Бақ қалаға газ келді

Уақыты: 06.05.2017
Оқылды: 1836
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күн санап тотыдайын таранып, көркем келбетке еніп келе жатқан әсем қала Талдықорғанның бүгінгі жай-күйіне барша тұрғын риза. Әсіресе, үйлеріне «көгілдір отын» қосылған Қаратал ықшамауданының тұрғындары ерекше қуануда. Жақында көптен күткен табиғи газ осы аталған ықшамаудандағы Ақбастау көшесі тұрғындарының үйіне қосылды. 

Осыдан біраз жыл бұрын облыстың Алматы маңындағы елді мекендері «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген еді. Ал Талдықорған  аймағындағы елді мекендерді газдандыру үшін 2014 жылы «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбырының құрылысы басталған.  Аталмыш жобаның құрылысы өткен жылдан бері қарқынды жүргізіліп, істің соңы жақсылықпен түйінделді. «Ақниет-БН» ЖШС жүргізген құрылыс аяқталып, Талдықорған қаласы табиғи газбен қамтылды. 
Өңірге «көгілдір отынның» келуі көпшіліктің көңіл көкжиегін көкке көтергені рас. Алғаш болып шаңырағына газ кірген отбасылар Елбасына, облыс, қала басшыларына үлкен ризашылықтарын білдірді. 
Тұрғындар тіршілігіне тың серпін беретін газ құбырының жалпы ұзындығы 264,8 шақырымды қамтиды. Құбырдағы қысым – 9,8 МПа. Газ құбыры  бағыт бұру, газды тазарту, қыздыру торабы, газ қысымын кеміту, жылу жеткізу тораптарынан тұрады. Аталмыш газ құбыры өңіріміздің 410 мың тұрғыны тіршілік ететін 6 аудан мен 3 қаланы газбен қамтуға мүмкіндік бермек. 
Облыстың елді мекендерін газдандыру жұмысы республикалық газдандыру сызбасы шеңберінде жүргізіледі. Өңіріміздегі 741 елді мекеннің 473-і газбен қамтылады. Ал осы уақытқа дейін 11, 7 млрд. теңгеге 73 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы облыстың 123 елді мекенін табиғи газбен қамту қолға алынып, оған бюджеттен  45 млрд. теңге қарастырылды. 
«Ташкент – Бішкек – Алматы – Бұхар» газды ауданы арқылы  2014 жылы республикалық бюджет есебінен «Алматы – Байсерке –Талғар» магистралды газ құбыры іске қосылды. Осынау игі істің нәтижесінде  Іле, Талғар аудандарының 300 мыңнан астам тұрғыны үйін «көгілдір отынмен» жылытуда.  Сондай-ақ, «Алматы –Байсерке – Талғар» газ желісі арқылы «Байсерке – Қапшағай» газ құбырының  құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде Қапшағай қаласында 37,1 км магистралды газ құбыры мен 63,1 шақырым қалаішілік жүйелер жасалды. Ағымдағы жылы  «Қазақстан – Қытай» транзиттік газ құбыры арқылы Панфилов, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарының 403 мың  тұрғыны «көгілдір отын» қызығына бөленеді.
Қаланы газбен қамтамасыз ету төрт кезең бойынша іске асырылмақ. Алғашқы кезекте «Қаратал» шағын ауданы, Абылай хан, Жансүгіров, Гауһар ана көшелерінің бойындағы, облыстық аурухана, автобекет және орталық базар маңындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлер, «Талдықорған» индустриялық аймағы мен Оңтүстік өндірістік аймақ газ желісімен қамтылады. Бірінші кезеңнің жұмысы осы айдың соңында жүзеге аспақ. Екінші кезекте «Самал», «Жастар», «Мерекелік» шағынаудандары мен І. Жансүгіров, Желтоқсан, Қабанбай батыр, Чкалов, Белов, Шевченко көшелерінің бойындағы жеке және көпқабатты тұрғын үйлерге газ жеткізіледі. Үшінші кезекте Өтенай және «Шығыс» шағын аудандары мен Жансүгіров, Алматы, Тілек Әбжалиев көшесінің тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізеді. Төртінші кезекте Қаратал өзенінің бойындағы, Еркін, Көктал ауылдары мен қала маңындағы саяжайларға газ тартылады. 
Талдықорған қаласына газ құбыры былтыр жеткен. Бүгінде соны үйді-үйге тарту жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Жалпы, газдандыру жоспарының 90 пайызы орындалған. Мамандардың айтуынша, 1 текшеметр газдың құны 33 теңгені құрайды.

Еңлік КЕНЕБАЕВА