Жаңғырудың жаңа белестері

Уақыты: 30.04.2017
Оқылды: 1388
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттердің жүзеге асырылу барысымен танысу, сонымен қатар, ҚР Үкіметінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарып жатқан жұмыстарын түсіндіру мақсатында Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.
Үкімет басшысын облыс әкімі Амандық Баталов күтіп алып, қайта құрылымнан өткен Талдықорған қаласындағы әуежай ғимаратымен таныстырды. Онда жаңа авиарейстерді дамыту мүмкіндіктері жайына тоқталып, аймақтың туристік әлеуетін арттыру мақсатында Үшарал қаласында салынып жатқан әуежай құрылысы туралы да баяндады. 

Қазіргі кезде әуежайда жылына 26 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіліп, 600 рейс ұшырылады. Талдықорғанның әуе айлағы Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие. Мемлекет астанасына қатынап жатқан рейстермен қатар мұнда ел өңірлеріне бағытталған әуе қатынастары да даму үстінде. Жақын арада Өскемен мен Ресей Федерациясының қалаларына әуе рейстері ашылады. Бұл осындағы демалыс орындарына, оның ішінде Алакөл көліне Қазақстанның өзге облыстары мен көрші елдерден туристердің көптеп келуіне мүмкіндік береді. Бұдан соң күннен-күнге құлпырып, жайнай түскен облыс орталығының бүгінгі келбетіне көз тоқтатып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін ҚР Премьер-Министрі ауылшаруашылығы және өндірістік кәсіпорындарға, инфрақұрылымдық нысандарға, білім және медицина мекемелеріне барды.
Облыстағы ауылшаруашылығының даму барысына ерекше ден қойған Бақытжан Сағынтаев алғашқы кезекте Ескелді ауданындағы «Нам Г. Н.» шаруа қожалығында болып, қант қызылшасын себу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. 
Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыстағы агроөнеркәсіптік кешенді, қант қызылшасын, суармалы егіншілікті дамыту, сервистік-дайындау цехтарын құру бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндады.
Шаруашылық иесі Герман Нам суармалы егіншілікте жаңа технологиялардың қолданылуы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отырғанын айтып өтті. 

– Шаруашылық жұмысын бастаған 2015 жылдан бастап жаңа техникалардың қатарын көбейтуді қолға алдық. Соның арқасында өткен жылы қызылшаның әр гектарынан 600 центнерден өнім түсті. Жекелеген алқаптарда 800 центнерге дейін жетті. Мұның бәрі жоғары сапалы жаңа техниканы қолдануымыздың арқасында мүмкін болуда. Биыл да тұқым себуге арналған Германия елінің құралын сатып алдық. Орта есеппен гектарына 700 центнерден өнім аламыз деген ойдамыз. Былтырғыға қарағанда биыл егістік көлемін ұлғайтып отырмыз. Тәтті түбір тұқымының бүгінге дейін 30 пайызы себілді. Қант қызылшасы – бүгінгі таңда пайда әкелетін өнім. Ол мемлекеттің қолдауының арқасында мүмкін болуда. Мемлекет тарапынан минералдық тыңайтқыштар субсидияланады. Сонымен қатар, тұқым мен пестицидтер 50 пайызға дейін арзандатылған. Бұл шаруашылықтарға үлкен көмек. Әрі тәтті түбірдің әр тоннасы 17 мың теңгеден қабылданбақ. Бұл өте жақсы баға. Өнім көлемі гектарына 600 центнерді құраса, әр гектардан түсетін түсім 1 млн. теңге болады, – деді. 
Бүгінгі таңда облысымызда қант қызылшасын өңдейтін Көксу қант зауыты іске қосылған. 2017 жылы аймақта қант қызылшасы егілетін аумақты 9 мың гектарға дейін арттырып, 30 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Бұл облыс тұрғындарының қантқа деген сұранысының 84 пайызын қанағаттандыруға, сол арқылы импорттың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. 
