Рухани өркендеу өзегі

Уақыты: 10.05.2017
Оқылды: 1332
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Қазақстан – 2030» Стратегиясында әйгілі рим философы Сенеканың «Қай портқа бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан тұрмайды» деген қанатты сөзін келтіріп кеткен болатын. даму бағдарына қатысты айтылған осынау тұжырымдаманың айдай ақиқат екендігіне уақыт өткен сайын көзіміз жете түскендей. Оған мысалды да алыстан іздеп керегі жоқ. Кешегі «мызғымас одақта» бірге болған бірқатар елдер тап болған түрлі қиындықтардан әлі күнге дейін жол тауып шыға алмай отырған кезде тәуелсіз Қазақстанымыз асқар биіктерді бағындырып, серпінді даму жолына түсті. 

Бұл орайда жеткен жетістіктеріміз бағдарымызды тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап айқындап алғанымыздың, сол бағдар бойынша нақты жұмыстар атқарғанымыздың нәтижесі деп тұжырымдасақ, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды.
Бұл қызыл сөз, құр мақтан емес. Кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болып отырған кезде қол жеткен жетістіктерімізді саралап, барымызды бар деп айтуымыз керек. Өткен дәуірде уақытқа кеткен есеміздің орнын толтырып,  жоғымызды түгендейтін де осы кезең. Президентіміздің «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы нақ осы мәселелерді көтеріп отыр. 
Мақалада айтылған ойлар мен жасалынған тұжырымдардың замандастарымыздың барлығының көңілінен шыққанын, толықтай қолдауына ие болғандығын да айрықша атап өтпей болмайды. Мырзатай Жолдасбеков сынды батагөй қарияларымыздың мақаланы көктемнің алтынкүрек желіне теңегені де бекер емес. 
Елбасымыз айтып өткендей, рухани жаңғыру саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналуы тиіс. Іс жүзінде бұл нені білдіреді? Біз қазіргі кейбір жастарымыз сияқты батыстың мәдениетіне көзсіз еліктемей өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді, халқымыздың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан ең бір жақсы қасиеттерді сақтап қалып, жаман қасиеттерден арылуымыз қажет. Сонда ғана бойынан әл-дәрмені кеткен ата-анасын Қарттар үйіне өткізіп, қорғансыз сәбилерін қоқысқа лақтырып тастайтын жастар азаймақ, ана тіліне мұрындарын шүйіре қарайтын замандастарымыздың санасына сәуле түспек. Сонда ғана жершілдік секілді әлі күнге дейін балақтан тартып қалмай келе жатқан келеңсіздіктен арылып, нарықтық заманда кадрды қай жерде дүниеге келгендігіне, қай өңірдің азаматы екендігіне қарамастан іскерлік, біліктілік, білімділік қасиеттеріне қарай таңдап алатын боламыз. Соған орай еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны да еселене түспек.  
Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында ХХ ғасырда ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалғанын, қазақтың тілі мен мәдениетінің құрдымға кете жаздағанын, еліміздің көптеген өңірлерінің экологиялық апат аймақтарына айналғанын ашып айта келіп, жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлігімізді, яғни ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тілімізді, музыкамыз бен әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымызды бойымызда мәңгі сақтап қалуымыз қажеттігін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының мақаласында көтерілген бұл мәселелер мен тұжырымдар болашақта атқарылатын барлық жұмыстарымыздың өзегіне, бағдарына айналуы тиіс. 
Замандастарымыздың айтып жүргеніндей, бағдарламалық мақалада айтылған мәселелер нағыз дер шағында, толғағы жетіп, пісіп-жетілген уағында көтеріліп отыр. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі жайында да осыны айтуға болады. Латын әліпбиіне бізден бұрын көшіп кеткен өзбек пен әзірбайжан бауырларымыз бұл мәселеде қандай жетістіктерге қол жеткізді, қай мәселені ескермей қандай кемшіліктерге ұрынды? Одан қандай қорытынды шығаруымыз керек? 
Иә, ақылды адам өзгелердің оң тәжірибесін қажетіне жаратып, ең алдымен өзгелердің қателігінен сабақ алады. Меніңше, Нұрсұлтан Әбішұлы да басқалардың тәжірибесін жете зерттей келе, қоғамның даму жағдайын жіті бағамдай келе осындай байламға тоқтап отыр. Содан кейін де мұны жан-жақты бағамдалып, сарапталған, өмірдің өз қажеттілігінен туындап отырған салауатты шешім деп есептеймін.
«Өркениетті мемлекеттердің ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» деген тұжырым да жоғарыдағы пікірімізді нақтылай түседі. Ондай озық жетістіктерді дер кезінде қабылдап, жетілдіріп отырмасақ, замана көшіне ілесе алуымыз екіталай. 
Ай санап емес, күн санап өзгеріп отырған замана барысында біздер ұлттық қалпымызды, яғни, Елбасымыз айтқандай, ұлттық кодымызды сақтай отырып қандай өзгерістерге де дайын болуымыз керек. Бұл жерде замана талабына сай кәсіптерді меңгеріп, оны жеңіл өзгертуге қабілетті білімдар адамдардың ғана табысқа жететіндігі сөз болып отыр. 
Үш тілді меңгеру мәселесі де табысқа жетудің алғышарттары қатарында. Бұл жерде ұлттық қалпымызды сақтаудың өзегі саналатын ана тілімізді, яғни мемлекеттік тілді жетік меңгеру мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Бұл – талас тудырмайтын ақиқат. Сол сияқты әлем халықтары арасында кәсіби байланыс құралы ретінде кең тараған ағылшын тілін үйрену қажеттігі де дәлелдеуді қажет етпейді. 
Мені ерекше қуантқан Елбасымыз ұсынған «Туған жер» бағдарламасы болды. Ойлап қарасақ, аталған бағдарлама бойынша қаншама жемісті жұмыстарды атқаруға болады?! 
Көпшілік арасында «Ауылына қарап, азаматын таны» деген тәмсіл бар. Осынау халық даналығын еске алатын болсақ, өмірде белгілі бір жетістікке қол жеткізген әрбір азаматқа – зиялы қауым өкіліне, әрбір кәсіпкерге, өзін туған жерінің, өскен елінің шынайы патриотымын деп есептейтін әрбір замандасымызға жүктелер жауапкершілік жүгінің тым салмақты екендігін көреміз.
Рас, бұған дейін де туған ауылына, өзі оқыған мектебіне көмектесіп, қол ұшын созған азаматтар болды. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ, ұсынылып отырған «Туған жер» бағдарламасының осындай көмекті ұйымдастырумен ғана шектелмейтіндігін ескеруіміз керек. Бағдарламаның мәні әркімнің хал-қадарынша туған ауылын көркейтуге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу екендігі басты назарда болуы тиіс. Мақалада айтылғандай, өлкетану жұмыстарын жүргізу, экологияны жақсарту мен елді мекендерді абаттандыру, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру жайттарының бәрі аталған бағдарлама аясына кіреді. 
Бір сөзбен айтқанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы рухани жағынан өсіп-өркендеуіміздің айқын бағдары, негізгі өзегі. Оны жүзеге асыруға белсене атсалысу әрбір қазақстандықтың абзал борышы деп білемін.

Серік ҮМБЕТОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты