ӨҢІРЛІК КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 18.05.2017
Оқылды: 1697
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында сөз болған  «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жайын қараған өңірлік комиссияның отырысы болды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен жиында туған жерге деген сүйіспеншілік пен кіндік қаны тамған өңірге деген ізгі ниеттен туындайтын жұмыстардың жүзеге асуы тілге тиек етілді. 

Амандық Ғаббасұлы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жалпыұлттық патриотизмді дәріптейтін «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырып, соған сай қызмет ету  керектігін тілге тиек етті. Бұл орайда өзге өңірлерге көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керектігі қадап айтылды.   
Ең алдымен бағдарлама барысын бақылайтын, құрамы 60 адамнан тұратын өңірлік комиссия құрылған болатын. Комиссия құрамына облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Тойбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева, Олимпиада чемпионы, Алматы облысының Құрметті азаматы Жақсылық Үшкемпіров, «Қарлығаш «Фитнес орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елдос Баялышбаев,  қоғамдық пікірдің көшбасшылары, саяси партиялар филиалдарының басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары Бейсен Құранбек, Ахмет Кендірбекұлы, Атсалим Идигов кірді. 
Комиссия төрағасы өңір басшысы Амандық Баталовтың өзі болса, орынбасарлары болып облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен облыс әкімі аппаратының басшысы Батыржан Байжұманов белгіленген. Жиынның алғашқы сөзін алған Жақсылық Мұқашұлы бағдарламаның маңызы жайында жүйелі әңгіме қозғады.  
Комиссия бірнеше топқа бөлініп,      6 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Алғашқы бағыт қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшуінен басталады. Бұл бағытқа жауапты облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев пен І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры  Мұратбек Иманғазинов. Ал екінші бағыт  – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова және облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін жауапты болып белгіленген. Комиссия жұмысының үшінші бағыты  «Туған жер» жобасы кең ауқымды. Бұл жайында жиында сөз тізгіні тиген  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Қуат Баймырзаев тарқатып өтті. Ол өз сөзінде ең алдымен әр азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігі зор болуы керектігін айтып өтті. Туған жер тақырыбын тереңнен толғап, туған жерге көмек көрсеткісі келетін кәсіпкерлерді қолдап тұрудың қажеттілігін де айтты.  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев та осы топта. 
Комиссия жұмысының төртінші бағыты «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы. Бұл топтың құрамында облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шантаев және Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Рысжан Аязбаева жұмыс істейді. 
Жиын барысында рухани азық беретін мақалада айтылған мәселелердің іске асуына  «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының да үлесі көптігі сөз болды. Мінберге көтерілген Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының директоры Ғалия Темербаева жоба жоспарымен толық таныстырып өтті.  Сондай-ақ бұл топта облыстық мәдениет және архив, құжаттамалар басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев те бар.  
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының да туған жер тарихын түгендейтіні тілге тиек етілді. Өңіріміздегі мәлім де беймәлім тұлғаларды түгендеп, жаңа есімдерді қоғаммен таныстыруды мақсат еткен топтың құрамында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы және «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек бар. Бейсен Абайұлы өз сөзін журналистік жолда көрсетіліп келе жатқан жанашырлықтан бастап, телеарна мен газеттерде туған жер тақырыбының кеңінен тарқатылып жатқандығына тоқталды. 
Сөз соңында облыс әкімі «Туған жер» бағдарламасын үлкен жауапкершілікпен жүзеге асыру керектігін ескертті. Себебі бағдарлама халықтың патриоттық рухын қалыптастыруда зор күшке ие. Сондай-ақ туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттырып, өңірімізді дамытуда да маңызды рөл атқарады. Облыс әкімі өңірлік комиссияның және оның жұмыс топтарының мүшелеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге, тиісті басқармалар мен департаменттердің басшыларына бұл орайда үлкен міндет жүктеді. 
Кеңейтілген отырыс тоқсан сайын бір рет өткізіліп,  атқарылатын жұмыстар  жайы талқыланбақ.

Құралбек СӘБИТОВ