Тұрақтылық, татулық, келісім

Уақыты: 30.04.2017
Оқылды: 1687
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ерекшеленді. Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірлікке қызмет ететін осынау аса маңызды қоғамдық институттың осымен 25-рет өткізіліп отырған сессиясына еліміздің барлық өңірінен 1500-ден астам делегат қатысты.

Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялар мен ҮЕҰ басшылары, ақын-жазушылар, әншілер мен әртістер, спортшылар, шетелдік қонақтар қатысқан сессияда Қазақстан Президенті, ҚХА Төрағасы        Н. Назарбаев баяндама жасады. Биылғы жылдың тә-   уелсіз Қазақстан тарихында ерекше жыл саналатынын атап өткен Елбасы:
– Жүйелі жаңғыру биыл  біздің бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналды. 

Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер, – деп көпшіліктің назарын жақында жарық көрген бағдарламалық мақаладағы негізгі міндеттерге  бұрды. 
– Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. 
Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. 
Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің рухани жаңғыруына белсене атсалысатынына сенім білдіріп, Ассамблея мүшелерінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталды. Оның айтуынша, «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктер ұсынып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына тікелей қатысуға, басы-қасында жүруге ықпал етеді. Сонымен қатар, Ассамблея мүшелері ендігі жерде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына атсалысып, өз өнерлерін әлем жұртшылығына ұсына алады. 
Сондай-ақ, жастардың сана-сезімін қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар «Жаңа гуманитарлық білім» жобасын атап өткен Елбасы мемлекет пен қоғам алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатерлерге назар аударып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тапсырды.
Содан кейін азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтқан Мемлекет басшысы:
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасау керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункциялы мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ, «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды құзырлы органдарға тапсырды.
Жарыссөзге шыққан Шығыс Қазақстан облысындағы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы Нелли Краснобаева, «Еуразия энергетикалық корпорациясы» АҚ бөлім бастығы Сергей Руссо, «Ақтау халықаралық теңіз порты» Ұлттық компаниясы» АҚ докер-механизаторы Евгений Глатырь, белгілі ақын, Айтыс ақындары халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, «Хабар» агенттігі» АҚ журналисі Руслан Ыдырысов, Ақтөбе қаласындағы «Аңсар» консультативті-оңалту орталығының директоры, дінтанушы Аңсар Сабдин, Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі Ольга Шумакова, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Ким,  «Атырау агроөнімдері» шаруа қожалығының басшысы Владимир Розметов, Аргентинаның Росарио қаласындағы Қазақстанның мәдени орталығының директоры Ирина Вагнер, белгілі режиссер, «SAТAIFILM» ЖШС директоры Ақан Сатаев, «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оксана Волкова-Михальская, балалар үйінің түлегі Вячеслав Попов, тегі ирандық, Оңтүстік Қазақстан облысында туып-өскен, бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті Саида Бекбуди, төрт баланың анасы Әсел Базарбаева кезекпен өздерін толғандырған мәселелерді әңгімелеп, елімізде қолға алынып жатқан жобалар мен бағдарламалардың тиімділігін тілге тиек етті.
Сессия барысында Мемлекет басшысы             Н. Назарбаев ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишнякты және ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Әзербайжандар қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедовті Ассамблея Төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды. Сондай-ақ, XXV сессияның қорытындысында Ассамблея қоғамдық сананың жаңғыруы заңды болып табылатыны және объективті түрде қажет екендігі, Қазақстанның бүкіл даму стратегиясына тұтастық беретіні атап көрсетілген Үндеу қабылдады.
Сессияны қорытындылаған Мемлекет басшысы қазақстандықтарды алда келе жатқан              1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бейбіт өмір, игілік пен бақ-береке тіледі. Алқалы жиын соңы «Отанға тағзым» тақырыбындағы мерекелік концертке ұласты.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