***
 Талдықорған  аймағын  газдандыру үшін 2014 жылы «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының құрылысы басталған. Аталмыш жобаның құрылысы өткен жылдан бері қарқынды жүргізіліп, мәселе өз мәнісінде шешілді. «Ақниет-БН» ЖШС жүргізген құрылыс аяқталып, Талдықорған қаласы табиғи газ жеткізіледі. Облыс орталығына іссапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев  осынау игі шараның тұсауын кесіп, көгілдір отынның алғашқы алауын жақты. 
Өңірге көгілдір отынның келуі көпшіліктің көңіл көкжиегін көкке көтерді. Табиғи газ тұрғындар тіршілігіне тың серпін бермек. Құрылғы іске қосылғаннан кейін Бақытжан Әбдірұлы ауқымды жобаның жұмыс жайымен танысып шықты. Газ құбырының   жалпы ұзындығы 264,8 шақырымды қамтиды. Құбырдағы қысым – 9,8 МПа. Газ құбыры  бағыт бұру, газды тазарту, қыздыру торабы, газ қысымын кеміту, жылу жеткізу  блоктарынан тұрады. Аталмыш газ құбыры өңіріміздің   6 ауданы мен 3 қаласын (соның ішінде облыс орталығы Талдықорған қаласын) газбен қамтуға мүмкіндік бермек. Жалпы құны 22,7 млрд. теңге болатын газдандыру жобасы төрт кезеңге бөлінген. Өткен жылдан бастау алған бірінші кезеңде екі жүз мыңнан астам адам газбен қамтылмақ. Ал 13,7 млрд. теңгені құрайтын екінші және үшінші кезең келер жылы іске асырылмақ. Ағымдағы  жылы Еуропалық жаңғырту және даму банкінің несиесі есебінен жалпы құны 4,6 млрд. теңге болатын төртінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланған. 
Жалпы облыстың елді мекендерін газдандыру жұмысы республикалық газдандыру сызбасы шеңберінде жүргізіледі. Өңірімізде жалпы саны 741 елді мекеннің 473-і газбен қамтуға жатады. Ал осы уақытқа дейін 11, 7 млрд. теңгеге 73 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы облыстың 123 елді мекенін табиғи газбен қамту жоспарланған. Ол үшін бюджеттен  45 млрд. теңге  қарастырылды. Сөйтіп, облысымыздың 9 ауданы (Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов, Көксу, Ескелді аудандары) мен 3 қаласына (Талдықорған, Қапшағай, Текелі) толығымен табиғи газ таратылмақ. 
Енді Талдықорған қаласындағы Ақбастау көшесі тұрғындарының үйіне көгілдір отын қосылды. Осы тарихи сәттің қуанышына куә болып, жайдарман жаңалықты көппен бірге бөліскен Премьер-Министрге талдықорғандықтар зор алғыс айтты. 
***
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына ат басын бұрды. Қадірлі қонақтарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев пен аталған аурухананың директоры Сәуле Құсмолданова қарсы алды. 
Асхан Мархабайұлы Премьер-Министрге денсаулық сақтау саласы бойынша жеткен жетістіктерді баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, облыстың медициналық ұйымдарында дәрігерлер саны 28, 3 пайызға өскен. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту мақсатында 2016 жылы жалпы құны 1 569,9 млн. теңге болатын 123 бірлік медициналық техника алынған. Өткен жылы 16 нысанның құрылысы басталған. Олар Талдықорған қаласындағы 300 төсектік көп- салалы аурухана мен Алакөл ауданы, Ақши ауылындағы бір кезекте 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория. Биыл жалпы құны 946,6 млн. теңге болатын 6 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталмақ.
Қалалық көпсалалы аурухананың директоры Сәуле Рыспекқызы стационарлық жоғары кәсіби медициналық көмек көрсететін аурухананың қызметімен таныстырды. Оның құрылымында терапия, хирургия, политравма және қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, миниинвазивті хирургия, оториноларингология және жақ-бет сүйек хирургиясы, урология және офтальмология бөлімдері жұмыс ітейді. Құрал-жабдықтардың ішінде магниттік-резонанстық томография, эксимерлік лазер, барокамера, эндобейнехирургиялық құрылғы бар. Аты аталған кейбір медициналық құрылғылар еліміздегі санаулы мекемелерде ғана қолданылады. Осындай мүмкіндікке талдықорғандық дәрігерлердің қол жеткізуі, әрине, үлкен жетістік.
