Жемісті жобалар жүзеге асуда

Уақыты: 15.05.2017
Оқылды: 1537
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Жамбыл, Қарасай аудандарын аралап, бірқатар өндіріс орындарында болды

Экономиканы өркендету жолында қолға алынған тың жобалардың жүзеге асу барысына оң баға берген өңір басшысы кәсіпорын жетекшілерінің ел әлеуетін арттырар ізденісті істеріне қолдау білдірді.

Жамбыл ауданы. Амандық Ғаббасұлы алдымен Шолаққарғалы селолық округіне атбасын тіреді. Осы аумақта салынып жатқан «Империя Фуд» ЖШС-нің ет комбинаты құрылысымен аталған серіктестіктің бас директоры Арман Джавидан таныстырды. Мұнда қазір 42 адам еңбек етуде. Салынған инвестиция көлемі 2,3 млрд. теңге. Ет өңдеу зауытының құрылысы былтыр басталған, осы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Бұл жобаның қуаттылығы жайына келсек, жылына 8 мың тонна ет өңдеу мүмкіндігіне ие. Бір ауысымда 120 бас ірі қара сойылады. Тиісті инфрақұрылым тарту үшін облыстық бюджеттен 80,1 млн. теңге бөлініп, қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Одан кейін облыс әкімі Қасымбек ауылындағы жарық-электр техникаларын және металл бұйымдарын шығаратын зауытқа келді. «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС 2012 жылы іске қосылған. Өндірістік цехтарды аралатып, жұмысымен таныстырған аталмыш кәсіпорынның бас директоры Диас Құрмашевтің айтуынша, зауытта жарықдиодты шамдардың 350-ден астам түрі шығарылады. Олардың қатарында кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған әртүрлі шамшырақтар бар. Сонымен қатар ыңғайлы оқушы парталары, көшеге, саябақтарға арналған әдемі орындықтар, кеңсе сейфтері сияқты сапалы бұйымдар өндіреді. Ұлттық нақышпен жасалған шырағданға өңір жетекшісі назар аударып, ізденсе осындай тартымды дүниені өзгелердің де жасауына болатынын айтты. Кәсіпорында бұйымға қажет ою-өрнек лазер қондырғысымен салынады. Зауыт айына 200 мың бірлік өнім шығарып отыр. Бұл еліміздегі нарық сұранысының 70 пайызын қамтиды. Зауыт өнімдері таяу шетелдерге, сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Латын Америкасы елдеріне де экспортталады. 2016 жылы Дубай мен Панама қалаларында филиалдары ашылыпты. Өндірілген өнімдегі қазақстандық мазмұн 92 пайызды құрайды. Жыл сайын зауыттың техникалық жарақтандырылуына 500 млн. теңге инвестиция салынады. Зауытта 220 жұмысшы бар. Облыс басшысы осындай сапалы дүниелерді Талдықорған қаласын көркейту жұмыстарына да пайдалану мүмкіндігін қарастыруды орынбасары А. Байжановқа тапсырды.
«Алматы Сұңқар құс фабрикасы» ЖШС осы ауылда орналасқан. Аудандағы іргелі кәсіпорынның жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Бұл фабрика да 2012 жылы іске қосылған болатын. Өткен жылы мұнда 42,4 млн. дана жұмыртқа өндіріліпті. Биыл 80 млн. дана, келесі жылы 130 млн. дана жұмыртқа өндіруді межелеп отыр. Кәсіпорынды кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар мен құстар сатып алыныпты. Мұнда жұмыс істейтін 80 адамның ең төменгі жалақысы 172 мың теңге. Бұл туралы облыс басшысын фабриканың бас директоры Дмитрий Чалых хабардар етті. Амандық Ғаббасұлы жұмысшыларына қажетті жағдай жасап, барлық заңнама талаптарына сай жұмыс істеп отырған осындай кәсіпорынның өзгелерге үлгі болатынын айтты.
