ЕЛ ҮМІТІ АҚТАЛДЫ

Уақыты: 24.04.2017
Оқылды: 1428
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс басшысы Амандық Баталов инвесторлармен бірге Ақсу ауданындағы қызылша егетін алқапты аралап, Ақсу қант зауытының ғимаратын көріп қайтты.

Өткен жылы Ақсу ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған Амандық Ғаббасұлы бұған дейін банкте кепілде тұрған зауытты «Жетісу» ӘКК ҰК» АҚ-ның сатып алғанын айтып, биыл іске қосылатынына сенім білдірген еді. Олар белгіленген жоспарға сәйкес арнайы мамандар мен сарапшылар шақырып, бірнеше мәрте ғимараттың техникалық жағдайын, бас корпусын, ЖЭС-тің техникалық құрылғылары мен механизмдерін сараптаудан өткізген. Соның нәтижесінде зауытты іске қосатын отандық инвесторлар табылып, жыл соңына қарай қатарынан бірнеше жыл қаңтарылып тұрған өндіріс орны өнім шығара бастайтын болды. Былайша айтқанда, Қытай, Ресей, Германия, Түркия, Италия, Украин елдерінің әлеуетті инвесторларының тісі батпаған өндірісті өзіміздің отандық инвесторлар ширататын болды.  
Жоспар бойынша Ақсу қант зауыты жылдың соңына қарай іске қосылады. Ал қыркүйектің соңы – қазанның басында шикізат қабылдана бастайды. «Энергомост» консорциумының басқарма төрағасы Қайрат Оразбеков биыл 100 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдейміз деп жоспарлап отырғанын жеткізді.
Әрине, зауыт іске қосылғанымен оны қалыпты жүргізу үшін шикізат мәселесі шешім табуы керек. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров Жетісу жеріне биыл егілетін 9 мың гектар қант қызылшасынан ойдағыдай өнім алу үшін сервистік-дайындау орталықтарын құруға, қант қызылшасының  шетелдік тұқымын сатып алуға облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінгенін жеткізді. Сондай орталықтың бірі өткен жылы Ақсу ауданында құрылып, тұрғындардың қант қызылшасын себу, жинау науқаны кезінде үлкен серпіліс жасағанын алға тартты. Тіпті, нәтижелі жұмыстың арқасында бірқатар шаруа қожалығы ойдағыдай өнім жиған. Сол қатарда гектарына 700 центнерден өнім алған «Әлихан» шаруа қожалығының жетістігі айналасына үлгі болыпты. Өткен жылы 15 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, кіріс қайнарын молайтқан шаруа қожалығы биыл аумақты 35 гектарға арттырған.
Аталған шаруа қожалығының қызылша алқабына арнайы барған өңір басшысы заманауи техникалардың жер танабын қуырып, көктемгі жұмыстың берекесін кіргізген сәтіне куә болды. Мұндай қызу еңбекті облыс басшысымен  барған инвесторлар да көріп, көңілдеріне сенім ұялатты. Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев егіс жұмыстарына аудандағы барлық техниканы толық жұмылдырғанын айтып өтті. Ал облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов көктемнің жай шығуына байланысты қызылша тұқымын себу жұмысы кеш басталғанымен ауа райы қолайлы болса келесі айдың бірінші ширегінде тұқым себу жұмысын толықтай орындайтынына сенім білдірді.
«Энергомост» консорциумы өкілдерінің сөзіне қарағанда, биыл Ақсу қант зауытын жаңғырту жобасына 8 млрд. теңге бағыттау көзделген, оның ішінде «Жетісу» ӘКК ҰК» АҚ арқылы облыс әкімдігі бөлген қаражат бар. Сөйтіп, биыл зауыт қалпына келтіріліп, арғы жылдары қайта жаңғыртудан өткізіліп, автоматтандыру жоспарланыпты. Яғни, неше жылдан бері қаңырап бос тұрған мекеме енді іске қосылып, тәтті түбірден қант ала бастайды. Инвесторлар зауыттың банктегі 750 млн. теңге қарызын үш жылға бөліп төлеп бітіргеннен кейін оны жекеменшігіне айналдыруға мүмкіндік мол. Сондықтан олар бұл жұмысқа білек сыбана кірісіп отыр. Зауытты жаңғырту жұмысына 250 адам тартылмақ. Ал қант қабылдау науқаны басталғанда жұмысшылар саны 700 адамнан асады. 
Бір айта кетерлігі, зауыт жұмысын тоқтатқанымен оған жаны ашитын адамдар ондағы құрылғыларды сақтап қалуға бар күшін жұмсапты. Көкейдегі күдігімізді осы зауытта бар өмірін өткізген және оны көзінің қарашығындай қорғап келген Владимир Юшковтың журналистер сұрағына берген жауабы серпілтті: «Зауыт ғимаратының сүйегі мықты, әлі де 120 жылға шыдас береді. Тіпті, мұндағы қондырғылардың көбі әлі де жұмысқа жарамды. Тек күрделі жөндеу жұмыстарына тездеп кірісіп, жоспарға сай іс атқарылса, зауытты тез арада ретке келтіруге болады», – деп сендірді ол. 
 Дерек көздеріне үңілсек, 82 гектар аумақты алып жатқан Ақсу қант зауытының жанынан 1982 жылдан бастап жүгері талшығын өндіретін, шұжық, цукат, тағы да басқа тамақ түрін шығаратын цехтар іске қосылған. «Болашақ» балалар комбинаты, «Батыр» спорт кешені, Ақын Сара Мәдениет үйі, Е. Сихымов атындағы стадион, сауна, дәрігерлік пункт, асхана, дүкендер халыққа қызмет атқарған еді. Сол нысандар 2007 жылы 30 қараша күні зауытпен бірге жұмысын тоқтатыпты. Инвестор компания зауытты толық қуатында іске қосқаннан кейін осы нысандарды да қолға алмақ. Тіпті, биылдың өзінде жұмысшыларға арнап 20 тұрғын үй салуды жоспарға алған. 
– Осындай бірлік, қарқынмен жұмыс істесек, тұрғындарды өз қантымызбен қамтып, Елбасының импортты азайту туралы тапсырмасын абыроймен орындаймыз, – деп сапарды қорытындылады облыс әкімі.    

Қажет Андас

Ақсу ауданы.