39 кітаптың тұсауы кесілді

Уақыты: 25.05.2017
Оқылды: 1733
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қабырғалы қазақ елінің қасиетті сөз өнерін ұстанған ақын-жазушылар жетерлік. Соның бір шоғыры жер жаннаты аталған Жетісу топырағында жаралып, асқарынан түлеп ұшқан тектілер еді. Арғысы би-шешендер, бергісі арыстар болып жалғасатын асылдардың жолын жалғаған бүгінгілер де Алаш әдебиетінің алтын қамбасына жақұт жазбаларын қосуда. Оған дәлел  облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қолдауымен шыққан 39 кітап. Қазақ руханияты үшін елеулі оқиғаға орай Тіл сарайында аталмыш жинақтардың тұсаукесер рәсімі өтті.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өңір басшысының қолдауымен жарық көрген кітаптардың «Жыр тұнған мекенім – Жетісуым» атты тұсаукесер кешін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар салтанатты түрде ашып, жүргізіп отырды. 
– Құрметті зиялы қауым! Өңірімізде ақын-жазушылардың жинағын шығару дәстүрге айналған. Бұл – тарихымызды түгендеу, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамыту мақсатында әрі жергілікті қаламгерлердің шығармашылығына қолдау білдіріп, өткеніміз бен бүгінімізді жалғайтын, ұлт пен ұрпақ үшін ең керекті игі іс деп білеміз, – деген орынбасары өңір әкімінің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.
Кеш барысында жарық көрген «Сезім сыры» кітабының авторы Хасен Көптілеуов сөз алып, жетісулық қаламгерлер мен өңір басшыларына ақ батасын арнап, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевпен бірге аталмыш кітаптардың лентасын қиды. Сонымен қатар, өз кезегінде ізгі ниетін білдірген «Жеңіс – Победа» кітабының авторы Виктор Никитин мен «Картиналар топтамасы» фотоальбомының авторы Марат Нисупов ақжарма тілектерін жеткізді. Ал, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін бұл қуанышты тереңнен толғап, кеңінен атап өтті.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өмірден өтерінде қасындағы бір топ сахабалары келіп: «Сіздің жолыңызды кімдер жалғастырады?» деп сұраған көрінеді. Сонда Алла елшісі: «Менен кейін пайғамбар келмейді, алайда ізгі жолымды шайырлар жалғастырады», – деген екен. Сол айтылғандай, ақиқаттан танбаған, ақ жолдан айнымаған бір топ ақын отыр осы арада. Пайғамбардың сенімін арқалаған оларды құрметтеп, қолдап жатқан басшыларды қадірлей білген жөн, – дей келе «Айқабақ» кітабының авторы Әміре Әрін облыс басшысына деген қаламгер қауымның ризашылығын жеткізді.
Ақиқатында 39 кітаптың бір мезгілде жарық көруі жетісулықтар үшін ғана емес, күллі Алаш үшін елеулі оқиға, жайдарлы күн десек асыра айтқандық болмас. 2006 жылдан бастау алған бұл игі дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Осы уақыт аралығында жергілікті ақын-жазушылардың жинағын шығаруға жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген екен. Бұл да болса сүлейін саралап, ділмарын даралай білген ел басшыларының жомарттығы мен руханият үшін жасаған қамқорлығы.
– Бүгінгі таңда жер-жерде түрлі кітаптардың жарық көріп жатқаны белгілі. Алайда, бір мекеменің қаржысына бір мезгілде суретші, ақын-жазушы, медицина сынды сан түрлі сала ғалымдарының кітабы шыққан емес десек қателеспеспіз. Осының өзі үлкен қуаныш, – деді «Сүлікқара» кітабының авторы әрі «Жетісуға құйылған жылғалар» атты жергілікті жазушылар антологиясын құрастырушысы Есболат Айдабосын. Өз кезегінде сөз алған «Тау мен өзен баяны» атты жетісулық жас ақындар антологиясының құрастырушысы Ерлан Жүніс те кітаптардың жарыққа шығуына мұрындық болған облыс басшылығына деген алғысын жеткізді. 
Кеш барысында бірқатар қаламгерлер мен кітап авторлары сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарса, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өзінің ақындық қырын көрсетіп, туған жерге арнаған жырымен рухани шараның нүктесін қойды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