Қалалық көпсалалы аурухана туралы жан-жақты ақпарат алған Үкімет басшысы облыстағы әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарының насихатталуына кеңінен көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті. 
Қонақтар бірінші қабаттағы терапия және миниинвазивті хирургия бөлімдерін аралап, онда орнатылған құрал-жабдықтардың сапасы мен жатын бөлмелердің жайлылығына көңіл бөлді. Хирургия мен  операциялық бөлімдерді шолып өткен Премьер-Министр медициналық аппараттармен танысты. 
***
Келесі кезекте Бақытжан Әбдірұлы Талдықорған қаласының шығыс бөлігінен орын тепкен Индустриалды аймаққа табан тіреді. Облыс әкімі Амандық Баталов Үкімет басшысына «Талдықорған», «Бекере» индустриалды аймақтарының ағымдағы қызметі мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмысы, сондай-ақ, Панфилов ауданындағы жаңа Нұркент қаласының құрылысы мен «Gate Sity» серіктес қаласын дамыту тұрғысында жүріп жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Айта кетейік, бұл жобалар Мемлекет басшысы өңірлерге инвесторларды тарту туралы берген тапсырмасының негізінде жүзеге асырылуда. 
Индустриалды аймақтың аумағы 594,9 гектарды құрайды. Жобаны іске асыру бойынша бірінші кезеңде оның 180 гектары қамтылмақ. Жалпы бұл жерде жетпістен аса жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Яғни, олар алдағы кезде талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашпақ. Аймақтың құрылысына республикалық бюджет есебінен қомақты қаражат қарастырылған. Жетпегені жергілікті бюджеттен бөлініп, жобаны ойдағыдай орындауға жағдай жасалған. Инженерлік жүйелер де тартылған. Аймақтың құрылыс жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Бүгінде өндіріс ошақтарын орналастырып, істерін бастап кеткен инвесторлар да бар. 
Бұған қоса, тағы тоғыз кәсіпорын орналасып, өз өнімдерін өндірмек. Қазіргі кезде осы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың құны 11,6 млрд. теңгені құрайды. Наурыз айының соңында қытай инвесторларының қатысуымен ет комбинатының алғашқы іргетасы қаланды. Оның қуаттылығы жылына 20 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы, инвестициялар көлемі 4,0 млрд. теңгені құрайды. Аталған жобаның жалпы ауданы жиырма бес гектар, оның бес гектары ет комбинатына, қалғаны мал бордақылау алаңына арналмақ. 
Зауыттың құрылысы бірінші қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Барлығы үш мың ірі қараға арналған бордақылау алаңы жылына он мың бас ірі қараны ет комбинатына өткізбек. Мұндағы технологиялық желілер жылына елу мың бас ірі қараны союға есептелген.
***
Үкімет басшысы Талдықорған тұрғындары жиі серуендейтін «Жастар» саябағына барды. Облыс орталығының ең көрікті жерлерінің бірі саналатын мәдени аймақта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, оған екі қолға бір күрек таппай жүрген мамандар шақырылды.
Естеріңізге сала кетсек, «Жастар» саябағы былтыр ғана есігін айқара ашқан болатын. Содан бері талдықорғандықтар кешкілік жаңа саябақта серуендеуді әдетке айналдырып үлгерді. Мәдени шаралардың көпшілігі де осы жерде ұйымдастырылады. Мұнда сайрауық субұрқақ, аллея, жасанды тоған, «Қыз бен жігіт» монументі, этноауыл, 97 метр биіктікте желбіреген Көк Ту бар. Премьер-Министр саябақтың танымдық орындарын тамашалап, бос  жұмыс орындарымен танысты.
Жәрмеңкеге 100-ден астам кәсіпорын өкілдері келді. Олар жастарға 1500  жұмыс орнын ұсынды. Атап айтсақ, жұмыс берушілердің арасында «JLC Сүт», «GTI Қазақстан», «Қайнар АКБ», «Филип Моррис Қазақстан», «Эфес Казақстан» сияқты ірі компаниялар бар. Сондай-ақ, 20 техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары көпшілікке 40-тан астам мамандықты таныстырды.
