Бірлесе жұмыс жүргізеді

Уақыты: 16.05.2017
Оқылды: 1259
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің тыныштығын, тұрақтылығын, бейбітшілігін көздің қарашығындай сақтау әрбір қазақстандықтың басты парызы. Бұл жолда әркім өзіне қатысты саланың жұмысына мұқият болуы тиіс. Ел ішіне іріткі салып, мемлекет іргесін бұзуды қалайтын пасық пиғылдыларды анықтау – заман талабы. Сол себепті, әскерилердің діни сауаттылығын арттырып, теріс діни ағымның жетегінде кетіп қалмауын қадағалау керек. Осынау аса маңызды мәселеге байланысты «Алматы облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен Талдықорған гарнизоны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында өткен ресми жиында облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов пен №18404 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жанат Ермұханов өзара ынтымақтастық туралы меморандумның маңыздылығына қатысты түсініктеме беріп өтті.
– Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша үлкен талаптар қойылып отыр. Оның үстіне «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» бойынша қолға алынған жұмыстардың ауқымдылығын, мақсатын, жауапкершілігін жақсы түсінеміз. Соған орай өткен жылдан бастап біз бірнеше меморандумға қол қойдық, – деген облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов меморандумның маңыздылығы жайлы айтып өтті. – Талдықорған әскери гарнизонының құрамында бірнеше әскери бөлім бар. Солардың басшыларымен бірлесіп әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлер мен әскери қызметкерлердің діни сауаттылығын арттыру, екіншіден, кереғар діни ағымдардың алдын алу мақсатында өзара меморандумға қол қойып, ауқымды жұмысты бастағалы отырмыз. Жетісу жеріндегі әскери бөлімдерде азаматтық борышын өтеп жатқан жас жауынгерлердің адаспауы үшін дұрыс бағыт беру, теріс діни ағымдардың зардабын түсіндіру біздің міндетіміз. Осыған орай әскерилер арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алмақпыз.
Меморандум аясында діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға, әскери ұжымдарда зайырлы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған брифингтер, тренингтер, кездесулер, акциялар, дебаттар, спорттық іс-шаралар және тағы басқа іс-шаралар өткізіліп, ғылыми-методикалық семинарларда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда белгілі дінтанушы ғалымдар мен теологтардың тәжірибелері таныстырылады.

Мәди АЛЖАНБАЙ