Жетігеннің құлпынайы

Уақыты: 27.04.2017
Оқылды: 2330
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетіген ауылындағы «Мұқашев Еділ» шаруа қожалығының егіс алаңы өткен-кеткенді қызықтырады. Шаруашылық басшысы Ринат Енекеев иелігіндегі 5 гектар жердің 3 гектарына егілген 15 түрлі құлпынайдың итальяндық, голландық сұрыптарын арнайы Украинадан алдырыпты. Олар бірнеше жыл бойына жеміс береді екен. Тамшылатып суару әдісін пайдалану үшін арнайы 30 метр жерден құдық қазған. 

 – Жеміс өсіру, күтіп-баптау үлкен жауапкершілікті талап етеді.  Жоспар бойынша биыл егілген тұқымнан 30 тонна өнім аламыз деп отырмыз.  Құлпынай жарыққа құмар өсімдік болғандықтан күн нұры мен суды көп мөлшерде қажет етеді. Үнемі ылғалда жату керек. Алғаш еккен кезде арнайы қағазды топырақ бетіне төсейміз. Ол арамшөптерді өсірмейді, кеуіп кетуден сақтайды, ылғалды қамтамасыз етіп тұрады.  Болашақта бұл саланы жетік меңгеріп, өнімді жақсы алып жатсақ, жер аумағын10-15 гектарға дейін ұлғайтамыз,  –  дейді шаруа қожалығының басшысы. 
Құлпынай жаздың алғашқы айынан бастап, күн жылы болса қарашаға дейін жеміс береді. Демек, өнімділігі аз болмайды. Сонымен қатар, бұл жерде құлпынайдан басқа бүлдірген, будандастырылған қара бүлдірген, жүзім, қарақаттың да сан түрі егілген. Аталған жемістер дәруменге толы болған соң денсаулыққа пайдасы зор. Олардан түрлі шырын, тосап жасалады. 
Жердің сапасы мен тұқымды күту жайлы шаруашылықтың агрономы Александр Пиваваров айтып берді.
– Бұл жердің топырағы нағыз құлпынай өсіретін құм аралас құнарлы сары топырақ. Күтіп-баптауда  органикалық заттарды арнайы дайындап, сумен бірге жібереміз. Тұқым үнемі ылғалда болуы керек, сонда тамыры шірімейді. Құлпынайдың түбін жиі-жиі қопсытып тұрамыз. Сондықтан уақытылы суарып, арамшөптен қорғау да маңызды. Айтпақшы, тамшылатып суару әдісімен құлпынай өсірудің тиімділігі зор. Себебі, аққан су далаға кетпей, әрбір қоршалған құлпынай көшетінің түбіне тамады. Күнделікті жүйемен 2 сағат суарылады, – дейді ол. 
Басқа жеміс-жидектерге қарағанда, құлпынайды өзімізде өсіріп өнім алу қуантады. Денсаулыққа пайдалы болған соң да сатылымы тез жүретін табыс көзі. Әйтпесе, көрші Өзбекстаннан әкеліп сататындар жолда сақталуы үшін оған түрлі химикат қосатыны да айдан анық. Кезінде әлемдік рекордты жаңартып, ақ тарының атасы атанған әйгілі Шығанақ Берсиев: «Егін баққа шықпайды, бапқа шығады» деген емес пе? Отандық өнімді дамыту жолында жаңа қадам бастап жатқан бақшашылар еңбегінің берекесін көруге жазсын. 

Мақпал Мыса
Іле ауданы.