Шараға облыстың аудан мен қалаларынан жұмыс іздеп жүрген жандар қатысты. Бақытжан Сағынтаевқа мұндай жәрмеңкелердің жиі өткізілуі есебінен, биылғы жылдың басынан бері 6 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру мүмкін болғаны баяндалды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 2300-ге жуық адам, маусымдық жұмыспен 1300 адам қамтамасыз етілді, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін қоғамдық жұмыстармен 2700 адам қамтылған.
Жәрмеңкеден кейін Бақытжан Әбдірұлы «Көктем Grand» қонақүйінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кеңес мүшелерімен кездесті. Кездесуде шағын және орта бизнесті дамыту тақырыбы сөз болды.
***
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыс орталығының ерекше көркейіп келе жатқан оңтүстік-батыс тұрғын ауданында болып, қаланың бас жоспарымен, «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Жаңадан бой көтеріп жатқан бес жаңа шағынауданнан тұратын оңтүстік-батыс тұрғын үй алабын жоспарлау жобасы 2012 жылы бекітілген болатын. Содан бері жалпы көлемі 98,7 мың шаршы метр болатын 1787 пәтерлі 24 үй  пайдалануға берілген. Нәтижесінде, 1787 отбасы тұрғын үймен қамтылып отыр. 
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 12,2 мың шаршы метр болатын және 184 пәтерге арналған 3 арендалық тұрғын үй құрылысы жоспарлануда. Оңтүстік-батыс алабында жалпы көлемі 16,2 мың шаршы метр 230 пәтерлі 16 қабатты үш арендалық тұрғын үйдің жұмыс жобасы әзірленген. Оның бірінші қабатында «Бірінші медициналық санитарлық көмек және әйелдер кеңесі орталығы» орналасатын болады. Сонымен қатар, оңтүстік-батыс тұрғын үй алабының аумағында әлеуметтік-мәдени мақсаттағы бірқатар нысан – 9 балабақша, 5 мектеп, емхана, драма театры, Салтанат сарайы, көрме кешені, халыққа қызмет көрсету орталығы, 4 сауда үйінің құрылысы жоспарланған. Бүгінге дейін Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, қонақүй кешені салынып, пайдалануға берілген. Бұл тұрғын үй алабында биыл 300 орынды музыка мектебін,  1200 орынды білім ошағын, жабық бассейн салу жоспарланып, 320 орынды балабақшаның жұмыс жобасы әзірленуде. 
Жаңа шағын ауданды көзбен көріп, қаланың алдағы даму жоспарымен танысқан Үкімет басшысы облыс орталығының күннен-күнге көркейіп келе жатқанына ризашылық білдірді.
***
Облыс жастарының жалынын шалқытып, дарынын шыңдау үшін Талдықорған төрінен Жастарға қызмет көрсету орталығы бой көтерген болатын. Үкімет басшысы аталмыш ғимаратқа ат басын бұрып, мекеме жұмысымен танысып шықты. 
Жастар саясатының өзекті мәселелерін шешуге  барынша қолдау танытатын орталықтың жұмысы бүгінгі таңда тіпті жандана түскен. Ғимаратқа енгеннен кейін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетов мемлекеттік жастар саясатының Жетісу жерінде жүзеге асырылу  барысы жайлы  айтып өтті. Бақытжан Әбдірұлы бірінші болып ғимараттың интернет-кітапханасына бас сұқты. Оқу залына келушілердің жай-күйін біліп, білімге қызығушылығын сұрады. «Бұл кітапхана ала таңнан қара кешке дейін жастардың тынбай ізденетін бірден-бір орны», –  деді,  орталық қызметкері Әлішер Нұржанов. Бұл жерде Бақытжан Сағынтаевқа жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар жұмысы мен өткізілетін шаралардың жоспары көрсетілді. «Жасыл Ел» облыстық штабының жетістіктері де айтылып, арнайы жобалар таныстырылды. «Автоволонтер» атты Елдос Баялышбаевтың жуырда іске асқан жобасы  Бақытжан Әбдірұлынан қолдау тауып, жақсы бастама деген бағасын алды. Республикадағы бірегей ғимаратты тамашалаған Премьер-Министр жастар жұмысының жандана беруіне тілектестік білдірді.
