Өткенге тағзым, ұрпаққа өнеге

Уақыты: 11.05.2017
Оқылды: 1594
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс орталығы Талдықорған қаласында    9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай мерекелік салтанат өтті. Алдымен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойған облыс басшылығы мен ардагерлер Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған боздақтардың рухына тағзым жасап, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң «Жастар» саябағында жалғасқан мерекелік шара сұм соғыстың зардабы мен қасіретіне арналған сахналық көріністерге ұласты.

Бүгінгі күн – өткеннің тарихы. Ал, өткенсіз бүгін жоқ. Кеңестер одағының құрамында фашистік Германияға қарсы қару кезенгендердің қатарында қазақ халқы да болды. «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен тылдағы жас пен кәрі күні-түні еңбектеніп, тапқан-таянғанын соғысқа аттанған ерлерге жіберді. Сол жылдары Кеңес одағында өндірілген әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Ері мен ұлынан қатар айырылып, аңыраған аналардың зары жауға қарғыс болып атылды. Туған елі мен жерін, ата-анасын сағынған жауынгерлердің аңсарға толы үшбу хаты, сүйгені мен ұлына сәлем жолдаған әкенің сағынышы, ақ қайыңдар жайқалған алқапқа тоқтаған әскери бөлімшенің бір күні, соғысқа барып, сарбаздардың рухын көтерер концерт қойған қазақ әншілері, сол жылдарда жазылған әсем әуен көпшіліктің көңілінен шықты. Айтулы мерекені еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін шақырайған күнге қарамастан тамашалады. Өйткені, бәрінің көкейінде өткенге деген тағзым, келешекке деген асыл арман жатты. Жетісу өнерпаздары бірлесе сахналаған көріністің көркемдік дәрежесін лэд экран арқылы берілген бейнебаян көтере түсті. Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара жас балалардың соғыста қаза тапқан боздақтардың фотосуретін биікке көтеріп шығуына ұласты. Бүлдіршіндердің құрметке толы қозғалысы көріністі тамашалаған жұртшылықтың көзіне жас алдырып, көңілін толқытты.
Мерекелік салтанатта облыс әкімі Амандық Баталов   құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті қауым! Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Ерлікке – мәңгі тағзым! Біз уақыт өткен сайын майдангерлердің, яғни, Сіздердің жауынгерлік, қаһармандық ерліктеріңізді жиі еске алатын боламыз», – деп ерекше атап өтті, – деген Амандық Ғаббасұлы көпшілікті күн өткен сайын қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетуге шақырды. – Биыл  Ұлы Жеңіске 72 жыл толып отыр. Ешкім де, ештеңе де, ешқашан да ұмытылмайтыны ақиқат. Сұрапыл соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын ерекше ұғынамыз. Сондықтан да Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлерімізді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Өйткені, бұл Жеңіс біздің батыр әкелеріміз бен аталарымыздың қаһармандық ерлігінің, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Күні кеше ғана қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлерін салтанатты жағдайда  қабылдап, құрмет көрсеттік. Майдан даласында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен 52 жетісулық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Даңқты 28 гвардияшы-панфиловшы батырлардың 10-ы біздің жерлесіміз екенін әрқашан мақтанышпен айтамыз. Қазір облыс бойынша 190 Ұлы Отан соғысының ардагері, 13 тыл еңбеккері бар. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі! Қастерлі Жеңіс күні – аға ұрпақтың өшпес ерлігінің, ерен еңбегінің мәңгілік символы! Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де Ұлы Жеңістің жемісі.
Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін! Мәңгілік Еліміздің болашағы жарқын, Ұлы Дала ұрпақтары намысты болсын! Жеңістің туы желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін!
Осылайша ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне жүрекжарды тілегін арнаған өңір басшысы гитара әуеніне қосылып, Владимир Высоцкийдің «Он не вернулся из боя» деген әнін әуелете орындады. Еліміздің белгілі эстрада әншілері мен Жетісу жерінің өнерпаздары шырқата ән салып, дөңгелене би билеген мерекелік шара соңында соғыс ардагерлері арнайы тігілген әскери шатырдан соғыс жылдарындағы тағамнан дәм татты.
***
Көксу ауданы. Жеңіс күнін көксулықтар ықыласпен қарсы алып, ұрпаққа үлгі болар бірқатар рухани, мәдени шараның шырайын кіргізді.    Мерекелік шараға аудандағы көзі тірі соғыс ардагерлері шақырылып, құрмет көрсетілді.
Аудан орталығы Балпық би кентінде өткен мереке аудан әкімі Алмас Әділдің қатысуымен аудан әкімдігінің алдындағы Балпық би, М. Сеңгірбаев атындағы саябақтағы М. Сеңгірбаев, И. Шадрин,     Т. Исабаев ескерткіштері мен Ауған соғысы ардагерлерінің және «Отан-Ана» ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, перзенттік парызын өтеумен бастады. Осыдан кейін алқалы топ аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Ұлы Жеңіске арналған арнаулы театрлық қойылымда соғыс жағдайы өрнектелген көріністер көрсетілді. 
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Алмас Әділ көпшілікті мерекемен құттықтады. Осыдан кейін бүгінгі бейбіт күннің берекелі өмірі мен тәуелсіздік жылдарындағы толымды жетістіктер сөз болған қойылымдар да көптің көңілін желпіндірді. Кешке қарай аудан жастары орталық алаңға жиналып, есте қаларлықтай шаралар ұйымдастырды.
Мерекелік шаралар облысымыздың өзге де аудан, қалаларында өз деңгейінде өтті.

Мәди АЛЖАНБАЙ