МЕН - ҚАЗАҚПЫН!

Уақыты: 30.04.2017
Оқылды: 1351
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мұхиттың арғы бетінде талай дүбір болды. Соның ішінде арқасына күн арқалап, қанаты керілген қыран құс сан мәрте батыстың көгінде қалықтады. Көк аспанмен түстесіп, жарқыраған күн нұрымен астасып қанат қаққан қыранға қараған әлем жұрты таңдай қаққанын естіп те, көріп те жүрміз.

Сол сәтте бұл кімнің құсы, күні кеше тұғырда кісенделіп отырған қыранның осынша биікте самғауы қандай құдірет деп сұқтанғандар да болды. Ол биікті былай қойып, төрт қадаға керіле тартылған арқанға қарай бет алған оюлы шапандағы жігітті көргендер тіпті жанарымен жер шұқып, үрейленетінді шығарды. Міне, осы кезде барып батыстың мықтылары бұл қазақтың көк байрағы екенін, арқасына күн арқалаған Ұлы Даланың еркін өскен қыран құсы екенін жете түсінді. Оның осынша биікте самғауын алмас қылыштай қиып түсер қайратты ұл Геннадий Головкиннің ерлігі деп ұқты. Расында да, әкем орыс, шешем кәріс, ал мен өзім қазақпын деген сары бала қазақ халқын шексіз сүйеді. Бірлік пен ынтымақты, сый мен құрметті, бауырмалдық пен ұлтжандылықты қазақ даласынан бойына сіңірген Гена әлем алдында ұлтымыздың ұлы мұрасын паш етті. Мұндай асыл қасиеттің барлығы Генаның бойына қазақ топырағынан дарығанын анық байқауға болады. Талай мықтының сағын сындырып, жұдырығымен елдің айбарын асырған Генаға қызғана қарайтындар көбейді. Іштарлық деген қашанда ел арасынан бой көрсететіні бар емес пе?! Генаның кезекті бір жеңісінде Ресей тілшілері ресейлік боксшы деп жарыса айтқан болатын. Бұл жай ғана сөз болып қалмады. Жақсысын жатқа берсін бе, біз де өре түрегеліп, бұлары қалай деген ой қылаң берді. Артынша Генаның өзі көрші елдің тілшілеріне арнайы сұхбат беріп: Мен қазақтың боксшысымын, ресейлік ешқашан болған емеспін», – деп жауап қатқаны бәріміздің көңілімізді толқытты. Міне, осындай ынтымақ пен берекенің бастауы, жарқын жеңістерге жетеледі. Біздің де жүрегіміз елжіреп, Генаға деген құрметіміз артып, қашан да тілеулес болдық. Бұл – ел ішіндегі татулықтың арқасы.


Әмір-САНА.