Қалалықтар дән риза

Уақыты: 16.05.2017
Оқылды: 1299
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс орталығындағы «Жерұйық» коммуналдық базарында әр сенбі сайын ұйымдастырылатын жәрмеңке бұл жолы да жоғары деңгейде өтті. Жалғасын тапқан шарапатты шараның дәстүрге сай өтуі базарлы күннің шырайын келтіріп, берекесін тасытты.  

Жәрмеңкеге Ақсу, Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларының ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, өнімдерін нарықтағыдан бірнеше пайызға төмен бағада ұсынды. Сауда сөрелерінде күнделікті тұтынуға қажет әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің небір түрі самсап тұрды. Бақша дақылдары мен дәруменге бай жеміс-жидек, көкөністер де аз болған жоқ. Бал мен балықтың да әртүрі саудаланып, көпшілікті риза етті. Әсіресе, ет-май, сүт, нан сияқты күнделікті тұрмыста пайдаланылатын тауарлар сұранысқа ие болды. Қалалықтар көбіне бағасы төмен әрі табиғи таза өнімдерге ерекше қызығушылық танытып, таңдағандарын алып жатты. Сатушылар да жоғары көңіл-күйде сауда жасап, бар ынта-ықыластарымен сапалы қызмет көрсетті. 
«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де өздерінің өндірген өнімдерін көпшілікке ұсынды. Солардың бірі – Нұргүл Ақашқызы. Аталмыш бағдарламаның шапағатын көріп, кәсібін бастаған ол жәрмеңкеге сүт, қымыз, шұбат әкеліпті. Нан мен тәтті тоқаш, жеміс-жидек, көкөніс саудалағандар да табылды. Айта кетейік, оларға коммуналдық базардан орын тегін беріледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Жанар Мұхамеджанованың айтуынша, 2011 – 2016 жылдар аралығында аталмыш бағдарлама шеңберінде төрт мыңға жуық адамға шағын несие берілген. Оның 84,5 пайызы ауылшаруашылығына, 15,5 пайызы өндіріс және қызмет көрсету саласына бағытталыпты. 
Осылайша артынып-тартынған қалалықтар түске дейін толастамай, керек-жарағын сенбілік базар арқылы түгендеп алып жатты. Жәрмеңкеге он тонна өнім әкелініп, барлығы бес миллион теңгенің саудасы жасалды.  Өз кезегінде тұрғындар мұндай шараның екі жаққа да тиімді екенін айтып,  игілікті істі ұйымдастырған азаматтарға алғыстарын білдірді.

Айгүл Байбосынова