіз тарихымыздың қай тұсына көз салсақ та, Елбасының қолтаңбасы менмұндалап тұрады. Басқасын былай қойғанда, Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өту де Алаштың абыройын әлем алдында арттыра түскені анық. Осы орайда Әміре Әрінұлы Елбасының: «Біздің бабаларымыз – ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған», – деген сөзін мысалға келтірді. Мұндағы интегратор көшбасшы, негізін құраушы, алтын арқау деген мағынаға саяды. Демек, бабаларымыз сол кездің өзінде Еуразияның көшін бастаған данышпан еді.
Елбасы енгізген «Ұлы дала» ұғымы ұлттың санасын сілкіп, қазіргі қазақ елінің руханиятына тарихи серпіліс сыйлады. Алайда өз тарихына жеріп қарайтындар баршылық. Осы уақытқа дейін көшпенділер надан, мәдениеті мен өркениеті жоқ жарымжан ұлт ретінде қате пікірге таңылып келді. Әміре Әріннің айтуынша, теріс идеологияның сарқыншағы біздің қоғамда әлі сақталып тұр. Мұнымен қызыл империяның қылышынан қан тамған қиын шақтың өзінде күрес жүргізген тұлғалар кездесті. Қысылтаяң кезде бір ғана «Көшпенділер» романымен, бір ғана «Аз и Я» кітабымен Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов­тер миллиондаған қазақ жастарының рухын оятты емес пе? Азаттық алған тұста ғасырлар бойы тар шідерге байланған қазақ тарихынан ақиқатты аршып алу оңайға түспеді. Ұлы дала тарихы ақтаңдақ беттерімен сол қалпы сыр бүгіп жатыр. Қайраткер қазақ тарихының жүзден бір бөлігі де ашылған жоқ деп есептейді.
Әміре Әріннің қалам мен қағаз арқалап, Алматыда журналист болып жүрген кезі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Мұхиттың арғы бетінен сол кездегі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер Алматыға ресми сапармен келеді. Журналистер қауымымен емін-еркін тілдескен хатшы: «Қазақстан – бүкіл әлемдегі өркениеттің алтын бесігі», – деген анықтама беріпті. Тілшілер аң-таң. Осы уақытқа дейін сауатсыз, өркениеттен алыс жатқан бодан елдің алтын бесік болуы мүмкін емес. Бірақ журналистердің отарлық езгіден енді ғана шыққанын сезді ме, ешбір саспастан: «Жақын арада бұл жайлы білесіздер», – деп қана жауап қатыпты. Расында да, Әміре Әрін кейін білді, түсінді, ой түйді. Сан тарау тарихтың түбінен ақиқатты аршып алды. Ақиқатын құнды деректермен дәлелдеп, ел-жұртқа кеңінен түсіндіруге көшті. Дәлелі қайсы дейсіз ғой?
Алғаш әліппені біздің бабаларымыз жасаған деген деректі естісек, сенуіміз екіталай. Бірақ Әміре Әрін бұған имандай сенетіні сөзсіз. Өйткені, ол кісі зерттеді, оқыды, көз жеткізді. Біздің дәуірге дейінгі 5-1 мыңыншы жылдары Шумерлер мемлекеті сына жазуын қолданды. Мемлекеттік тіл түркі тілі болды. «Демек, осыдан 7 мың жыл бұрын біздің түркі тілі, яғни, қазіргі қазақ тілінің арғы асыл арнасы мемлекеттік тіл дәрежесінде қолданылған», – дейді ашық алаңның қонағы.
Еуропаның бірнеше мемлекетінде Төтенше және Өкілетті Елші болған қоғам қайраткері Әділ Ахметов бірде АҚШ-тың байырғы үндістер шоғырланған мекендерін аралап көреді. Сонда олардың «ата», «апа», «балта» секілді көптеген сөзі қазақ тілімен ұқсас екені анықталады. Елшінің АҚШ туралы естеліктерін алдыға тартқан Әміре Әрінұлы ол жаққа аң аулап жүріп Беринг бұғазы арқылы ауып кеткен үндістер түркілердің бұрынғы бір тармағы екеніне нық сенімді. Бұдан шығатын түйін – Америка құрлығын Колумб емес, одан бірнеше ғасыр бұрын біздің бабаларымыз ашып қойған деген қорытынды. Ал сына жазуын толықтыра түсетін тағы бір дерек – «Алтын адамның» табақшасынан табылған таңбалар. Мұнда: «Бөтен адам, тізеңді бүк. Халқым аман болсын», – деп жазылып тұр. Алғаш асау жылқылар үйретіп, үзеңгілер жасаған, тұңғыш темір балқытқан байырғы бабаларымыздың мемлекеті шын мәнінде өркениеттің алтын бесігі еді.
– Біздің бабаларымыз ешкімге бас имеген, ешкімге дес бермеген текті адамдар. Біздің дәуірдің 552 жылы Бумын қаған түрік қағанатын құрды. Қаған сол кезде алғаш Мәңгілік Ел манифесін жариялады. Елу жылда Иран, Қытай, Үндістанға салық төлетіп, Еуропаны жаулаған күшті мемлекет ақыры екіге бөлінеді. Таққа таласқан, сұлу қыздарға еліккен ерлер Еуразияны аузына қаратқан мемлекетті іштен ірітіп тынады. Тоз-тоз болып кеткен киіз туырлықтыларды 1206 жылы Шыңғыс хан біріктіріп, «Мәңгілік Ел» идея­сын екінші мәрте жаңғыртады». Рашид-ад-дин өзінің «Жылнамалар жинағы» кітабында бұл жайын­да: «Оның сарбаздары үш күн, үш түн ұйықтаған жоқ. Бөріктерін аспанға атты. Қуанды. Масаттанды», – деп жазылған. Ал Елбасы 2013 жылы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын тарихта үшінші болып паш етіп, қазақ халқының іргетасын бекітті. Әлкей Марғұлан бір зерттеуінде орта ғасырсыз қазақ тарихы олқы түсіп тұратынын айтып еді. Орта ғасырымыз – Шыңғыс ханның заманы. Құдай-ау, бұл біздің тарихтың ең бақытты тұсы емес пе? – дейді Әміре Әрін өзінің «Елбасы және ел тарихы» атты ойтолғамын ары қарай жалғап.
Алаң қонағы айтып отырған дерегін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығында сөйлеген сөзімен толықтырды. Салтанатты шарада Президент: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымыз­ға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді», – деп тарихи түйін жасайды.
Сөз арасында Әміре Әрінұлы тарихқа дендеп жүрген себебін де түсіндіре кетті. Шыңғыс хан құрған алып мемлекеттің тікелей мұрагері болуға талпынып жүрген елдер жоқ емес. Мәселен, Ресей, Украин, Қытай ғалымдары өздерінше дәлелдер іздеуде. Осылай тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткелі тұрған тарихты түгендеу әрбір перзенттің парызы саналса керек. Ал тарих отаншылдық рухты дамытатын бірден-бір құрал. Елбасы тарихи сананы дамытпай, ешқашан алға баспайтынымызды жиі айтады.
– Біз «Мәңгілік Ел» идеясын не үшін жарияладық? Мәңгілік Ел атану үшін ең алдымен білімді, тәрбиелі болуымыз шарт. Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – тажал», – дейді. Қаншама білімділер халықтың қалтасына түсіп, аузындағысын жырып аламын деп темір торға тоғытылып жатыр. Олардың әрқайсында төрт-бес диплом бар. Кембриджді, Окс­форд пен Гарвардты, ең жаманы мен секілді ҚазМУ-ді бітірген. Сонда оларға не жетпейді? Тәрбие жетпейді, тәрбиесіз, – деді алаң қонағы.
Ашық алаңда Әміре Әрін аға буынды былай қойып, жаңадан қызмет бастаған жастардың да жемқорлыққа бой алдыратынына қынжылды. Сонымен қатар, ол Елбасының ел мен әлем алдындағы беделін де сөз етті. Бүкіл Түркі әлемінің көшбасшысы болған Нұрсұлтан Әбішұлы тек бейбітшілікті сүйетін реформатор. Ол Ресей мен Түркияның, Әзірбайжан мен Арменияның арасында тұтанған өшпенділік алауын өшіріп, арағайындық жасады. Ал күні кешегі Сирияның тағдырын бейбіт жолмен шешуге арналған Астана процесі де Елбасының бастамасымен қолға алынды.
Тарихи тың деректерге толы Әміре Әріннің әңгімесінен жиналған көпшілік үлкен әсер алып шықты. Автор сөз арасында өзінің жүрекжарды өлеңін оқып, кеш қонақтарына лирикалық леп сыйлады. Кездесу соңында ақсақалдар атынан Алматы облысының Құрметті азаматы Әли Ысқабай сөз сөйлеп, ризашылық лебізін білдірді. Ал жаңа жобаны ұйымдастырушы жастар алаң қонағына алғыс жаудырып, өз сыйлықтарын табыс етті. Шара соңынан жиналған қауым алаң қонағымен бірге кезекке тұра алма-кезек естелік суретке түсті.