***
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Оқушылар Сарайында облыс жұртшылығымен жүздесті.  Жиын ел Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың   «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалуы жайында орамды ой айтылды.
Одан ары қарай әңгіме ел байлығы – мұнай мен газды ұқсату, инвестиция тарту, жаһандық техникаларды  меңгеретін, басқалармен тереземізді теңестіретін, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеудің өзектілігі жайында өрбіді.  Алакөл, Балқаш көлдерінің жағасы соңғы жылдары демалушыларды көптеп  қабылдай бастады. Бірақ алда демалыс орындарын заман талабына сай етіп салу міндеті тұр.  Сондай-ақ, облыс  Батыс Европа – Батыс Қытай арасын жалғап жатқан күре жолдың бойында  тұрғандықтан жол жиегіндегі сервистерді дамыту керек.  Бақытжан Әбдірұлы  күре жолдың бойындағы нысандардың бұрынғыдай киіз үй, күрке там емес,  шетелдердегідей  заманауи ғимараттар болуы керектігін ескертті.  
Премьер-Министр медицина саласының қызметін де жаңарту керектігіне тоқталды. Бұл орайда бүгін қалалық көпсалалы ауруханаға барғанын, онда сырқаттарды есепке алудың  электронды жүйе арқылы іске асырылып жатқанын көріп, қуанғанын да жасырмады. 
Үкімет басшысы  өз сөзінде азаматтық қоғам құру жолында күш салу керектігіне баса тоқталды. Шығып жатқан заңдардың қоғамның игілігіне жұмыс істеуі   керектігі жайлы айтқаны  көптің көкейінде жүрген ойды   дөп басты.  Ол, сондай-ақ, облыста Үкімет қолға алған бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізгенін тілге тиек етті. Мысалы, аграрлық кешенді дамыту, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және жұмыспен қамту бағдарламаларының орындалуына ризашылығын білдірді. 
Премьер-Министр елдің дамуы жайындағы ойын жинақтай келе сөзді өзімен бірге  келген министрлерге берді.  Алғашқы сөзді  Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев алды. Ол өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңартудағы жаңалықтармен бөлісті.  Бұл орайда балабақшаларды салуға  мемлекетпен бірге жекеменшіктер де атсалысуда. Мысалы, өткен жылы ел бойынша 800 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілсе, соның 600-і жекеменшіктердің үлесінде. Бүгінде       3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 85 пайыз екенін де министрдің аузынан естідік.  Сондай-ақ, мектептерде мемлекеттік тілде білім беруге баса көңіл бөлініп келе жатқандығы айтылды.  Министрдің айтуынша, биыл ҰБТ тапсыратындардың 90 пайызы қазақ тілінде сынақ өткізеді.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасының  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Еңбек және халықты  әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек сөз алып, өздеріне қатысты сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен  алдағы міндеттер, халық үшін жасалып жатқан жағдайлар жөнінде айтты.  
Бұдан кейін облыс тұрғындары  көкейдегі сауалдарын, шешімі қиын мәселелерін алға тартты. Қапшағайда егістік жерді  суарудың қиындығы жөнінде  Думан Майлыханов айтып өтсе,  Қанат Нүсіпов Алакөл  жағалауының толқын соғып құлауы себепті үйлердің суға кету қаупі туындағандығы жайлы сауал тастады. Барлық сұрақтарға тұшымды жауап берді.
 Жиында  Бақытжан Әбдірұлы облыс елді мекендерінің газдандырылуы, «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалуы,  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы жұмысы, жастарға қызмет көрсету орталығы жайында жылы лебіз білдірді.

Алма ЕСЕНБАЕВА, 
Айгүл БАЙБОСЫНОВА, Қуаныш Тұңғатар,
Гүлжан ТҰРСЫН, 
Еңлік КЕНЕБАЕВА,
Құралбек СӘБИТОВ,
«Жетісудың» арнаулы тілшілері.