Бір шаңырақ астында

Уақыты: 04.05.2017
Оқылды: 2081
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда  Бірлік күні нұр жауды. Шаһар тұрғындары  жауынның себелеуін жақсылыққа балады. Әуелеген  ән жиналғандардың көңілін көтерді.  «Жастар» саябағында бас қосқан қауым бір-бірін  мерекемен құттықтап,  әсем әннің ырғағында би биледі. Түрлі этнос өкілдерінің қолөнершілері  көрме ұйымдастырды. 

Сахнадағы лед-экраннан мерекені айшықтайтын көрініс көрсетілді. Ортадағы үлкен шаңырақтан түрлі-түсті ленталар  төмен қарай төгіліп тұрды.  Мұндағы шаңырақ қазақ елі ретінде бейнеленді. Уықтар қара шаңыраққа  шаншылып тұр.  Бұл – еліміздегі 130 ұлттың бірлігінің көрінісі. Бірлікті ұлықтап, ынтымақ пен татулықты әспеттейтін күні барша халық мерекелік көңіл-күйге бөленді.  
Қала тұрғындары мен қонақтарын  Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев құттықтап, бірлігі бекем, ынтымағы жарасты елге  бақыт тіледі.   
– Баршаңызды  Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке сындарлы да баянды салиқалы мемлекеттік саясаттың және халқымыздың айрықша татулығының арқасында  бірліктің нышаны мен елжандылықтың үлгісіне айналды. Туымыз көкте желбіреп, Гимніміз әлем мінберінің  төрінде шырқалғанда  әрбіріміздің жүрегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Біздің этномәдени орталықтарымыз қандай да болмасын мәдени-көпшілік, бұқаралық шараларда өзгеге үлгі болып, ел бірлігіне ұйытқы болуда, – деді қала басшысы. 
Орталық сахнада Сүйінбай атындағы филармонияның «Алтынай», «Солнышко», «Туған тел», «Шағала», « Ачимноуль»  халықтық ән-би ансамбльдері мен жеке әншілер өнер көрсетті.   Мереке  көрігін «Талдықорған әуендері», ансамблі  мен «Өнерім – өмірім» республикалық фестивальдің жеңімпаздары қыздырды. Әр ұлттың танымал әндері орындалғанда жиналған қауымның делебесі қозып, төтеп тұрған жауынға қарамай  айнала билеп кетті.  Мерекеде қыдырыстап жүрген қала тұрғыны Аида Әлімбердиева: 
– Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Осы жерде өсіп-өндік. Білім алдық.  Балаларды үйлендірдік. Құда-жекжатымыз  қасымызда. Береке-бірлікте ғұмыр кешіп жатырмыз.  Міне, бірлік күнінде көпұлтты ел тұрғындары бірге той тойлап, шаттық күйін шертуде. Береке-бірлігіміз шайқалмасын.  Бақыт дегеніміз – Отанның тыныштығы, – деді ол ағынан жарыла.  
Мерекеде Жетісу жерінде мекен ететін этномәдени орталық мүшелері ұлттық киімдерін паш етті. Баршаның айтатыны – берекелі де баянды, тату-тәтті өмір сүру. Ел-жұрттың амандығы.  Мәдени көрмелер  әрбір ұлттың салт-дәстүрін жаңғыртуына,  тілі мен әдебиетін дамытуына қамқорлық көрсететінін байқатты. Оны мерекеге жиналғандардың өз ауыздарынан да естідік. 
Мәселен, Татьяна Криворучко: «Мен украин халқының өкілімін. Қазақ жерінде туып-өстім.  Өмірімді, болашағымды осы жермен байланыстырамын. Мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрамында еңбек етемін. Мұнда әр елдің тілін, дәстүрін құрметтеуіне, үйренуіне мол мүмкіндік жасалған. Ұлттық мерекемізді ұйымдастырып, басқалармен тереземіз тең өмір сүріп жатырмыз, – дейді қуаныштан бал-бұл жанып.
Елдің ішкі  саяси тұрақтылығын сақтау  осында мекен ететін ұлттардың парасаттылығымен тікелей байланысты.  Сондықтан, бір-бірімізді  бауырлас, көрші,  тағылымды әріптес ретінде құрметтеу – басты парыз. Сөйтіп, Талдықорғандағы татулық мерекесінде бірлігіміздің жарастығы салтанат құрды. 
Кешке жақын жаңбыр саябырсыды. Жастар саябақта би кешін өткізді.  Татулық пен бірлік бар жерде көңіл-күй де көтеріңкі. Үлкендер аулаларда қыдырыстап, бозбала-бойжеткендер демалыс орындарын бетке алды.  Көпшіліктің көңілінде ел аман, жұрт тыныш болса екен деген бір ғана тілек тұрды. 
            *  *  *
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі  облыстың  жер-жерінде аталып өтті.  Этномәдени орталықтар  мәдени-көпшілік, бұқаралық шараларда өзгелерге үлгі көрсетіп, ел бірлігі мен тірлігіне ұйытқы болуда. Ортақ мақсатымыз – берекелі де баянды, тату-тәтті ғұмыр кешу. Бүгінгі бақуатты өміріміз – ортақ Отанымызға деген сүйіспеншілік пен алдағы күнге деген сенімнің жемісі.    

 

Гүлжан ТҰРСЫН