Облыс әкімі бастаған топ халықаралық Алматы – Бішкек күрежолынан шалғайдағы Қопа бағытына бұрылды. Дегерес ауылдық округіне қарасты бұл аумақта жаңғақ бағын өсірудің қолға алынуы ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық. Ауданда бақ өсіру жанданып келеді, ал жаңғақ бағын өсіру бүкіл елде жоқ тың іс. «Green farm» шаруа қожалығы биылдан бастап үш жыл ішінде жаңғақ ағашының 220 мың дана «Чандлер», «Франкет» сортты көшеттерін 800 гектар аумаққа отырғызуды көздеп отыр. Жобаның алғашқы кезеңіндегі инвестиция көлемі 1,8 млрд. теңгені құрайды.
Шаруашылық басшысы Махмет Мимикенов: «Осы көктемде 200 гектар алқапқа 40 мың жас көшет ектік. Бақтың 400 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданатын боламыз. Ол үшін қазіргі кезде 2 ұңғыма бұрғыланып, француз технологиясы бойынша су жинау үшін 5 мың текшеметрлік екі бассейннің құрылысын аяқтадық. Бір ағаштан алғашқы 4-5 жылда 5 келіден одан кейінгі 10-11 жылда 180 келіге дейін өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз. Биіктігі алты метрге дейін жететін ағаш 65 жыл өмір сүреді. Жаңғақ экспортқа бағытталады. Бұл іске шетелдің тәжірибесін зерттеп барып кірістік. Еуропадан екі агроном тартылды. Топырақ құрамын әбден зерттеп септік. Қазір мұнда 57 адам еңбек етуде. Жалпы жұмысшылар саны 80 адам. Әр талды мәпелеп күту керек. Енді қараша айында әрбір ағашты қысқа жылылап қымтайтын боламыз. Мұнда коммуникация желісі, табиғи газ құбыры тартылса жақсы болар еді», – деді.
Амандық Ғаббасұлы жаңа істі батыл қолға алған Мимикеновтер отбасының бұл игі бастамасына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасына тапсырды.
Жоғарыда аталған «Империя Фуд» ЖШС 2014 жылы Үңгіртас ауылының сыртында инвестициялық құны 1,4 млрд. теңге тұратын мал бордақылау алаңын салып, 2015 жылы оны іске қосқан болатын. Өңір басшысы жаңғақ бағынан қайтар жолда осында бұрылды. Аз уақыт ішінде нәтижелі жұмысымен танылған серіктестіктің ірі қара мал етін өндіру ісіне қосып отырған үлесі қомақты. Жыл басынан бері 55 тоннаға жуық ет өткізіпті. Бүгінгі күні мұнда 2700-ге жуық етті бағыттағы еркек мал семіртілуде. Әрқайсысы тәулігіне 2 келіге дейін салмақ қосады. 44 адам осында еңбек етеді, олардың орташа жалақысы 80 мың теңге. Келешекте өндірістік қуаттылықты 10 мың басқа ұлғайтуға ниетті. Өз астық қоймасы, құрама жем зауыты, сүрлем сақтайтын ұрасы осында. Ірі қара тасымалдайтын арнайы жүк көлігі бар. Шаруашылық иесі Арман Джавидан ірі қараның жемшөп жейтін астауының ерекшелігі, малдың тез ет алып, көбірек салмақ қосуы үшін жасалатын амал-әрекеттер жайында ашыла әңгімеледі. Асыл тұқымды бұқаларын осы маңдағы ауыл тұрғындарына тұқым асылдандыру үшін белгілі бір мерзімге ақысыз беретінін, олардан бордақыға қою үшін сатып алатын өгізшелердің етті бағытта болуына осылайша қарайласатынын жеткізді.
– Жамбыл ауданы жер бедерімен климаты жағынан малға жайлы, ауылшаруашылығы бойынша кластер құруға өте қолайлы аймақ. «Империя Фуд» ЖШС-нің айналасында ет кластерін құру керек. Шағын шаруашылықтарды кооперативке біріктіру үшін осындай іргелі, жаңа технологиямен жұмыс істейтін орталық қажет. Сапалы өнім шығаратын, техникалық жағынан жан-жақты қамтамасыз етілген осындай кәсіпорындар өнімін өткізу, тасымалдау жағынан шаруаларға да тиімді болады. Жалпы отандық өндірушілерді, өз өнімдерімізді қолдау шараларын нығайта түсуіміз керек, – деді Амандық Баталов.
