Күн тәртібіндегі мәселе

Уақыты: 16.05.2017
Оқылды: 1366
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

АРНА ҚАЙЫРЛАНЫП ҚАЛМАЙДЫ механикаландырылған отряд бұл орайда жемісті жұмыстар атқаруда

Көктем шығып, тіршілік тамырына қан жүгіре бастады. Мұндай қам-қарекет қазір елдің кез келген түкпірінде жүріп жатыр. Себебі, бұл мезгілдің әр күні қымбат. Осыны білетіндер уақытты жіберіп алмай, ұтымды пайдалануға тырысуда. Осы ретте жол түсіп Балқаш ауданына барған едік. Негізгі мақсатымыз – Балқаш көліне құятын Іле өзенінің арнасын тазалау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайту.

Біз «Балқаш мелиоративтік механикаландырылған отряды» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны орналасқан ғимаратқа табан тіредік. Байқағанымыздай, біраз аумақты алып жатқан аталмыш мекеме есігінің алдында техниканың небір түрі самсап тұр. Жұмысшылар «темір тұлпарларды» шұқылап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатты. Айта кетейік, бұл кәсіпорын осыдан он төрт жыл бұрын облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес құрылыпты. Содан бері мекеме қызметкерлері Іле өзенінің арнасын механикалық тазалау бойынша өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, бүгінге дейін халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Негізгі міндет – судың Балқаш көліне дұрыс жетуін қамтамасыз ету мақсатында Іле өзенінің арнасын тазалап, кеңейту, түбін тереңдетіп, Балқаш көлінің экологиялық жағдайын жақсарту. 
Яғни, бұл жұмыстар Іле өзені арнасындағы судың қалыпты ағуына жағдай жасап, өзенге жақын орналасқан елді мекендерді су басу қаупінен сақтандыруға септігін тигізеді. Алғашқы жылдары мекемеге арна тереңдететін екі арнайы техника, «ЭО-2621» экскаваторы,       Б-10-111-1Е бульдозер, катер, шынжыр табанды және тиегіш экскаваторлар мен басқа да техникалар сатып алыныпты. Сол кезден бері облыстың табиғатты қорғау бағдарламалары шеңберінде Іле өзенінің тармақтарын тазалау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыстық бюджет есебінен бөлінген қомақты қаражатқа 5,3 шақырымдық Нарын арнасы тазаланған. Қазіргі кезде Іле өзенінің Мұздыбай, Топар және Нарын тармақтарын механикалық тазалау бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқан көрінеді. Ақпан айында облыстық мәслихат шешіміне сәйкес Іле өзенінің Жиделі-Қоғалы тармағын механикалық тазалауға бастама ретінде 50,150 миллион теңге қаражат қарастырылыпты. Жоба құны 167,6 миллион теңгені құрайды. 
Бұл жердегі жұмыс жайын мекеме басшысы Нұркен Қонысбаев әңгімелеп берді.
– Былтыр Қараой елді мекеніндегі өзен тармақтары тазаланды. Жалпы, Іле өзенінің тармақтарын механикалық тазалау бойынша 2005 жылдан бері он бес жоба іске асырылып, барлығы 710,724 миллион теңге игерілді. Атқарылған іс-шаралардың арқасында 614 шақырым өзен тармақтары тазаланды. Қазір өзендегі балықтардың уылдырық шашатын кезеңі. Бұл үрдіс сәуірдің он бесінен бастап, маусымның біріне дейін жалғасады. Сондықтан, оларды үркітіп алмай, алаңсыз көбеюіне жағдай жасау керек. Сол себепті тазалау жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қазір техникалар тексеріліп, ақауы барлары жөнделіп жатыр. Бізде отызға жуық техника бар. Бәрі жұмыс істеп тұр. Десек те басым бөлігі ескірген. Өзен арналарының кейбір жерлеріне шынжыр табанды экскаватордың жетуі қиын. Осыны ескерер болсақ, бізге суда жүзетін экскаватор керек. Маусым кезінде елу шақты адам еңбекке тартылады. Олардың ішінде Темірбай Сүйіндіков, Қамбар Тилеулиев, Нұрайдар Битанов, Асылхан Дүйсекеев, Әлімбек Қосбаев секілді азаматтар  талай жылдан бері еңбек етіп келеді, – дейді Нұркен Исатайұлы. 
