Шапағат шарапаты

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 1808
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қыркүйек айы жақындағанда балалардың мектепке дайындығы басталады. Олардың киім-кешек, оқу құрал-жабдықтары ата-анаға біраз салмақ түсіретіні анық. Әсіресе, көпбалалы, жартылай қамтылған отбасы бүлдіршіндерін оқу ордасына толық даярлай алмасы анық. Осыған орай  елімізде «Мектепке жол» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 

Талдықорғанда «Жетісу шапағаты» қайырымдылық қоры «Мектепке жол» акциясын өткізіп, 43 баланы мектеп формасымен, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етті. Өткізілген шараның басты мақсаты аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына әзірлеу. Аталмыш шара көптеген жеткіншекке шапағат нұрын себуде. Жиынға келген балалардың шаттыққа толы көңіл-күйін көрсеңіз. Алған сыйлықтарын біріне-бірі көрсетіп, мектепке дайынбыз дегендей дән риза. Ата-аналарының қуанышында да шек жоқ. Жиын соңында әр ата-ана ұйымдастырушыларға алғысын жаудырып, жылы лебіздерін білдірді.
Бұл аталмыш қайырымдылық қорының жыл сайын өткізетін игілікті іс-шарасы. Иә, «қуанса, бала қуансын», деп оқушыларға қолынан келген көмегін аямайтын жандардың, қайырымдылық қорының бары бізді қуантады. 
Тағы айта кететін жайт, Текеліде балалар үшін барын берген «Жетісу шапағаты» қайырымдылық қорының бөлімшесі ашылды.  Олар ашылған күннен-ақ 12 баланы спорттық киіммен қамтамасыз етіп, оқуға керекті құрал-жабдықтарын алып берді. 
Өз тілшіміз.