Облыс әкімі Үңгіртас ауылындағы су және газға арналған полиэтилен құбырларын, фланцтер, фитингтер шығаратын «Plast invest» зауытында болды. Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директоры Өмірғали Батырғалиұлы цехтардағы жұмыс үрдісімен таныстырды. Зауыт өткен жылдың 9 айында 1912,6 млн. теңгенің өнімін өндірген.
Сапар кезінде Амандық Ғаббасұлы Қарақыстақ ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының сүт өндірісімен танысты. Мұнда жаңадан салынған 600 басқа арналған сүт кешені биыл жұмысқа кірісті. Оның жобалық құны 1 млрд. 780 млн. теңге. Наурыз айында Украинадан 300 бас асыл тұқымды құнажын сатып әкелінген. Қазір олардың алды бұзаулап, сиырлар сүт бере бастады. Алдағы күндері тағы 300 бас асыл тұқымды «Гольштейн» сиырын әкелмек. Тауарлы-сүт фермасында 45 адам еңбек етеді, орташа айлық жалақысы 75-80 мың теңге. Кешен жылына 6 тонна сүт өндіре алады.
Қожалық иесі Талғат Естібеков алдағы уақытта сүт өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отырғанын айтты. Ол үшін арнайы жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалыпты. Демек, келешекте мұнда сүт кластерін құруға негіз бар.
Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы Ұзынағаш ауылының жоспарымен танысты. Ол аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа сәулетшілер әзірлеген жобада белгіленгендерді сақтай отырып, аудан орталығының бір шетінен жаңадан бой көтеретін шағынауданды келешекте үлгілі етуді тапсырды.

***
Қарасай ауданы. Жамбыл ауданынан кейін  облыс әкімі Амандық Баталовтың сапары Қарасай ауданында жалғасты. Ұзынағаш ауылынан Үшқоңырға апарар жол жиегінде тігілген шатыр жанында аялдаған өңір басшысы республикадан облыс қарамағына алынған жолдарды жөндеу жобасымен танысты. Бұл жерде әсіресе Үшқоңыр ауылының ішімен өтетін жолды тұрғындарға оңтайлы етіп қайта жасау қарастырылғанын айта кету керек. Яғни, негізгі күре жолмен қатар қосымша кірме жолдар, аялдамалар мен жаяу жүргінші жолдары, көше жарығы жан-жақты ойластырылған.  Алматыдан Бішкекке апаратын жолда орналасқан «Алтын орда» базары мен «Асыл арман» тұрғын үй кешені тұсындағы  жолды кеңейту, оны көлік кептелісі болмайтындай құрылымдармен қамтамасыз ету мәселелері де жан-жақты талқыланды.
Үшқоңыр ауылындағы  мәдениет мекемелерінің жай-күйімен танысқаннан кейін Амандық Ғаббасұлы Ұмтыл ауылдық округінде орналасқан «Alsad Kazakhstan» компаниясының құс фабрикасына ат басын тіреді. 2012 жылдан бастап отандық өндірісте жұмыс істей бастаған компания  негізінен жұмыртқа өндірумен айналысады. Жобалық қуаты жылына 165 миллион дана жұмыртқа шығаруға есептелген фабрика өткен жылы 156 миллион жұмыртқа өндірген екен. Мұнда еңбек ететін 200-ге жуық жұмысшы негізінен осы өңірдің тұрғындары. Құс фабрикасының тыныс-тірлігімен таныстырған бас директор Дияр Медеубеков әлемдегі ең озық технология бойынша жабдықталған өндірісті аралатып, жұмыс жүйесі жайлы баяндады.  Балапандарды өсіретін 4 және жұмыртқалайтын тауықтарға арналған 12  ғимарат қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген. Мұнда жұмыс жүйесі толықтай автоматтандырылған. Дайын өнімдерді салатын қораптар да талғамы жоғары тұтынушылардың көңілінен шығатындай етіп жасалған.