Осындай жұмыстың қиындығына төзіп, істің қыры мен сырын жете меңгерген тәжірибелі азамат Темірбай Сәрсекұлын сөзге тартып, атқаратын жұмысы жайлы сұрап білген едік. Айтуынша, ол мекеме құрылған күннен бастап жұмыс істейді екен. Алғашқы жылдары істің жайынан бейхабар еңбеккер бұл істің біраз қиындық тудырғанын айтады. Өмір бойы ауылшаруашылығы саласымен айналысқан маман үшін алғашқы кезде су бетінде жұмыс істеу өте қорқынышты көрініпті. Соған қарамастан бәріне шыдамдылық танытып, жұмысты үйренуге тырысқан. Сол табандылығының арқасында бұл жұмысқа да қалыптасып, бүгінгі күнге дейін еңбек етуде. Бастапқы жылдары техникалар аз болыпты. Сол себепті жұмыстың басым бөлігі қолмен атқарылған. Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша. Заман талабына сай жабдықталған техникалар өнімді  жұмыс істейді. Тек, дұрыс басқарсаң болғаны дегенді алға тартты білікті маман. Арнайы техника тетігін басқаратын Темірбай аға өзен табанын тазалап, су жолын ашады. Сондай-ақ, ол ауыл жігіттерінен құралған ізбасарларын да тәрбиелеп жатыр. Оларға өзінің бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңес береді. Зейнет жасына жақындаған кейіпкеріміз қазіргі жастардың мұндай жұмысқа төзімсіз келетінін айтты. Көбі қиындыққа шыдамайды. 
Іле өзені Балқаш көліне құятын ірі өзендердің бірі. Өткен жылдың күзінде осы өзендегі су деңгейінің жылдағы шамадан артық болуына байланысты өзенге жақын орналасқан ауылдардың шабындық жерлеріне су жайылып, шаруашылық иелерін тығырыққа тіреген. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов қомақты қаражаттың қарастырылуына қол жеткізіп, нәтижесінде биыл Іле өзенінің аудан тұсындағы тармағының 33,4 шақырымын тазалау үшін облыс бюджетінен жетпіс миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінде бұл қаржы мақсатты игеріліп жатқан көрінеді. Оған мекеме жұмысшыларының көктем шыға Іленің тармағы саналатын Топар өзенінің бойында тазарту жұмыстарын жүргізгені дәлел. Бұған дейін қалың қамыс басып, батпақ пен шөп-шалаңға шыланған өзен суының ағысы баяулап, Балқаш көліне жетпей жайылып, Топар ауылының шабындық және жайылымдық жерлеріне кері әсерін тигізіп, су басу қаупін тудырыпты. 
Мелиоративтік отряд шілде айының соңына дейін Топар өзенінің отыз үш шақырымын қамтымақ. Бүгінге дейін «Земснаряд-20», «Гуанчжоу-230», «Коматцу-220» экскаваторлары мен «Б-10» бульдозері сияқты техникалардың арқасында өзеннің біраз шақырымы тазаланып үлгерген. Аталған жұмыс қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Одан кейін Іле өзенінің басқа да тармақтары тазаланатын болады. Осындай ауқымды іс-шаралардың арқасында Топар ауылдық округі маңындағы мал жайылымдарына жайылған су тартылып, қалыпты жағдайға түскен. Мамандардың айтуынша, Балқаш көлін құтқаруға бағытталған соңғы жылдардағы жұмыстардың нәтижесінде 15 мың шаршы шақырымды құрайтын жайылымдық жер шаруалардың игілігіне қайта қызмет ете бастапты. Сондай-ақ, Балқаш көліне құятын судың көлемі артып, балықтардың көбеюіне оң әсерін тигізген. Оларды аулау деңгейі де бірнеше есеге артып, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбеюіне ықпал еткен.     
Жалпы, биыл Балқаш көліне құятын Іле және Қаратал өзендерінің тармақтарын механикалық тазалау бойынша төрт жоба әзірлеуге облыстық бюджеттен 41,1 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі кезде бір жоба жүзеге асырылып, үшеуі екінші жартыжылдықта орындалады деп күтіліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да ретімен жалғасатын болады.
 

Айгүл Байбосынова