Кәсіпкерлер құқығы қорғалады

Уақыты: 06.05.2017
Оқылды: 1200
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев өңірлерге іссапарын жалғастыруда. Бейсенбі күні Жетісу жеріне ат басын бұрып, бірнеше нысанды аралап, сондай-ақ, өңірлік кәсіпкерлер кеңесімен бірлескен отырыс өткізіп, облысымызда бизнес саласында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Тимур Асқарұлының Жетісу өңіріндегі ресми сапары Талдықорған  әуежайынан  басталды. Аумағы 1700 шаршы метрден асатын  әуежайдың кеңейту жұмысымен танысқаннан кейін  көп аялдамай ат басын бірден индустриалды аймаққа бұрды. Облыс әкімі Амандық Баталов «Талдықорған», «Береке» индустриалды аймақтарының ағымдағы қызметі мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмысы, сондай-ақ, Панфилов ауданындағы жаңа Нұркент қаласының құрылысы мен «Gate Sity» серіктес қаласын дамыту тұрғысында жүріп жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. 
Осыдан кейін Ескелді ауданындағы «Нам     Г. Н.» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабына барды.  Шаруашылық иесі Герман Нам суармалы егіншілікте жаңа технологиялардың қолданылуы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. 
– Шаруашылықта жаңа техникалардың қатарын көбейтуді қолға алдық. Соның арқасында өткен жылы қызылшаның әр гектарынан 600 центнерден өнім түсті. Жекелеген егістіктерде 800 центнерге дейін жетті. Мұның бәрі жоғары сапалы жаңа техниканы қолдануымыздың арқасында мүмкін болуда. Биыл да тұқым себуге арналған Германия елінің құралын сатып алдық. Орта есеппен гектарына 700 центнерден өнім аламыз деген ойдамыз,  – дейді ол.
Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров былтырғыға қарағанда биыл облыстағы егістік көлемінің едәуір артқанын тілге тиек етті. Оған суландыру жүйесін қалпына келтіруге көрсетілген көмектің көп ықпал еткенін жеткізді. Сөз кезегінде қант қызылшасын өсіруге  мемлекет тарапынан жасалатын көмек көрсетіліп, минералды тыңайтқыштардың субсидияланатынын, сонымен қатар, тұқым мен пестицидтердің 50 пайызға дейін арзандатылғанын жеткізді.
– Бүгінгі таңда облысымызда қант қызылшасын өңдейтін Көксу қант зауыты іске қосылған. Ақсу қант зауытын іске қосатын инвесторлар жұмысқа кірісіп жатыр. Биыл аймақта қант қызылшасы егілетін аумақты 9 мың гектарға дейін арттырып, 30 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Бұл облыс тұрғындарының қантқа деген сұранысының 84 пайызын қанағаттандыруға, сол арқылы импорттың көлемін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Амандық Ғаббасұлы. 
Тимур Асқарұлының назарын аударған тағы бір жайт – облыс орталығының ерекше көркейіп келе жатқан Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданындағы «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы болды. Жаңадан бой көтеріп жатқан бес жаңа шағынауданнан тұратын Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алабын жоспарлау жобасы 2012 жылы бекітілген. Содан бері жалпы көлемі 98,7 мың шаршы метр болатын 1787 пәтерлі 24 үй  пайдалануға беріліп үлгерді. 
– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 12,2 мың шаршы метр болатын 184 пәтерге арналған 3 арендалық тұрғын үй құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алабының аумағында әлеуметтік-мәдени мақсаттағы бірқатар нысан – 9 балабақша, 5 мектеп, емхана, драма театры, Салтанат сарайы, көрме кешені, Халыққа қызмет көрсету орталығы, 4 сауда үйінің құрылысы бой көтереді, – дейді облыс басшысы.
Осыдан кейін палата төрағасы облыстық кәсіпкерлер палатасының жиынжайында өңірлік кәсіпкерлермен кеңес өткізді. Кеңес барысында бірқатар мәселелер көтерілді. Бірінші кезекте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы палатаның басты бағыты, ұстанымы, келешек мақсаттары туралы айтып өтті. Оның айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі бизнесмендердің құқығын қорғауы тиіс. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар атқарылуда. 
Келесі кезекте төралқа төрағасы бүгінгі таңда кәсіпкерлерді қандай мәселелердің толғандырып отырғанына тоқталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарып жатқан тағы бір жұмысы – Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі. Кездесу барысында Тимур Асқарұлы шағын және орта бизнеске салынатын салықтың бір бөлігінің жергілікті бюджетте қалуы керектігі туралы өз ойын білдірді. Оның айтуынша, осы арқылы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ынталандыруға болады. 
Тимур Құлыбаев Жетісу жерінде кәсіпкерлер мәселесінің оңды шешіліп келе жатқанын ерекше қуанышпен жеткізіп,  оған ықпал етіп отырған облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысын білдірді.  Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның атқарған жұмыстарын тыңдап, оң бағасын берді. Кеңес барысында жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да көптеген сұрақтар қойылып, оларға «Атамекен» Ұлттық палатасының төралқа төрағасы тұшымды жауап берді.

Қажет АНДАС