СӨЗ АРАСЫНДА...

– Қазіргі жастарды жемқорлықтан қалай сақтау керек?
– Ең алдымен ар мен ұят керек. Ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеген жөн. Иманы бар ұл туған Отанынан, туған әке-шешесінен ұрламайды. 
– Сіздің ойыңызша қазіргі монғолдар кімдер?    
– Олар – маньчжурлер, халхалар. Шыңғысхан хорезмдіктерге жорыққа аттанғанда атажұртта кенже ұлы Төле 50 мың адаммен қалады. Кейін одан өрбіген Құбылай, Есен Темірлердің ұрпағы  байыр­ғы мекенде 10 пайыз­ды ғана құрайды. Миндіктер оларды қуып шығады. Бірақ Мин мемлекеті де ұзақ тұрмайды. Маньчжурліктер күшейіп, жан-жағын жаулайды. Сөйтіп, түркі және маньчжур тілдері негізінде жаңа бүгінгі монғол тілі пайда болады. Шыңғыс ханның айналасының бәрі түркілер. Жары – қоңырат руынан. Сонда ол әйелімен, қоластындағы түркітілдес тайпа өкілдерімен аудармашы арқылы сөйлескен бе? Ал монғолдар өзінің «монғол» екенін 1924 жылы ғана білді. Хош, Шыңғыс ханды монғол делік. Олар Ресейді 300 жыл биледі. Бірақ неге орыстарда кірігіп кеткен бірде-бір монғол сөзі, елді мекен атауы жоқ? Керісінше, латын, орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай тілдері шетінен тұнған түркизм. 
– Журналистика мамандығын не себепті таңдадыңыз?
– Менің ауылым қаладан жырақта, құмның қойнауында жатыр. Үшінші сыныптан бастап республикалық балалар газетіне мақала жазып жүрдім. Мақаламның соңына жас тілші деп жазып қойып­ты. Бір күні Алматыдан туысқанымыз келді. Ол кісі Алматыда ҚазМУ-дің журналистика факультеті барын айтты. Сонда мен журналист емес, тілші боламын деп екі сағат жылағаным бар. Қаймағы бұзылмаған алтын бесік ауылым, ұлттық құндылықтар, ел іші – өнер кеніші мені журналистикаға жетеледі.

Қуаныш ТҰНҒАТАР