Жаңашылдық бастауы

Уақыты: 06.05.2017
Оқылды: 1466
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасының Жолдауын насихаттау жұмыстары жалғасуда. Жолдауда көрсетілген барлық басым бағыттар бойынша бүгінгі күні өңірлер өз жұмыстарын бастап кетті. Болашақты бағдарлап, өзін толғандырып жүрген ойларын дәйім көпшілікпен бөлісіп отыратын Нұрсұлтан Әбішұлы рухани жаңару жайында жаңа мақала жариялады. Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің бүгінгі бағыт-бағдарын айқындайтын, жаңару мен жаңашылдыққа бастайтын даңғыл жол сілтеп, жақын арадағы міндеттерді тағы бір айқындай түсті. Тамыры терең тарихымыз бен күн санап түрленіп отырған бүгінгі жаңа қоғамымызды сабақтастыра ой түйген Ұлт көшбасшысы болашақты болжаудағы көрегендігін кезекті рет дәлелдеді.

Жаңғыру – тек жаңа үрдістерді қоғамға енгізу емес, Елбасы айтқандай сананы өзгерту, озық болуға ұмтылу, рухани жаңғырудың жолдарын қарастыру. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да рухани жұмысының бір бөлігі», – деген ойын анық аңғартты. Саясаткер ретінде өз еліне ғана емес, әлемге аты танымал Президентіміз халқына айтар ойын барынша салмақтап, ұғынықты тілмен жеткізді. Ең әуелі, ұлттық құндылық,  бірегейлікті сақтау, мәдениетіміз бен тілімізді түгендеу, рух тазалығы мен сана ашықтығын салмақтап алу керектігін баса айтты.
Білім алу – бүгінгі заманның басты талабы. Елбасы ұсынған жаңа бастамалардың ішінде «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынатындығын ерекше тапсырғаны осыған дәлел. Елімізде Ұлттық аударма бюросын құру мәселесі де өзекті болып тұр. Бүгінгі дүбәраға толы заманның ағымы жылдамдық пен сауаттылықты, кәсібилік пен көптілділікті қажет етеді. Ұлт көшбасшысы бұл ретте біздің жаппай және жедел тіл үйренуіміздің қажеттігіне, өзге елдердің озық жетістіктерін бойымызға сіңіріп, тереземізді теңестіруге үндеуінің мәні тереңде. Ғылым мен білімнің түп тамыры – тіл. Жаңа технология мен ғылыми жаңалықтар тілі – ағылшын тілін үйренсек, қазақ ұлты дамудың тағы бір сатысына көтеріліп, жетістіктердің жаңа белестерін бағындыруға мүмкіндік аламыз. 
Латын әліпбиіне көшу үрдісі де тарихы терең жазба әдебиетіміздің құндылығын қайта жандандыру мақсатындағы маңызды істердің бірі болмақ. Бұған қоса латын әліпбиі ағылшын тілімен қатар оқытылса, өскелең ұрпақтың зерек санасына тез қабылданып, сауаттылығын арттыра түсуіне сеп болатынына сенім мол. Елбасы 2025 жылы іс-қағаз, мерзімді баспасөз бен оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығару керектігін ескертті. Ол кезең де таяу. Сол себепті Үкіметке бүгіннен бастап латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау жүктелді.
Ұлттығымызды ұлықтау – өткенімізді қадірлеп, болашағымызға дұрыс бетбұрыс жасауымыздан, бүгінгі талапшыл заманның сұраныстарына сай жаңарған қоғамның азаматтары бола алуымыздан да көрініс табады.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.