Амандық Ғаббасұлы «Қазақстанда жасалған» деген айдармен жөнелтіліп жатқан өнімдерді отандастарымыз ғана емес, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстанмен қатар Ауғанстан, Біріккен Араб Әмірліктері де алатынын қуана құптап, ел абыройын арттырып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Өндірісті Алматы қаласынан облыс аумағына шығару жайлы бастама көтерілгенде алғашқылардың бірі болып Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округіне ғимараттарын тұрғызған «Алматы продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2008 жылдан бері кондитерлік өнімдер шығарумен айналысып келеді. Бұл жобаға жеке инвесторлар 500 миллион теңге  қаржы жұмсағанын да айта кету керек. 
Өлке басшысын өндіріспен таныстырған кәсіпорынның бас директоры Азиз Әлімқұлов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында  мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп, нәтижесінде қосымша цехтар жабдықтап жатқанын көрсетті. Жылына 13 мың тонна өнім өндіруге қабілетті фабрика өткен жылы 2,5 миллиард теңгенің кондитерлік өнімдерін шығарған.  Мұнда бүгінде печенье, карамель, құрғақ тамақ пен вафлилердің 250-ге жуық түрі шығарылады. Облыс әкімі Қазақстанның қалалары бейнеленген қаптамалары бар конфеттердің ішінен Талдықорған қаласының көрінісі бейнеленген конфетті алып қуанды.  
Кондитерлік фабрика өнімдерінің біраз бөлігі аспан асты еліне жөнелтіледі. Сонау шалғайдағы Непал мемлекеті де Қазақстанда жасалған печеньелерге деген сұранысын арттыруда. Кәсіпорын жұмысымен танысып, атқарылып жатқан істерге жоғары баға берген Амандық Ғаббасұлы  мыңға жуық адамға жұмыс беріп отырған кәсіпорынға сәттілік тіледі. 
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілген «Алматы стекло» шыны ыдыстары мен құмыралар шығаратын зауыт аз уақыт ішінде жобалық қуатында жұмыс істеуге қол жеткізген. 
Аталмыш  зауыттың бас директоры Азим Абдуллаев мұнда  жасалатын құмыралар мен шыны ыдыстарға деген сұраныстың күн санап артып келе жатқанын мақтаныш етті. Кәсіпорын шет мемлекеттерден де тапсырыстар қабылдай бастаған. Жылына 120 миллион дана шыны ыдыстарын жасауға қабілеті жететін зауыт тапсырыс берушінің талабына орай түрлі пішіндегі құмыраларды әлемдік сапа талаптарына сай етіп шығарады. 
Зауыт аумағында дүкен, асхана, жатақхана, жиынжай сияқты әлеуметтік нысандар да жұмыс істейді. Мұнда еңбек ететін 500-ге жуық адамның басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Негізінен отандық шикізатпен жұмыс істейтін кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс қуатын арттыруды жоспарлап отыр.
Зауыт жағдайымен таныстырған Азим Шамой-оглы өздерін алаңдатып жүрген мәселелерді де алға тартты. Атап айтқанда, мұнда электр қуатының тапшылығы, пайдаланылған суларды ағызатын кәріз жүйелерінің апатты жағдайы сөз болды. Амандық Ғаббасұлы осы және өзге де мәселелерге байланысты саланың жауапты мамандарына тапсырма беріп, билік тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілу керектігін баса айтты. «Бизнес өкілдері өз қаржыларына осындай кәсіпорындар салса, көптеген адам жұмыспен қамтылып, тұрғындардың әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Мемлекет қалтасына салық төлеп, жолдарды жөндеуге, балабақшалар мен мектептер салуға мүмкіндік туғызады. Сондықтан біздің мақсатымыз – оларға барынша жағдай жасау. Елбасы да бізден осыны талап етеді. Бүгінгі сапарымыздың басты мақсаты да осы!» – деді облыс әкімі соңынан журналистерге берген сұхбатында.


«Жетісудың» 
арнаулы тілшілері.