Сауд арабиясындағы саммит терроризмге тосқауыл қояды

Уақыты: 23.05.2017
Оқылды: 1232
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Араб түбегінде Нәзір Төреқұловтай Алаш қайраткерінің ізі жатыр. Француз, неміс, татар, өзбек және түрік тілдерін жетік меңгерген қазақтың тұңғыш дипломаты Сауд Арабиясында табаны күректей төрт жыл елшілік қызметте жүрді. Әлем елдерімен аудармасыз араласуға ұмтылған дарынды қайраткер аз күнде араб тілін де үйреніп, бірнеше мәрте қажылық парызын өткереді. Бұдан кейін қазақ-араб қарым-қатынасы отаршылдық одағынан өз алдына отау тігіп бөлініп, егемендік алған тұста ғана қайта жанданды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жексенбіде Сауд Арабиясына кезекті рет аттанып, Эр-Рияд қаласында өткен «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысты. Бұл – Мемлекет басшысының тәуелсіздік алғаннан бергі төртінші сапары.

Саммит кезек-кезек өрекпіп сөз сөйлеп, саясат сахнасында көзге түсіп қайтумен шектелетін нәтижесіз жиын емес. Келелі басқосу күннен-күнге әлемге қауіп төндіріп отырған экстремизмнің алдын алуға арналды. Жаһандық қауіпсіздікке жұмыр жер жұмыла жұмыс жүргізгенде ғана сызат түспейді. Ол үшін мемлекеттер арасындағы мәдени һәм саяси байланысқа мән беру қажет. Эр-Риядтағы тарихи жиынның негізгі мақсаты осы бағытта шоғырланды. Жиынға әлемнің елуден астам Мемлекет басшылары келді. Құрметті қонақтарды Король Салман бен Әбдел-Әзиз әл Сауд қарсы алды.
Бүгінгі таңда әлем назары АҚШ пен Ислам мемлекеттері арасындағы рухани алшақтыққа ауып отыр. Ел арасында АҚШ-тың Иракта жүргізген әскери іс-әрекеттерін сынаушылар аз кездеспейді. Сонымен бірге, ізгіліктің діні саналатын мұсылманшылықты қару ұстаған терроршылармен тең көретіндер бар. Ал мұхиттың арғы бетіндегі қос мұнараны құлатқан экстремистер туралы әңгіме өз алдына орны толмас қайғы. Осындай түсініспеушіліктердің салдарынан әлемде қантөгіс тоқтамай тұр. Діни текетірес пен терроризмнің түйіні шешілмей тұрған тұста ресми Эр-Рияд билігі «АҚШ – Ислам әлемі» саммитін дер кезінде ұйымдастыруымен ұтты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саммит барысында АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі нығайту тақырыбында әңгіме өрбітті. Президент саммит аясында басқа да ел басшыларымен, делегация жетекшілерімен кездесіп, Қазақстанмен қарым-қатынасты жаңа қырынан жандандыратын келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда,       Кувейт, Катар мемлекеттерінің Әмірлерімен, Бахрейннің Королімен, Әбу-Дабидің тақ мұрагерімен, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы Күштері Жоғары Бас қолбасшысының орынбасарымен, Иемен және Мавритания Президенттерімен, Пәкістанның Премьер-Министрімен жүздесіп, әртараптанған ынтымақтастықты күшейту тақырыбында ой бөлісті.
Маңызды кездесулер мұнымен толастаған жоқ. Елбасы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмед әл Усайминмен өзара іс-қимыл туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен арадағы әңгіме халықаралық мәселелерге арналды. Тарқатып айтсақ, Қазақстан мен АҚШ арасындағы әлі де дамытуды қажет ететін бағыттар бойынша келіссөздер орнатылды. Атап өтейік, Қазақстанның Сауд Арабиясымен қарым-қатынасы ХХ ғасырдың соңынан басталды. 1995 жылы Жидда қаласында Қазақстанның Елшілігі ашылды.
Нәзір Төреқұлов – алты Алаштың мақтанышы. Ел басына күн туған сындарлы шақта елшілік қызметте жүрген қазақты арабиялықтар бауырымыз деп атапты. Төрт жылда Алаш арысы Кеңес одағы мен Сауд Арабиясының арасына достықтан алтын көпір орнатып кетіпті. Алайда қайраткер 1937 жылы қызыл империяның кіндік қаласында жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесіледі. Нәзір Төреқұловтан кейін 1994 жылы ең алғаш Сауд Арабиясына ресми сапармен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аяғы тиді. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас білім, мәдениет, сауда саласында жанданып келеді. Мұның жарқын көрінісі ретінде бір ғана мысалды айтсақ та жеткілікті. Ол – 2004 жылы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына жасаған екінші ресми сапары аясында тақ мұрагері Абдалла бен Әбдел-Әзиз Әл Саудты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттауы. Өз кезегінде тақ мұрагері Қазақстан басшысының кеудесіне Корольдіктің ең жоғары марапаты – «Ұлы Бадр» орденін тағып, діндес бауырлар арасында достықты одан әрі нығайтып еді.

Жиын соңында Сауд Арабиясының билік өкілдері халықаралық саммиттің өз астаналарында ұйымдастырылуын ең жоғары мәртебе санайтындықтарын айтты. Саммит арқылы ресми Эр-Рияд әлемдегі ізгілікті жақтайтын бірден-бір ел Сауд Арабиясы екенін паш етті. Басқосуда жүргізілген келісімдер Ислам әлемінде қантөгіске жол берілмейтінін, діни агрессия, экстремизм мен террорлық әрекеттер тек теріс ағымдағы адамдардың қолымен жасалып отырғанын тағы бір мәрте көрсетті.

Қуаныш ТҰНҒАТАР