Жеңіс жауынгері

Уақыты: 27.04.2017
Оқылды: 1330
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіршіліктің ағысы тоқтаған ба?! «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», – деп дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, миллиондаған тағдырларды тәлкекке салған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 72 жыл.

Демек, Жеңіс күні дүниеге келген сәбидің өзі бүгіндері қария жасына жетті деген сөз. Жеңіс жолында қанын төккен майдангерлер сапында соғыстың барлық ауыртпалығын басынан өткеріп, жауынгерлік жолын Берлинде аяқтаған, Мәскеудегі Жеңіс шеруіне төрт мәрте қатысқан Федор Федотов тұр.
Қаскелең қаласындағы «Үміт» мейрамханасында жерлестері Жеңіс жауынгерінің 95 жасқа толған мерейлі мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Бұл шараға аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдерімен қатар қарт жауынгердің дос-жарандары қатысты. Биыл бір ғасырлық ғұмырын атап өткелі отырған майдангер, Елбасының ұстазы – Сейітхан Исаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдырәлив бастаған ақсақалдар әріптесіне деген ыстық ықыластарын ақтарса, аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің құттықтауын жеткізген орынбасары Мақсұт Жапаров той иесін  құттықтап, бағалы сыйлық табыс етті. Қаскелең қаласының әкімі Біржан Нұрлыбаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әминә Абдраманова жұртшылық ықыласына бөленген мерейтой иесіне ақжарма тілек арнады.
Бұл күні Федор Федотовтың Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлесімен қатар бейбіт өмірдегі ерлікке толы еңбек жолы жайлы айтылып, ұрпаққа үлгі болар ғұмыры басты тақырыпқа айналды. Аудан өнерпаздары мерейтой иесіне арнап майдан әндерін әуелете шырқап, мың бұрала би биледі. Сонау сұрапыл жылдары болашақ ұрпағының еркін де тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүруі үшін қан кешкен жауынгердің мәртебесін жерлестері осылай көтерді.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы.